Мыс бағасы маусым сайын қымбаттауда...
Түсті металдар нарығында мыстың алар орны ерекше екені белгілі. Қара темірдің өзі қымбаттап жатқан шақта қызыл металл тіпті өзінің шарықтау шегіне жетті десе де болады. Бұрын-соңды тарихта болмаған бағаға тұрақтады. Бұл тіпті соңғы тұрақтылық та емес. Мыстың бағасы әлемдік рынокта бұдан да жоғары шекке жетуі мүмкін. Былтыр мыс тапшылығы 560-570 мың тоннаға дейін жетті дейді Forex Club-тың сарапшылары.
Ал, бағасы Қытайда - 8,5 пайыз, Жапонияда -1,4 пайыз, Германияда – 2,6 пайыз, АҚШ – та 3 пайызға дейін жоғарылаған. Бір фунтының өзі өткен жылғымен салыстырғанда 11,5 пайызға көтерілген. Өткен жылдың қаңтар-қазан айларының аралығында 404 мың тоннаға тапшылық болған. Қызыл металл дағдарыс уақытында да беделін жоғарылатып, жаңа тарихи бағаға көтерілді. Фунты 4,6370 доллар болды. Түсті металдардың бағасының өсуі биыл да тоқтамайды деп отыр мамандар. Әлемдік рынокта баға бағамының түспеуі инвестициялық салым ретінде де бағалануда. Осы бағалы металды өндіруден еліміздің аты тіптен шарықтап тұр. «Қазақмыс» әлемде мыс өндіруші компаниялардың алғашқы ондығына еніп отыр. Компания 2005-ші жылдан бері Лондондағы қор биржасына өз акцияларымен қосылған мыс компаниясы. Бұрынғы кеңес одағы елдерінің ішіндегі алғашқы компаниялардың бірі болып есептеледі. Осы уақыт ішінде компания акциясының жалпы құны 10 миллиард долларға жеткен. Бүгінде «Қазақмыс» компаниясы жылына 400 мың тоннадай мыс өндіреді. Компания өндіретін осыншама көлемдегі мыстың тек бір проценті ғана Қазақстанның ішкі нарығына арналып, қалған 99 пайыз өнім шетелге жөнелтіледі. Әсіресе соның ішінде ең көбі Қытайға сатылады. Елімізде компанияның мысын Жезқазғандағы мыс жіптерін жасау зауыты алып, өңдеп, оны Павлодардағы трансформатор зауытына өткізеді. Бұдан басқа елімізде мыс алып оны кәдеге жарататындай ешқандай зауыт та, өндіріс орны да жоқ. Жуырда ғана Лондон биржасында бір тонна таза мыстың бағасы 6 930 АҚШ долларын құрады. Бұл қатып қалған баға емес, жыл сайын емес, күн сайын мың құбылып тұрады. Мыс өндіру әлемде 0,8 пайызға өсті. Өндіруге тиым салынғанына қарамастан әлемде мыс өндіру 3,8 өскен. Қандай дағдарысыңа да қарамастан мысты пайдалану жоғары деңгейде қала береді. Сондай-ақ, өндіру мен қайта өңдеу саласында да ілгерілеу бар. Әлемдегі мыс тұтыну жағынан бірінші орында Қытай тұр. «Қазақмыс» қытайдың «Цзиньюй» компаниясымен Ақтоғай-Айдарлы мыс кен орнын бірлесіп пайдалану жөнінде келісімге келді. Соколов-Сарыбай кен-өндіріс бірлестігі Қытайға жылына 6 миллион тонна темір кен өнімдерін жеткізіп беріп отыр. Бұл жер байлықтарын қопара отырып өндіріліп жатқан өнім. Ал, қолдағы яғни, бұрын тұрмыста пайдалануда болған тұрмыстық техникалардан бұзылып алынған мысты металл қабылдау орындары былтыр келісіне 1 200 теңгеден сатып алған болатын. Одан кейін бір келіс 800-900 теңгеге түсті. Араға аз уақыт салып барып тағы да 1 500 теңгеге дейін көтерілген кезі де бар. Мыстың бағасы маусым сайын қырдың қызыл түлкісіндей мың құбылып тұр. Бүгінде әр қалада бар осындай металл қабылдау бөлімдері жинап-тергендерінің бәрін Қытайға асырып отыр. Осыдан оншақты жыл бұрын бір келісі 50 теңгеге бағаланған бағалы металл бүгінде шарықтау шегіне жетті. Енді аз ғана уақыттан кейін тіпті ескі, пайдалануда болған мыс атаулы қалмауы да мүмкін. Одан бері де мыс кен орындарын барлау жұмыстарында да шабандылық бар. Еліміздегі қазба байлықтарға геологиялық барлау жұмыстарына жыл сайын 40 миллиард теңге бөлінуі тиіс. Бұл туралы Индустрия және жаңа технолгиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі комитетінің төрағасы Болат Ужкенов мәлімдеген болатын. Бұл қаржы жер қойнауын пайдаланушылардан түскен салықтың 5 пайыздайы ғана. 2000-2009 жылдар аралығында жер қойнауын пайдаланушылардан түскен салық көлемі 7,8 триллион теңгені құраған. Яғни, жыл сайын 780 миллиард теңге түседі деген сөз. Бірақ барлау жұмыстары ойдағыдай емес. Егер тау, қойнау, қолаттарды әлі де зерттей түссе небір пайдалы қазбалардың көзі ашылары сөзсіз. Бүгінде астын аршып алынып жатқан қазба көздері де бір кездері сарқылары белгілі. Сонда жаңа пайдалы қазба көздерінің қажет болары айдан анық. Ол үшін бүгіннен бастап-ақ геологиялық барлау жұмыстары басталуы тиіс…