Ежелден майлы қиян Маңғыстаудың бір пұшпағы – Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес және бірлескен кәсіпорындары қызметкерлерінің спорт сайысы басталды. Дәлірек айтқанда, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы 19-23 тамыз аралығында өз еңбек ұжымдары арасында ІІ спартакиадасын өткізіп жатыр. Мұндай алғашқы спорт жарысы 2012 жылдың мамыр айында Астана қаласында өткен болатын. Сол жарыста бас жүлдені қанжығалап қайтқан «Өзенмұнайгаз» АҚ биыл бұл жарысты өздерінде өткізу құқығына ие болған еді.
Спартакиаданың ашылу салтанатында 3 мың орынды Әмин Тұяқов атындағы стадионда ине шаншар орын болмады. Спорт сайысының салтанатты ашылу рәсімінде көркем сахналық қойылым көрсетіліп, жезтаңдай әнші Тамара Асар әннен шашу шашты. Еліміздің Әнұраны ойналып, спартакида алауы жағылды.
Осы жерде айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы «қара алтын» өндірушілерден тек нәтижелі жұмыс қана талап етпейді, олардың жайлы демалуына, салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына барынша демеу болуда. Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыз атап көрсеткен бұқаралық спортты дамытып жатыр. Бұл сөзімізді спартакиада қатысушыларына арналған құттықтау сөзінде «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов те нақтылай түсті.
Біз мұнайшылардың спортпен шұғылдануына қажетті инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Компанияның барлық еншілес компаниялары мен бірлескен кәсіпорындарында мұнайшыларға жұмыстан бос уақытта спортпен айналысуға барынша жағдай жасалған. «ҚазМұнайГаз» БӨ» компаниясы спорт сайысын өткізуді жақсы дәстүрге айналдырды. Мұндай шаралар әр облыста еңбек етіп жатқан біздің сан мыңдаған ұжым өкілдерін бір алаңда бас қосып, күш сынасуына мүмкіндік береді. Мен осы спартакиадаға үміттерін үкілеп келген құрама командаларға сәттілік тілеймін! Жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер! – деді А.Нұрсейітов.
Мұнан соң, құттықтау сөз КСРО спорт шебері, жеңіл атлетикадан Еуропа кубогының иегері Тұяқов Әмин ағаға берілді. – Құрметті менің жерлестерім, спорт жанкүйерлері. Спорт дейтін – үлкен бір қызық нәрсе. Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда, бір марапаттау рәсімінде Елбасы «еліміздің Туы тек қана мен шетелге шыққанда көтеріледі және спортшылар үлкен жарыстарда жеңіске жеткен уақытта желбірейді», – деді. Міне, спорттың мәні неде? Спорт арқылы біз дүниежүзіне белгілі болдық. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Лондонда өткен Олимпиадада қазақ спортшылары жеті алтын медальға ие болды. Мұндай жағдай ел тарихында болған емес. Осы жеңісті қазақ спортшылары келешекте де қайталайды деп ойлаймын. Енді осы менің атымдағы стадионда сіздердің, мұнайшылардың балалары жаттығу жасап, еліміздің намысын қорғайды, келешекте халықаралық жарыстарға жететін жастар болады деген де үмітім зор. Бүгін, міне, мұнайшылардың үлкен спартакиадасы өтіп жатыр. Әрбір облыстардан таңдамалы спортшылар келіп жатыр. Мен осыларды көргеніме қуаныштымын. Жарыста жеңіске жете беріңіздер! Үлкен жарыстарда жолығайық! Осындай құттықтау тілектерін Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымов пен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басшысы Мақсат Ибағаров та білдіріп, мұнайшылар спартакиадасы салтанатты түрде ашылды.
Аумағы атшаптырым алаңнан еңбекке қандай төзімді болса, жеңіске де сондай құштар командалар сән салтанаты жарасып жүріп өтті. Мұнайшы мамандығын адал атқарып, әрі спортпен белсенді түрде шұғылданатын жұмысшылар еліміздің мұнайлы өңірлерінен спорт сайысына көптеп келді. Атап айтқанда, Астана, Атырау, Қызылорда,Орал және Маңғыстау облысынан қатысатын 400-ден астам мұнайшы жеті топты құрады. Олар «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру»еншілес кәсіпорындары (Жаңаөзен), «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, Орталық аппарат («Инженерлік орталық» филиалы, «Орал Ойл Газ», «Солтүстік Карповский», «ҚМГӨ» Барлау активтері») құрама командалары. Топтар бес күн бойы шағын футбол, волейбол, жүзу, баскетбол, арқан тарту, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетикалық эстафета, қазақша күрес және үстел теннисінен сайысқа түседі.
Біз жарыстың алғашқы күнгі эстафета сайсына куә болдық. Бұл сайыста бірінші орынды «өзенмұнайгаздықтар» жеңіп алса, екінші, үшінші орындарды «Қаражанбасмұнай» АҚ мен «ҚМГ» БӨ» АҚ еншілес және тәуелді мекемелердің құрама (Жаңаөзен) командалары өзара бөлісті. Мұнайшы спортшыларды даңқты жерлесіміз, желаяқ Әмин Тұяқов марапаттады. Жарыс жалғасып жатыр.
Мұнайшылар спартакиадасы Маңғыстауда
Последние статьи автора