Елімізде такси жүргізушілері мен курьерлер мемлекетке салық төлеуге міндеттеледі. Олар енді ресми түрде жұмыспен қамтылғандар қатарына жатқызылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгул Сағындықова мәлім етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Әлеуметтік кодекстің жаңашылдықтарының бірі еңбек нарығын либерализациялау. Бұл – икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді. Бұл өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік сын қатерлерден сақтандыру, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдауды қарастырады. Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деген атау енгізілді - бұлар табыс әкелетін еңбек қызметімен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркелмеген тұлғалар. Мұндай қызметкерлердің қызметі онлайн-платформалар офертасына қосқан немесе жария шарт жасалған жағдайда ресми жұмыспен қамту деп танылады. Мысалы, онлайн Яндекс платформасына қосылған таксистер, Glovo платформасындағы курьерлер осындай категориялардағы жұмыскерлерге жататын болады»,- деді спикер.
Айтуынша, онлайн платформаларда жұмыс істейтін азаматтар – такси жүргізушілері, жеткізушілер, курьерлер. Олар бүгінде әлеуметтік жағынан қорғалмаған.
«Яғни, әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда олар үшін әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналары төленбегендіктен, олар әлеуметтік қорғаудан шығып қалды. Әлеуметтік кодекс аясында біз бұл мәселеге үлкен көңіл бөлдік, енді бұл тұлғаларды әлеуметтік қорғау жүйесіне тарту жоспарлануда. Бүгін де Яндекс, Uber және Wolt компанияларымен келіссөздер жүргізілді, олар сол такси жүргізушілері мен курьерлер үшін міндетті әлеуметтік аударымдарды төлейтін болды. Яғни, онлайн платформалар өздері төлейді», - деп түсіндірді вице-министр.