Модернизация: отандық өнімнің тынысын аша ала ма?
Елімізде астықты тереңнен өңдейтін зауыттар салу ісін қолға алған жөн. Бұл жайында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясының мамандары мәлім етті. Аталмыш компанияның төрағасы Бейбітхан Қабдырахмановтың айтуынша, егер таяу болашақта елде астықты терең өңдейтін зауыттар салынатын болса, жоспар бойынша жылына 100 мың тонна астық өңделіп, ішкі нарыққа дайын өнім ретінде жол тартпақ. «Бұл үрдіс нарықтағы тұтынушылардың сұранысын арттырып, елдегі астық өнімдерінің көрсеткішін ұлғайта түседі. Бұдан астық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі артады» деген Қабдырахманов мырза, қазірде зауыттың жөн-жобасы талқыланып, сүзгіден өтіп жатқанын да құлаққағыс жасады... Ал бұл жаңашылдық турасында сарапшыларымыз «елдегі астық өңдейтін зауыттарға, астық сақтайтын элеваторларға, тіптен жалпы, астық саласына әлдеқашан модернизациялау жүйесін енгізу керек еді» деседі...
Әйтсе де біз елдердің көпшілігімен салыстыра алсақ, модернизациялау үрдісіне осы уақытқа дейін үрке қарап келдік. Қайсыбір мамандарымыз күні бүгінге дейін «елдегі өндіріс орындарын, зауыттарды, кәсіпорындарды, әсіресе, шикізат өңдейтін секторларды модернизациялау ісінде біздің әлі технологиялық базамыз, тәжірибеміз жеткіліксіз» дейді. Бірақ «ештен кеш жақсы» демекші, кешеуілдеп болсын қазірде модернизация үрдісіне мән бере бастадық. Бұл тұрғыда техника ғылымының докторы, профессор Қайыр ЖҰБАНОВ:
– Бүгінде әлем елдерінің біразы өндіріс орындарын модернизациялап жатқан жайы бар. Латын Америкасы, Бразилия, Германия тәрізді елдердің шағын зауыттары модернизацияға барынша бейімделіп, осы бір жаңашыл саланы айтарлықтай табыс көзіне айналдыруда. Модернизациялаудың арқасында Латын Америкасы көмір қышқыл газы мен күн сәулесінен биогелиоэнергетиканы дамытып отырса, Бразилия жүгеріден биоотын өндіруде алдына жан салмай келеді. Ал немістердің өнімдері әлемдік нарықта айрықша орын алып, өзіндік бренд жинағалы қашан?! Осы үш елдің тәжірибесінен үлгі алғысы келген мемлекеттер бүгінде өнімді тереңдеп, ақырына дейін өңдеу әдісіне бойлап енуге барынша ықыласты, – деді.
...Жалпы, қандай да бір өнім түрін ең соңғы дайын өнімге дейін өңдеу мәселесі елімізде сөз болмай жүрген жоқ. Ол үшін Үкімет тарапынан жасалып жатқан шаралар, арнайы қабылданып жатқан бағдарламалар жетіп-артылады. Нақ қазір мұнай өңдейтін зауыттарды модернизациялап, мұнайдан дайын өнім алу мәселесі, мал шаруашылығы саласындағы модернизация жүйесі, техника саласындағы модернизация әдісі жиі қаузалып та жүр. «Әттеген-айы» біздің осы әдіспен өнім алуға бел шешіп кірісіп кете алмай отырғанымыз. Бұл ретте биоотын өндіруші қауымдастық президенті Бейсен ДОНЯНОВ:
– Астық шаруашылығына тереңнен өңдеу әдісін енгізер болсақ, бұл арқылы көптен бері қозғалып жүрген биоотын өндіру жайын шешуге болады. Бұл саланың көзін тапсақ, табыс көзі өзінен-өзі келіп түседі. Дамыған елдердің тәжірибелерін алып қарасақ, Еуропа елдері, негізінен, өнімді тереңдетіп өңдейтін шағын зауыттар салу арқылы пайдаға кенеліп отыр. Қазірде көмірқышқыл газынан, жер қойнауындағы шикізат ресурстарынан, күн сәулесінен биоэнергетика меңгеріп отырған елдер бар. Тіпті терең өңдеу әдісінің ебін тапса, микроөсімдіктерді де кәдеге жаратып, биоотын өндіруге болады. Өсімдіктердің тез көбейгіш қасиеттері әлем жұртшылығын биоотынмен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Міне, осының барлығына өнімді ең соңғы дайын өнім етіп шығарудың арқасында қол жеткізуге болады. Сондықтан өз басым елде өнімді тереңдетіп өңдейтін астық зауыттарын, мұнай өңдеу зауыттарын салу қажеттілік екенін сеземін. Өйткені нақ осы екі салада әлемдік нарықта өзіндік бренд жинауға біздің мүмкіндігіміз бар, – деді.
Сөйтіп, «қазақтың мұнайы мен астығының әлем нарығында еңсесі биік» дескен мамандар нақ қазір осы екі салаға өнімді тереңнен өңдеу қажеттілігі туындап тұрғанын жасырмайды. Бұл ретте, мамандар мынадай ұсыныстарға назар аудару керектігін де баса айтып отыр:
а) Біздің ішкі мүмкіншіліктеріміз модернизациялау үрдісіне тән бе? Жалпы, тереңдетіп өнім өндіруге біз дайынбыз ба, алдымен осыны саралап алғанымыз абзал.
ә) Технологиялық базамызды дайындауымыз қажет. Бір ескеретіні, шетелдің дайын технологиясына сүйенгеннен гөрі өзіміздің отандық технологияларды өнім өндіруге бағыттаған дұрыс.
б) Бұдан соң барып осы мәселеге қатысты мемлекеттік маңызы бар стратегиялық бағдарлама қабылдауымыз қажет.
Міне, аталмыш реформаға енудің алғышарттары осылай түзілуі керек. Бұл саланың тиімділігі өте жоғары. Сондықтан алдағы уақытта бұл өркендеуге жетелейтін тетіктердің бірі, – дейді мамандар...
... Осы жерде бір айта кетерлігі, жуырда Ресей ғалымдары су шаруашылығы саласына тереңдетіп өңдеу әдісін енгізіп, кәдімгі ауызсудан активтелген су алуға болатынын дәлелдеді. Активтелген сумен тұқымды өңдеу барысында егін өнімі 15 пайызға арттыратыны тәжірибе барысында айқындалды. Олар микрокөпіршіктелген суды дәнді дақылдар тұқымын өңдеуде пайдаланған... Мұндайда өзге ел таудай өнімнен бір талшық қалғанға дейін тереңдеп өңдеу әдісіне ұмтылып жатқанда, бізге де «қайраңда қалып қоймау» керектігін амалсыз мойындайсың...