Мұнайлы ауданының болашағы жарқын

Мұнайлы ауданының болашағы жарқын

Маңғыстаудағы Мұнайлы ауданы – еліміздегі ең жас әкімшілік-аумақтық бірліктердің бірі. Мемлекет басшысының арнайы жар­лы­ғына сәйкес құрылған аудан алты жылдық межені биыл ғана атап өтті. Маң­ғыс­тау­лықтар Мұнайлыны сырт­тай «оралмандар ауданы» деп атайды. Себебі аудан тұрғындары толық дерлік шет мемлекеттерден ата-баба жеріне қайта оралған қандастарымыздан тұрады. Еліміз бойынша баламасы жоқ, құрылу тарихы да, тұрғындарының тыныс-тіршілігі де ерекше аудан­ның бүгінгі ахуалы тура­лы аудан басшысы Елу­бай Әбіловтен сұраған едік.

– Елубай Жақайұлы, ауданның құрыл­ға­нына бар болғаны алты жыл ғана бол­ды. Әрине, аз уақыт. Дегенмен Мұнайлы қазір басқасын айтпағанда, тұрғындар санының өзінен еліміздегі ең ірі аудан­да­рының біріне айналды. Бұл оралман ағайын­дардың аудан­ға деген ерекше қы­зы­ғушылығының белгісі ме әлде бұл жердің жұртты өзіне тартатын басқадай бір себебі бар ма?
–Ең бірінші, біздің ауданның әрбір тұр­ғы­ны өздерін «Президент арнайы құрған ауданның тұрғынымыз» деп мақтанышпен атайтынын атап өтейін. Еңкейген қарттан бастап, мектептегі балаға дейін әңгімесін осыдан бастайды. 2007 жылы ауданның Елбасының арнайы жарлығымен құрылуы, 2008 жылы Елбасының арнайы ауданға ат басын тіреп, ауданның тыныс-тіршілігімен танысуы, оған мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық – біздің бәріміздің күн сайын айтып отыратын мақтанышымыз. Ал аудан халқына келсек, расында да, тұрғындар саны бүгінгі күні 120 мыңнан асты. Тек бір жылда біз 8-10 мың адамға көбейдік. Аудан халқының дені оралман ағайындар екені бесенеден белгілі. Сондықтан оралман­дар­дың кейінгі легі жақын-жуық ағайындарына иық тіреп, бізде тұрақтауға тырысатыны жасы­рын емес. Бізде туу деңгейі жоғары екені де рас. Тек осы 11 айдың ішінде 3497-ден аса сәби дүниеге келген. Дегенмен бұл жерде басты мәселе басқада сияқты. Біздің аудан географиялық жағынан алғанда, өте қолайлы орналасқан. Ақтау қаласы ауданның іргесінде тұр, облыстың басты теміржол бекеті – Маң­ғыстау стансысы да біздің аумақ­та орналасқан. Сон­дықтан біздің ауданда тұрақтау эконо­микалық жағынан тиімді, яғни Ақтау қала­сын­дағы өнеркәсіп орындарында немесе темір­жол саласында жұмыс табу мүмкіндігі жоғары. Екіншіден, аудандағы елді­ ме­кен­дердің  бәрі дерлік тиісті инфрақұрылымдармен қамтылған. Демек, біздің ауданда тұрмысқа қолайлы жағдай да бар. Меніңше, ауданның жұртты қызықтыратын тұстары, негізінен, осы сияқты.
– Елді мекендерде тиісті инфра­құ­ры­лым толық бар дедіңіз. 70-80 жылдық тари­хы бар, халық саны әлдеқайда аз аудандарда бұл мәселе толық шешіліп жатқан жоқ. Кеше ғана құрылған аудан бұл жетістіктерге қалай қол жеткізіп үлгер­ді?
– Аудан құрамына Маңғыстау, Баянды селолары және Атамекен, Басқұдық, Қызыл­төбе, Дәулет, Батыр селолық округтері кіреді. Олардың әрқайсысында 5-10 мыңнан 35 мыңға дейін халық тұрады. Тек қана Атамекен ауылында 33 мыңнан аса халық тұрады. Инфрақұрылым мәселесі бізде толық шешілді деп отырған жоқпыз, салыстырмалы түрде жағдай жақсы деген пікірдеміз. Әйтпесе күрмеу­лі мәселелер бізде де жетерлік. Бәрі жаңадан басталып жатқандықтан, үлкен қиын­шылықтармен бетпе-бет келіп жатыр­мыз. Халық саны күрт өсіп жатқан елді­ ме­кен­дерде бар мәселелер біздерде де жетерлік. Сол баяғы жарық, газбен жабдықтау, ауызсу жеткізу, жол сияқты мәселелер біздің күн­де­лікті «бас қатыратын» ауыр тақырыптарымыз. Ол – ол ма, бізде білім беру орындарының, денсаулық сақтау мекемелерінің жетіспеушілігі өте өзекті. Дегенмен көптеген күрделі мәсе­лелер еңсеріліп жатқанын да мақтанышпен айтуға тиіспіз. Биылдың өзінде ауданда әрқайсысы 960 орынға есептелген үш мектеп, ауысымына 150 адамға қызмет көрсететін емхана пайдалануға берілді. Осы жылдың соңында және келер жылдың басында тағы екі мектеп, бір мемлекеттік, төрт жекеменшік балабақша, төрт дәрігерлік-амбулаториялық пункт іске қосылады деп жоспарлап отырмыз.
Қазір аудан бойынша 10 жалпы білім беру мектептері, алты мектепке дейінгі балалар мекемесі, бес мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар және сегіз жекеменшік мектепке дейінгі балалар мекемесі жұмыс істеп тұр. Одан басқа бір үйлестіру орталығы, бір өнер мектебі және төрт аула клубтары да жемісті жұмыс жасауда.
Бүгінгі таңда ауданның орта білім беру ұйымдарында 16315 бала оқиды. Осы жылы ауданымыз ҰБТ қорытындысы бойынша бірінші орында тұр. Сондай-ақ орта балл есебімен жоғары көрсеткіш көрсеткен облыс мектептерінің алғашқы ондығына ауданның үш мектебі еніп отыр. Дегенмен ағымдағы жылы ауданымыз ҰБТ қорытындысы бойынша 76,2% пайызға жетті, ал өткен жылы 72,1 пайызды құраған болатын. Алтын белгіні бес оқушы иемденсе, Үздік аттестатты үш оқушы иемденді ( өткен жылы Алтын белгі – 3, Үздік аттестат – 1). Мемлекеттік грантқа биыл 31 бала ие болды.
– Аудан халқы 120 мың адамнан асты дедік. Ақтау қаласы жақын дегенмен, тұрғындардың бәріне бірдей қаладан жұмыс табылмайтыны түсінікті. Аудан экономикасы қалай дамып жатыр және халықты жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?
– Мұнайлы ауданы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығы бойынша тек өсім көрсетіп отырғанын айтуға тиіспін. Ауданда шоғырланған халықтың көпшілігі жеке шаруа қожалықтарында жұмыс істейді және облыс орталығында жұмыспен қамтылған. Одан басқа ауданда құрылыс саласы қарқынды дамуда, өндіріс орындары да көптеп бой көтеріп жатыр. Ауданға инвестиция көптеп салынуда. Биылғы қаңтар-қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17 млрд 206 млн теңгені құрады немесе 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 2 млрд 294 млн теңгеге көбейді. Өндіріс орындарының бірқатары қазір өз жұмыстарын бастады да. Биылғы жылдың 10 айы бойынша ауданда өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 23 миллиард 458 млн теңгені құрады. Тағы да айта кетейін, осы мерзім ішінде аудан бойынша жалпы көлемі 130 мың шаршы метр тұрғын үйлер іске қосылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,9 мың шаршы метрге артық. Бұл көрсеткішке коммуналдық және жеке тұрғын үйлердің іске қосылу есебінен қол жеткізіп отырмыз.
Сонымен қатар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы негізінде әлеуметтік қолдау шаралары арқылы 2013 жылғы көтерме жәрдемақыға 26,3 млн теңге, бюджеттік кредитке 300,2 млн теңге қаржы бөлінді.Жыл басынан көтерме жәрдемақы бөлінген қаржы толығымен игеріліп, 217 маманға (білім са­ласы –160, денсаулық – 53, спорт саласы – 3, ветеринария маманы – 1), ал тұрғын үй са­тып алуға бюджеттік кредит 105 маманға (білім саласы – 86, денсаулық – 17, мәдениет саласы – 1, ветеринария маманы – 1)та­ғайын­­­далды.
– Бүгінде әрбір әкімнің жұмысы тиісті ау­мақ­та кәсіпкерліктің дамуына қарап ерек­ше­ле­нетіні белгілі. Мұнайлы ауда­нын­да шағын кәсіпкерлік қай деңгейде дамып отыр?
– Ауданда кәсіпкерлік қарқынды дамуда деуге болады. Әрине, Маңғыстаудың табиғи ерекшеліктері бұл жерде өз әсерін тигізуде. Бізде ауыл шаруашылығын дамытуда қолай­сыз­дықтар бар. Дегенмен ауа райы қолайсыз екен деп қарап отырған жоқпыз. Өлкенің табиғатына шыдамды түйе өсіру ісін дамытып жатырмыз. Оралман ағайындар шетінен ісмер. Сондықтан біздің ауданда қолөнер ісі де кеңінен дамып келеді. Біз өз тарапымыздан өз ісін бастаймын деушілерге қолдан келген көмекті аяп жатқан жоқпыз. Мемлекеттік даму қорлары есебінен жыл басынан бері 19 адам­ға 52,1 млн теңге несие берілді. Өз күштерімен дүкен ашып, қызмет көрсету орталықтарын дамытып жатқан тұрғындар да жетерлік. Қазір аудан бойынша 4054 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, ол 2012 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 398 субъектіге артып отыр. Шағын кәсіпкерлікте жұмыспен қам­тылғандардың саны 4 838 адамды құрады немесе 2012 жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 246 адамға өсті. Халықтың эконо­ми­калық белсенді тобындағы шағын кәсіп­керліктің үлесі 12,5%-ды құрайды. Бұл істе ілгерілеушілік барлығының бірден-бір дәлелі – жергілікті бюджетке шағын кәсіпкерлік субъектілерінен түскен салықтар көлемі өсіп келеді. Биылғы он айдың қорытындысы бойын­ша бұл көрсеткіш 7 млн 966 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4  млн 493 мың теңгеге көбейді.
– Ауданда әлеуметтік сала нысан­да­ры­ның жетіспеушілігі бар екені айтылып жүр. Жалпы, бұл саладағы қызмет сапа­сына қатысты да сын-ескертпелер айтыл­ған. Бұл мәселелер қалай шешіліп жатыр?
– Ауданда бұл мәселе өзекті екенін мойындаймыз. Жаңадан көшіп келіп жатқан тұрғындар көп болғандықтан, бізде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар саны да аз емес. Дегенмен мәселе шешілуде десек, ар­тық айтқандық емес. Қазір халықтың экономикалық белсенді топқа шаққандағы тіркелген жұмыс­сыздардың үлесі 0,4%-ды құрай­ды, өткен жылмен салыстырғанда бір­қалыпты жағдайда. Біз үйінде жұмыссыз жатқан­дардың нақты санын білу үшін арнайы зерттеу жүргіздік. Ал кедейшілік деңгейінен төмен тұратындар саны дәл бүгінгі күнге 510 адам­ды құрайды. Біз ондай азаматтарға барын­ша қолдау көрсетудеміз. Соның нәтижесінде бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 163 адамға азайды. Әрине, жұмыссыздық пен әлеуметтік аз қам­тылған азаматтардың мәселесін біз бір күнде шеше алмайтынымыз түсінікті. Деген­мен бұл мәселеде нақты жұмыстар бар екенін және оның тиісті нәтиже беріп жатқанын да айтуға тиіспін. Биылғы жыл басынан бері ауданда 1531 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда 2013 жылдың 1 қарашасында барлық эконо­ми­калық қызмет түрлері жұмыс­шы­ла­ры­ның орташа жалақысы 115 957 теңгені құрады.
– Ауданда туу көрсеткіші өте жоғары. Балалар санының өсуіне жергілікті денсаулық сақтау саласының қызметі сай болып жатыр ма?
– Мен сіздің бұл сауалыңызға таза цифр­лармен жауап берейін. Сандар сөйлесе сөзім дәйекті болады деген ойдамын. Ауданда биыл бала өлімі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 1,5 про­мильге азайды. Бізде өкпе ауруына шалдық­қандар саны өте жоғары болатын. Қазір олардың саны 100 мың халыққа шаққанда 85,2 промиль (2012 жылғы көрсеткіш – 94,0 промиль), өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,8 промильге азайған. Ауданда биыл бір ғана ана өлімі тіркелді. Оның себебі науқастың жүрегіне бұрын меха­никалық клапан салынған екен. Әрине, мен құрғақ сандарға тоқталу арқылы нақты жауаптан жалтарып отырған жоқпын. Бұл салада да бізде кемшілік жетерлік. Дегенмен мен келтірген деректер көрсетіп тұрғандай, ауданда денсаулық сақтау саласы ақсап жатыр деуге келмейді. Қайта, керісінше, жылдан-жылға бұл саланың да жетістіктері артып келеді. Оның бірден-бір дәлелі деп ауданға жас дәрігер мамандарды көптеп тартып жатқа­нымызды айтуға болады. Келесі жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен Мұнайлы ауданында жаңа аурухана ғима­ратының құрылысы басталады деп жоспар­лаудамыз. Аудан тұрғындарының есебін басшылыққа ала отырып, нормативке сәйкес арнайы дайындалған мамандар да қажет етіледі. Ал аталған мамандарды ауданға тартқан жағдайда олардың ең өзекті әлеу­меттік сұранысының бірі – пәтермен қамта­масыз ету үшін бюджет саласының қыз­мет­керлеріне арнап 200 орындық жатақхана салу жөніндегі ұсынысымызды облыс әкімі Алик Серікұлына жолдаған болатынбыз. Арнайы ЖСҚ құжаттары дайындалып, қаржы бөлінген соң, бюджет саласы қызметкерлерінің бұл сұранысы шешіледі деген ойдамыз.
– Елубай Жақайұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста