Соңғы кездері мұнай бағасының түсуіне орай біздің елде де, дүниежүзінде де сан түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер ұсыныстан сұраныстың аз болуы бағаға ерекше әсер етіп тұр, -дейді. Бұл – әрине, нарықтың табиғи заңдылығы.
Енді біреулері АҚШ және Сауд Арабиясы билігінің қолдан жасаған шаралары дегенді айтады. Әлемдегі қазіргі саяси ахуалға көз жүгіртсек бұл сөздің де жаны бар. Қысқасы, мұнай бағасына қатысты айтылып жатқан пікірлерде оғаштық жоқ секілді. Солардың бәрі де мұнай бағасы «80-90 доллар» көлеміне тұрақтайды, дейді. Өйткені қалай десек те, мұнай өндіру тым өсіп кеткен сыңайлы. Сондықтан да өткен аптада Сауд Арабиясы өндірісті азайтып, мұнай экспортын тәулігіне 328 мың баррельге қысқартатын болды. Қош.
Мұнай өндірісі бұдан былай өсе бермек. Сонда осы уақытқа дейін мұнай бағасы барреліне «200 долларға жетіп қалуы мүмкін» деген болжам қайда қалады? Алдын ала ескерте кетейік, мұндай болжамның «өмір сүруге» құқы бар. Ол – ол ма, енді 20-30 жылдан кейін мұнай баррелі 300 доллардан бағаланса, оған ешкім «бұл қалай болды?» демеуі керек. Өйткені ғалымдардың нақты есебі бойынша жер бетінде зерттелген мұнай қоры енді 40 жыл тұтынуға ғана жетеді екен. Ал жаңа көзден жаңа технология бойынша алынып жатқан мұнай қоры тым мардымсыз. Оның есесіне халық тұтынатын тауарлар өндірісі мен қызмет, жалпы әлемдік экономика аз-аздан болса да өсе береді. Тіпті екі пайыздан жылдық өсімді қамтамасыз етті дегеннің өзінде енді 20 жылдан кейін мұнайға сұраныс 40 пайызға өседі екен. Бұл да білуге тиісті бір ақиқат.
Жоғарыда айтылған ақиқаттарды ескере отырып, мұнай баррелі ешқашан да 100 доллардан түспейді дегенді ашық айтамыз. Ал қазіргі жағдай – «өткінші құбылыс». Бұл пікірімізді жоғары жақта мұнай қорымен мұнай өнімдеріне сұраныстың өсетініне байланысты дәлелдегендей болдық. Дегенмен, бізді жоғарыдағыдай нақты болжам жасауға көндірген жағдай одан басқа. Сондықтан бұл мақалада мұнай бағасының мөлшеріне әсер ететін жағдайлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталмақпыз.
1. Арзан мұнай сарқыла бастады
Адамзат осы уақытқа дейін жердің беткі қабатына жақын орналасқан, сондықтан өзіндік құны аз арзан мұнайды өндіріп пайдаланды. Қазақстан жерінде, дәлірек айтсақ, Доссор мен Мақатта өндірілген алғашқы мұнай жатқан тереңдік оны кәдімгі қарапайым қауғамен алатындай деңгейде болған. Ал Теңіз мұнайын өнеркәсіптік негізде өндіруге КСРО державасындағы ғылым мен техниканың мүмкіндігі жетпеді. Сондықтан егемендік алған соң Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев америкалық Шеврон компаниясын көмекке шақыруға мәжбүр болды. Біз бастан кешкен осынау ақиқатты қазір әлемнің барлық мемлекеттері жолыққан шындық деуге болады.
Мұнай пайдаланудың көлемі артқаны соншалық, қазір оның жер қойнауындағы қоры сарқыла бастады. Сондықтан адамзат мұнайды тереңнен алуға көшті. Біздің Қазақстанда да қара алтын Каспий теңізінің түбінен әлдеқайда төмен жатқан жерден мұнай өндірілуде. Бірқатар елдер Арктика мен Антарктида мұздақтарының астынан мұнай алуға жанталасып жатыр. Мұнай бағасы төмендемейтіндігінің бірінші себебі – осы. Яғни мемлекеттердің мұнай өндірісі уақыт озған сайын баға жағынан емес, өзіндік құн жағынан, яғни оны өндіруге жұмсалған шығын жағынан қымбаттап барады, қымбатқа өндірілген тауарын еш жақ арзанға сатпайды.
Қазіргі таңда мұнай бағасының 65 долларлық мөлшері Сауд Арабиясы мен Иранды және Кувейтті ғана «қанағаттандырады» екен. АҚШ мұнай компаниялары үшін бұл көрсеткіш 75 доллардан төмен болмауы керек. Жаңа шикізаттан алынатын жанармай мен газ өндірісшіге барреліне 96 доллар түсіргенде ғана өзін-өзі ақтайды. Ал тасымал шығынын ескерер болсақ, ондай отын экспорттық бәсекелестік қабілеті төмен болып шығады. Өйткені ол иесіне пайда түсіру үшін Лондон тауар биржасында ең кемі 100 доллардан «өтуі керек». Ал Ресей Федерациясы үшін мұнай бағасы 85 доллардан сатылғанда пайда түсіреді. Бірақ әлеуметтік төлемдердің негізгі бөлігін «мұнай долларлары» арқылы өтеп келген бұл ел үшін бағаның мұндай деңгейі қанағаттанарлық емес. Қазақстан туралы да осыны айтуға болады.
Қысқасы, мұнай бағасы жер бетінде арзан бағаға өндірілетін мұнай қорының азаюы себепті де оның баррелі 100 доллардан түспейді деген ойды алға тартады.
2. Мұнай өндіретін құрал-жабдықтардың қымбаттығы екінші себеп
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жердің жақын бетіне орналасқан мұнай қоры таусылуға жақын. Адамзат қазірдің өзінде көп мұнайды тереңнен тартуда. Бұл техника мен технологияның жетілген, мейлінше мықты, осы сапасына сай қымбат түрін қалайтыны сөзсіз. Демек, мұнай өндірісінде қолданылатын қазіргі құрал-жабдықтар бұдан 30 жыл бұрынғыдан әлдеқайда қымбат. Бұрғының істік тістерінде пайдаланылатын алмастың өзі сапасы жағынан ең мықты болуы тиіс. Ал осыдан 30 жыл бұрын ол тістерді бар болғаны болаттан жасайтын. Бертін келе оған марганец қосылып, брон-болат пайдаланылатын болды. Ал қазір жердің терең қойнауынан тартылып жатқан мұнайға «қол жеткізу үшін» ол да «төзімсіз» болып қалды. Жерді терең бұрғылау – талай қатты жыныстарға кезігу деген сөз. Міне, бір ғана бұрғы туралы айтқанда осындай «жетілу» жұмыстары жайлы көп сөз қозғалғанда қалған құрал-жабдықтар туралы жаза берсек, онда тек қана мұнай өндірісінде пайдаланылатын құрал-жабдықтардың сапалық жағынан қаншалықты жаңғырғанын түсіндіру үшін газеттің бір беті жетпес. Бұл бар болғаны бір ақиқатты дәлелдейді, ол – өндіріс құрал-жабдықтарының сапалық жағынан еселенген мөлшерде жаңғыруы оның өзіндік құнын еселеп өсіргендігі.
Иә, қазіргі кезде мұнай аса қымбат тұратын құрал-жабдықтармен өндірілетін болды. Сондықтан да бұл жағдай мұнайдың өзіндік құнын өсірді. Бізде егемендіктің алғашқы кезінде мұнай баррелінің «26 долларлық бағасымен де өмір сүрдік қой» деген сөз бар. Бұл да шындық. Мемлекет осындай бағамен де мұнайын экспорттауға мәжбүр болды. Өндіріс рентабелді емес шығынды еді. Соған көндік. Өндірістік шығынды мемлекет толығымен өз мойнына алды. Себебі біреу-ақ, ол – бізге халықаралық валютаның ауадай қажет болғандығы. Өйткені елімізде сабын мен темекіге дейін зәру затқа айналды. Қазақстан халық тұтынатын тауар өндірісі болмаған ел. Сол себептен де соларды алдырту үшін, яғни импорт үшін мемлекетке халықаралық валюта қажет еді. Ал егемендік алған кезімізде Қазақстанның Ұлттық банкінде 1 унция алтын немесе 1 доллар валюта болмаған.
Қысқасы, қазіргі таңда және бұдан былай мұнай бағасы оны өндіру үшін пайдаланылатын құрал-жабдықтардың қымбаттығы салдарынан да төмендеуге емес, өсімге ұмтылады. Мемлекеттер өзін-өзі ақтамайтын жобаларды игеруден бас тартады. Өйткені дәл қазір мұнай өндіріп, экспорттайтын мемлекеттердің жағдайы 1991 жылғы Қазақстан жағдайында емес. Мәселен, санкциялардың салдарынан Ресей Федерациясы өндірісі қымбатқа түсетін мұнай кешендерін игеруді уақытша шегеру туралы шешім қабылдады. Дәл осындай шешімді әлі талайлар қабылдауы мүмкін. Мұндай қадамға Қазақстан да барса, оған «бұл қалай?» деуге болмас. Біз дәл қазір 10 жылдай мұнай сатпай-ақ өмір сүре аламыз. Біздің мүмкіндіктей мүмкіндік көп жылдардан бері Батыс санкциясының құрсауында қалған Иранда да болды. Олар санкцияға он жылдай төтеп берді. Әлі де шыдай алады.
Капитализм жағдайында еш мемлекет, еш кәсіпкер шығынды өндіріске бармайды. Олай болса, көп ұзамай-ақ мұнай баррелі 100 доллар деңгейін көрсетіп қалары сөзсіз. Одан төмен бағаға сату, басқаны былай қойғанда жоғарыда айтып кеткеніміздей, өзіндік құны ең арзан мұнайды өндіріп отырған Сауд Арабиясы мен Кувейттің өзіне пайдасыз.
3. Бағаның болашағы
Қазіргі таңда мұнай бағасының болашағы жайлы әңгіме көп. Бірақ солардың бірде- бірі оның арзандайтынын айтпайды. Біз мұнайдың ұдайы қымбаттау үстінде болатынына сенімдіміз. Иә, энергияның мұнай алмастырғыш көздері көптеп өндіріске енуі мүмкін. Жел, Су энергиялары пайдалырақ. Күн энергиясы мұнайдан қымбат. Солтүстік аймақ үшін оған арқа сүйеу мүлде мүмкін емес. Сондай-ақ қанша жерден пайдалы десек те Су және Жел энергияларын пайдалану көптеген аймақтар үшін тағы да мүмкін емес. Ескерте кетейік, бүгінгі таңда әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70-80 пайызы Жел және Күн энергиясын пайдалану мүмкіндігі шектеулі аймақтарға тиесілі. Олар – АҚШ, Канада, Жапония, Еуроодақ, Ресей Федерациясы және Қытай. Қысқасы, әлемнің индустриясы дамыған, соған сәйкес энергияға сұранысы көп аймақтарда баламалы энергия көзін пайдалану мүмкіндігі аз. Сол себептен де қарқынды дамушы мемлекеттер ядролық энергияға ерекше ден қоюда. Біздің болжамымызша, шамамен 30-40 жыл ішінде әлемнің ядролық знергияны пайдалануы шамамен 50 пайызға артатын секілді. Бұл – бір жағынан арзан энергия көзі. Бір жағынан аса қауіпті энергия көзі. Сондықтан да ядролық энергияға көшу қарқыны тым баяу жүрері сөзсіз. Осының бәрін ой елегінен өткізе келіп, бүгін мұнай энергиясын пайдаланып жүргендердің көбісі энергияның жаңа көзіне көшсе де қара алтынның құны енді түспейді, керісінше, жоғарылайды дегенді батыл айта аламыз. Бұлай деуіміздің бір нақты себебі бар, ол – адамзаттың көрсеқызар тұтынушылық қасиеті. Айталық, Алматыда күн сайын 800 мың автокөлік жолға шығады екен. Бар болғаны 1,8 миллион тұрғыны бар қаланың 800 мың азаматы «иномарка» мініп жүретіндей байлыққа ие дей алмаймыз. Көбісі үстемелі банк несие алынған дүниелер. Бір сөзбен айтқанда, көрсеқызарлықтың, тұтынушылық менталитеттің салдары. Енді 1,5 миллиард тұрғыны бар Қытайдың дамып бара жатқанын еске алып, олардағы көрсеқызарлардың тұтынушылық тәбеті қалай ашылатынын болжауға болады. Ол ашылған кезде әлемнің автокөлік өндіруші барлық зауыты үзіліссіз жұмыс істесе де сұранысты қанағаттандыра алмас деп ойлауға мәжбүр боласың. Енді бір миллиард тұрғыны бар Үндістанның даму арнасына түскенін ойлаңыз да мұнайға сұраныстың қаншалықты артатынын есептей беріңіз.
Мына жағдайды ескермеске болмас. Қазірдің өзінде жеңіл сутектермен және батареялармен жұмыс істейтін автокөліктер бар. Бірақ көп емес. Оларды конвейерлік өндіріске шығаруға әлемнің бірде-бір кәсіпорны, бірде-бір мемлекеті дайын емес. Әсіресе, сутегімен жүретін көлік экологиялық тазалығымен қызықтырса да оның артында термоядролық реакция жататыны мемлекеттердің де, өндірісшілердің де құлшынысын тежеуші болып тұр. Зиянсыздығына толық кепілдік жоқ. Қысқасы, бұлардың да қазіргі энергия өндірісіндегі мұнай үлесін 30-40 жыл ішінде айтарлықтай алмастыра қоюы екіталай. Осы айтылғандармен бірге мұнайдың энергиядан басқа тауарлы өндірісте пайдаланылатыны арта түсетіні тағы ақиқат. Қысқасы, мұнайдың өзіндік құны қанша артқанымен, оның қажеттілігі кемімейді, керісінше, өседі. Бұл бізге түптің түбінде мұнай бағасы 300 доллардан кем болмайды дегенді айтқызады.
4. Қазақстан мұнайы
Еліміздің мұнайдан байып алған «тұлғаларының» өздері Қазақстан мұнайының өзіндік құны өсе түскенін айта бастады. Бұл – ақиқаттың өзі. Оған Қашаған кенішін өндіру үшін жұмсалған инвестициялық қаражаттың жобадағыдан еселеп артқанының өзі дәлел. Не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабын билік басындағылар береді. Бірақ біз күні бүгін оларға ойсалар ретінде өз пікірімізді ұсынбақпыз. Ол былайша өрнектеледі:
1) Мұнайымыз ең кемі 20 пайыздық таза пайда түсірмейтін жағдайда оны экспорттаудан бас тарту. Өйткені алда оның бағасы өсе-өсе өзіндік құннан екі есе артатын кез келеді. Бізде ең кемі он жыл «мұнай долларларынсыз өмір сүретіндей» алтын-валюталық қор бар.
2) Мұнай арзандады деп теңгемізді құнсыздандыру – білімсіздік. Бағалымызды өзіміз бағаламасақ, ол нағыз Қожанасырлығымыз.
3) Бізге дүниежүзілік мұнай өндіруші мемлекеттер одағын құру керек секілді. Қазіргі ОПЕК картелін бүкіләлемдік ықпалды ұйымға айналдыруға болады. Ол одақ мұнай бағасын реттеумен айналысса, ең дұрысы – сол. Ал бүгінгі таңда мұнай бағасы арзандап бара жатса, оған осы мұнай өндіруші елдердің ауызбірлігі жоқтығы басты себепкер.
Aikyn.kz
МҰНАЙ болашақта қанша тұрады?
Последние статьи автора