Күннен – шуақ, желден – қуат...
Оңтүстік Қазақстан облысы «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізуге зор үлес қосады. Бұл туралы Шымкентте «Жасыл» экономика бойынша «EXPO — 2017» көрмесін өткізудегі өңірлердің рөлі» атты халықаралық ІІ инвестициялық форумда айтылды. Дамудың жоғары сатысына қол жеткізе білген мемлекеттер ғана іріктеп алынатын «ЭКСПО-2017» халықаралық экономикалық көрмені өткізу құқығына ие болу, шын мәнінде, қазақстандықтарды жаңа биіктерге жетуге құлшындыра түскені анық. Шымкенттегі екінші мәрте ұйымдастырылып отырған инвестициялық форум сол әлемдік көрмені абыроймен өткізудің алдын ала ойластығы, өзара «мәслихаты» болып өтті. Сын сағатта Қазақстанның оңтүстік өңірінің «ЭКСПО-2017» халықаралық экономикалық көрмесіне қосар үлесі қалай?
Форум аясында «Жасыл экономикаға» өту барысында қолданылады деген сәтті жобалар таныстырылды. Шымкенттегі Конгресс орталығы ғимаратының кең залында ҚР министрліктері мен ұлттық компанияларының, даму және қаржы институттарының өкілдері, халықаралық мекемелер мен дипломатиялық уәкілдіктер басшылары, олардан басқа жергілікті ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер мен «жасыл» экономикаға қызығушылық танытып жүрген студенттер көп жиналды. Басты мақсат — «жасыл экономика» бағытында қолға алынған жобаларды іске асыру, қосымша қаржы көздерін тарту. Форумға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев құттықтап, облыс еңбеккерлерінің «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне зор дайындық жүргізіп жатқанын атап өтті.
«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге байланысты облыс еңбеккерлері алдында бірнеше күрделі міндеттердің тұрғаны анық. Оның бірі – Астанадағы көрме нысандарының құрылыс жұмыстары қызу қарқын ала бастады. Осы құрылысқа қажетті арзан да тиімді материалдарды іздестіру, табу. Бұған жергілікті аймақтардың көмегі қажет. Екінші бағыт – тамақ өнеркәсібін дамыту. Халықаралық көрме өткізу кезінде Астанаға кемінде 4-5 млн. адам келеді деп күтілуде. Оларды қазіргі заманғы талаптарға сай тұрмыстық қызметпен қамту өз алдына, сонымен қатар сапалы азық-түлік өнімдерін жеткілікті түрде жеткізіп берудің жөні тағы бар. Оңтүстік – аграрлы өлке. Міне, сондықтан да бұл аймаққа жүктелер міндет ерекше. Бұдан бөлек әлемнің әр түкпірінен келетін туристер тек көрме экспонаттарын ғана қызықтап қоймайды, сонымен қатар Қазақстанмен танысуға келеді. Сондықтан да туризм индустриясын дамытуға бірден бір қолайлы аймақ Оңтүстік Қазақстан облысы болып отыр.
Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
– Қазіргі уақытта баламалы қуат көздері бойынша жылына 460 мВт./сағат электр энергиясын өндіре алатын 21 жобаны іске асыру ойластырылуда. Сол арқылы облыс өзіне қажетті электр қуатының тең жарымын қамтамасыз ете алады екен. Әрі бұл жобаларды алдағы екі жылда, Астана көрмесінің ашылуына дейін жүзеге асыру белгіленіп отыр. Егер бұл идея орындалса, шын мәнінде, еліміз үшін үлкен мерей, облыс үшін айтарлықтай жетістік болар еді.
21 жобаның екеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Өзгесі 2017 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылмақ. Сол арқылы біздегі энергия көздерінің елу пайызы еуропалық стандарттарға сай баламалы энергияға көшіріледі деп жоспарланып отыр. Форумда тың жобалар талқыланды. Оларға қаражат қарастыру жолдары да сараланды. Сондай-ақ, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық та жиын барысында сөз болды. Көрмеге қажетті құрылыс нысандарын салуға кәсіпкерлерді тарту, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді алдын ала қолға алу керек. Елімізге келетін бес миллионға тарта қонақты орналастыру, өзге өңірлерге шақыру, туристік нысандарды дайындау жайы да кеңінен айтылды.
Іс-шара барысында Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарушы директоры, экономика ғылымдарының докторы Салтанат Рақымбекова жүйелі баяндап өтті. Қазіргі кезде ұлттық компания басшылығының аймақтармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп келе жатқанын айта келе, бүгінге дейін Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарымен меморандумға қол қойылғанын, бұл облыстарда құрылыс материалдарын жеткізіп беру және басқа да қызмет көрсету жөнінен екі жақты келісім жасалғанына тоқталды. Ендігі кезекте осындай келісімнің Оңтүстік Қазақстан облысымен де түзілетінін жеткізді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының ұтымды туристік машрут құруға бірден бір тиімді аймақ екенін атап көрсетті. Осыған орай, өздерінің желтоқсан айында ең үздік туристік маршрутқа конкурс жариялап отырғанын айтты.
Салтанат РАХЫМБЕКОВА, «ЭКСПО-2017″ ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры:
– Біздің мақсатымыз – еліміздің ЮНЕСКО қорғауына алынған және басқа да ең бір тарихи тамаша орындарын қамтитын қолайлы маршруттар табу. «ЭКСПО-2017» үшін аса маңызды бағыттың бірі – халықаралық туризмді дамыту болып табылады. Бұл көрме еліміздің және оның аймақтарының өзін көрсетіп қалуға берілген бірден бір тамаша мүмкіндігі. Сондықтан көрме қонақтарын күтіп алу, тіл жағынан жастарды мамандыққа тарту, оның бәрі стандарттарға сай болу керек деген біз жақтан сондай ұсыныстар болады.
Қазақстанда «жасыл экономика» саласын дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр. Олар форум аясында өздерінің ұсыныстарын ортаға салып, инвестиция құюға ынталы екенін атап өтті.
Давид ПАРКЕР, «VLADIX INC» қаржылық холдингінің басшысы:
– Біз Оңтүстік өңіріне арнайы келіп, «жасыл экономика» саласы бойынша қандай мүмкіндіктер бар екенімен танысып жатырмыз. Меніңше, Оңтүстік Қазақстанда күннен көп энергия алуға болады. Әрі сол жобаға инвестиция құйған дұрыс. Себебі өңірдің климаты оған қолайлы келеді.
Баламалы энергия қуаттарын пайдалануда облысымызда тындырымды тірліктер де жетерлік. Мысалы, пленарлық мәжіліс кезінде форумға қатысушылар Шымкенттегі «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры Анарбек Орманның әңгімесіне ықылас танытты. Ол баламалы энергия көздерін пайдалану, электр қуаты жүйесін жаңғырту нәтижесінде тиімділіктің артып отырғанын нақты фактілермен дәлелдеп берді.
Анарбек ОРМАНОВ, «Су ресурстары–Маркетинг» ЖШС бас директоры:
– Сағатына бір меговатт электр қуатын береді. Жаз кездерінде сегіз мың киловатқа дейін жетеді. Ал күз бен қыстың арасында төрт пен алты мың килловаттың арасында. Бұл — өте тиімді нәрсе.
Сондай-ақ, халықаралық форум аясында Шымкенттің іргесінде күн электростансасы іске қосылды. «Ақсу-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған бұл жоба қалалық кәріз жүйесі маңынан салынған. Стансаның құрылысы 300 млн. теңгені құрап отыр. Тың жобаға қажетті қаржының 80 пайызы мемлекет тарапынан несие ретінде беріліпті. Енді станса алдағы бес жыл ішінде несиелік қаражатын толық ақтайтын болады деп жоспарлануда. Төрт жарым гектар аумаққа салынған бұл нысанның электр қуатын шаһарға су таратушы компания тұтынады. Серіктестік күннен қуат алатын құрылғыны қосып қана қоймай, он бір адамды жұмыспен қамтыды.
Габриэль МОРЭН, «Шымкент цемент» АҚ бас директоры:
– Шымкент цемент» компаниясы тарапынан желден энергия көзін алатын бірқатар жобалар ұсынып отырмыз. Бәрі де қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай жасалмақ. Құрғақ желіні іске қосу арқылы істейтін желдеткіш диірмендер салу үшін компания 800 млн. АҚШ долларын бөліп отыр. Сондай-ақ, Төлеби ауданында да қуаттылығы 1 меговатт болатын 20 жел диірмені орнатылады.