Ломбардтан қайтарылмаған алтын несие тарихына кіреді
Ломбард – бізге жат емес. Қаржыдан тарығып, қалтамыз жұқарып қалған сәтте алтын бұйымдарын ломбардқа екінің бірі апарады. Бірі қайта сатып алса, бірі бұйымына кері оралуды қажет деп таппайды. Ломбард сегменті микроқаржы ұйымы болып есептеледі. Сол себепті ондағы мәмілелердің тарихы несие тарихында таңбаланып қалады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Еgemen.kz-ке сілтеме жасап.
Бірінші несие бюросының мәліметінше, банк несие беруге шешім қабылдайтын кезде ломбардтардың несие тарихындағы жазбаларды тексереді.
Сондай-ақ несие бюросы «ломбардтағы өтелмей қалған қарыз салымшының несие тарихына қалай әсер етеді» деген сұраққа да жауап берді.
«Әр қаржы институтында несие беру туралы шешім қабылдаудың өзіндік жүйесі бар. Бірінші кезекте кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау кезінде төлем тәртібіне назар аударылады. Банк микроқаржы ұйымдарының кез келген басқа жазбалары сияқты ломбардтардың да несие тарихындағы жазбаларды қарайды. Банк ішкі кредиттік комитеттер деңгейінде қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалаудың басқа да факторларын ескере отырып, ломбардтардың кредит тарихындағы жазбаларды қалай есепке алу керектігін шешеді», деп хабарлады.
Демек ломбардқа барып, алтынды қайтарып алмауыңыз несие тарихыңызда міндетті түрде көрсетіледі. Бірақ бұл ақпарат клиентке несие беруге кедергі келтіре ме, жоқ па, оны әр банктің ішкі бөлімдері дербес және өз ережелері бойынша шешеді. Себебі екінші деңгейлі банктерде өтініш тәуекел бөлімі мамандарының сүзгісінен өтіп барып, мақұлданады. Автоматтандырылған скоринг жүйесі әрбір банкте бар. Мақұлдау немесе бас тарту параметрі сол жерде автоматты түрде орнатылады. Оның қалай жұмыс істейтінін тап басып айту қиын. Ондаған жылдар бұрын алтынын кері сатып алмағаны туралы дерек те несие тарихына кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұның бәрі өтініш берушінің содан кейінгі несиелеріндегі төлем тәртібіне байланысты. Мысалы, несиені мерзімінен бұрын жапқаны туралы деректер ломбардқа қатысты тарихты «жуып» жіберуі мүмкін.
Осылайша, ломбардта өтелмеген алтын кез келген жағдайда несие тарихында көрсетіледі. Бірақ жоғарыда айтылғандай, бұл несие беру туралы шешімге әсер ете ме, жоқ па, оны әр банк өзінше шешеді.