Халықаралық сарапшылардың болжамынша, «2020 жылға қарай жаппай ке орындарын іздестіру, барлау және игеру жұмыстарында наноматериалдарды пайдалану ісі артатындықтан бұл салаларға салынатын инвестиция көлемі 40 пайызға кеми түспек». Мамандар бұған қатысты «алдағы 10-15 жыл аралығында адамзаттың іс-қимылына, қоршаған ортаға түбегейлі өзгерістер әкелетін ғылым жаңалықтары күнделікті тұрмысқа енетіндіктен, жағдайдың осылай қалыптасуы – заңдылық» деп отыр.
Абзалында, бір ғана наноматериалды пайдалану арқылы өндірісте біршама істі тындыруға болатыны басында қайсыбір қауымға ертегі тәрізді болып көрінгені жасырын емес. Артынша, нанотехнологияға қатысты негізді ғылыми жаңалықтардың өмірге енуі мемлекетаралық саяси қарым-қатынасқа, әлемдік сауда айналымына, өндірістің дамуына үлкен әсерін тигізетінін біз мойындап үлгердік. Қазірде мемлекетімізде тиісті орындар тарапынан нақ осы нанотехнологиялық жаңалықтарды қолдап-қолпаштау жағы кенде емес. Мамандардың дені «нанотехнологияны қоғам жатырқамай сіңіре білу үшін алдымен оның насихатын арттыратын сауатты менеджерлер дайындау қажет» дейді.
Лев Кожитов, Ресейлік ғалым, профессор:
- Болашақтағы өзгерістерді, оның бұлжымас заңдылықтарын өзгелерден бұрын сезінетін ғылым әлеміндегі көшбастаушылар – Америка, Батыс Еуропа ғана емес, бүгінде дамыған немесе даму жолындағы Азия, Африка мемлекеттерінің көпшілігі ғылымға бетбұрыс жасап, ішкі мүмкіншіліктеріне және қажеттіліктеріне сәйкес келетін бағдарламалар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Мәселен, наноматериалдарды өндірісте пайдалану келешекте мықтап орын алатындықтан бұл саланың насихатын арттыратын инновациялық менеджерлер легін сауатты даярлау керек. Ол менеджерлер «қай өндіріске қандай нанотехнология қажет, қайсысын пайдаланған тиімді, оның қайсысы өтімді» деген сауалдарға сауатты жауап бере алатын болуы керек. Өндіріс пен ғылымның арасын осылайша зерттеулер арқылы жалғап отыратын менеджерлер легін даярлау көп нәрсеге жол ашпақ.
Сөйтіп, «менеджерлер легін жасақтап алуды жөн санайтын мамандар наноматериалдарды өндіріске енгізуде бірінші қадам осы» деседі.
Негізінде, бір ғана наноматериалдың бірнеше қыры барын тереңнен қозғайтын мамандар болашақта машина жасау, электроника, байланыс жүйелерінде наноматериалдарды пайдалану айрықша табыстар әкелетінін алға тартуда. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Нобель сыйлығын графен атты бұрын жаратылыста кездеспеген затты зертханада алу тәсілін ойлап тапқан ағылшындық физик ғалымдар иеленгені белгілі. Бұл жайында отандық ғалымдарымыз «графен – мөлдір, екі өлшемді, жазық, қалыңдығы бір атоммен өлшенетін наноматериал. Айрықша қасиеті: аса жеңіл. Оның беріктігі болат құймаларынан 200 есе жоғары. Ал электр тогын өткізу мүмкіншіліктері шексіз дерлік, жасанды графиттің бір түрі. Болашақта бұл наноматериалды өндірісте пайдалану барысында табиғатта кездеспеген жаңа қасиеттері ашылуы мүмкін» деседі.
Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
- Күтіліп отырғандай, осы графен 2020 жылға қарай жаппай өндірісте қолданыла бастайды. Бүгінгі таңдағымен салыстыруға келмейтін қасиеттері арқылы графен ең бірінші кезекте жоғары технология салалары – ғарыш, әуе кемелері, машина жасау, электроника, байланыс жүйелерінен темір атаулыны түгелдей ығыстырып шығарады. Осыдан барып болат құймаларын, алюминий, мыс, түсті металдар шығаратын комбинаттар, оларды шикізатпен қамтамасыз етіп отырған кен орындары жұмыстарын доғарады. Бір ғана графеннің пайда болуы – жерасты қазба байлықтарын жартылай немесе түгелдей арзан шикізат ретінде сатуға негізделген елдер үшін, соның ішінде біздің мемлекетіміз үшін үлкен қоңырау. Осыған қатысты алдағы уақытта тау-кен, металл өндіру салаларында жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын ерекше електен өткізу қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте біз келешекте экономикасы тұрақты, бәсекелестік қабілеті жоғары, өндірісі қуатты мемлекетке айналдыратын ғылыми жобаларды жетілдіруге айрықша мән беруіміз қажет.
Ғылымның қарыштап дамуы, соның ішінде нанотехнологияның өркендеуі өндіріске өң беретінін қазірде біршама елдер дәлелдеп үлгерді. Тау-кен саласы мейлі басқа да өндіріс саласы болсын, тіптен медицина саласында наноматериалдардың алатын орны айрықша. Әсіресе медицина саласында наноматериалдарды қолдану саланың әлеуетін жоғарылата бермек.