Павлодар өңіріндегі Шарбақты құс фабрикасы алдағы уақытта кәсіпорын жұмыртқамен қатар, құс етін де өндіретін болады. Мұндағы тауықтар нидерландық технология бойынша жаңа қасапханада сойылады. Төмен бағалы өнім қалалықтар қалтасына салмақ түсірмейтін болады. Өнімнің алғашқы легі облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік дүкендерге жетіп үлгерді.
Бүгінге дейін құс фабрикасы тәулігіне 170 мыңға дейін жұмыртқа өндіріп келді. Сапалы өнімнің құны да арзан. Алдағы уақытта тауық етін де тұтынушыға тиімді бағамен саудаламақ.
– Бұл жаңа цехтың арқасында жүзеге асуда. Голландиядан алынған заманауи жабдық шығынсыз құс етін өндіруге мүмкіндік берді. Қасапханада сағатына 500 тауыққа дейін сойылатын болады, – дейді кәсіпорын директоры Аслан Найманбаев. Еттің бағасы да төмен. Аудандық әкімдікпен келісілген шартқа сәйкес, бірінші категориялы еттің босату құны 250 теңгеден болса, екінші сұрыптысы 220 теңгеден. Бөліп айтары, соңғы жылдары шарбақтылық фабрика қарқын алып дамуда. Мұндағы қанаттының саны 300 мыңға дейін өсті. Алдағы уақытта мекиен тауықты 400 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде бұл аймақтағы құс шаруашылығының кең етек жаюына септігін тигізбек. Аудан әкімі С.Смағұловтың айтуынша, дайын өнім өндіру ісі осыменен шектелмек емес. Жыл соңына дейін бірқатар жаңа нысан қолданысқа берілмек. Мәселен, «Победа» ЖШС-і май шығару шаруасын қолға алса, Сосновкада тары өңдеу цехы іске қосылмақ. Ал жол жөндеу мәселесін шешуде шарбақтылықтар асфальтты зауытқа сенім артып отыр.