Кредит пен қарызды жабу: Зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне өзгерістер енгізіледі
Алдағы уақытта зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне өзгеріс енгізіледі. Соның арқасында тұрғын үй алудың жаңа тетіктері іске қосылады. Зейнетақы жинағының есебінен кредит пен қарыз жабудың тың жолдары ашылады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген экономистер соңғы өзгерістердің халыққа қандай пайдасы тиетінін түсіндірді.
Зейнетақы жинағын бірнеше мақсатта пайдалануға болады
Жақында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне енгізілетін өзгерістердің жобасын талқылауға шығарды. Ол әлі заңды күшіне енген жоқ. Дегенмен құжаттың жобасы дайын. Оған сәйкес алдағы уақытта зейнетақы жинағының бір бөлігін тағы бірнеше мақсатта пайдалануға рұқсат беріледі. Олар:
жұмыс берушінің ақшасына сатып алынған үйдің қарызын қайтару;
тұрғын үй жинағын толтыру;
тұрғын үй құрылыс кооперативіне үлестік қатысу келісімшарты негізінде жарна ретінде салу;
үйді айырбастау кезінде үстінен қосатын ақша ретінде пайдалану;
тұрғын үй сертификаттарының ақшасын қайтару;
ауылды жерде үйді сатып алуға немесе салуға берілген бюджеттік кредиттерді қайтару.
Бұдан бөлек, зейнетақы жинағының бір бөлігі жекеменшік жер учаскесінде тұрғын үй немесе қосалқы шаруашылықтың құрылысына, жер учаскесін сатып алуға және айырбастауға беріледі деген жоспар бар.
Жаңа өзгерістің шарапатын кім көреді
GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, жаңа өзгерістер "Дипломмен ауылға" сияқты бағдарламаға қатысқан жас мамандарға бюджеттік кредиттерді қайтаруға мүмкіндік береді. Бүгінде осы бағдарлама аясында үйді сатып алуға немесе салуға жеңілдетілген кредиттер беріледі.
"Сосын солтүстікке көшіп барғандар бюджеттік кредитін жаба алады. Дегенмен ондай адамдар көп емес. Бұл өзгерістердің ауқымы тар, жекелеген адамдарға ғана арналып отыр. Негізі зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдаланатын адамдар оны баяғыда шешіп алған. Осы уақытқа дейін бір триллионнан астам қаражат пайдаланылды. Көбісі үй алды, қалғаны ипотекасын жапты. Ал жаңа өзгерістер көп адамды қамтиды деп айта алмаймын", - деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің есепшотына аударып, ары қарай жинай беруге де мүмкіндік беріледі. Алайда Отбасы банкінің тиісті талаптары бар. Атап айтқанда, есепшотқа үнемі ақша салып отыру қажет. Ал сыйақының мөлшері жоғары болса ғана төмен процентпен ипотека алуға мүмкіндік бар. Ол үшін есепшотта барынша көп ақша болуы шарт.
"Енді бұл да бір мүмкіндік, таңдаудың бір жолы. Қазір асықпай ақша жинайды да, артынан төмен процентпен ипотека алады. Әрине, онымен тез арада баспана мәселесін шеше алмайсың. Өйткені алдымен тиісті соманы жинау қажет. 2-3 жыл кете ме, одан көп бола ма, есепшотқа салынған ақшаға байланысты", - деп атап өтті сарапшы.
Оның айтуынша, жұмыс берушінің ақшасына үй сатып алған адамдар да көп емес. Сондықтан зейнетақы жинағының есебінен осы ақшаны қайтаратындар аз болады.
"Иә, кейбір компаниялар өз қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етіп, білікті мамандарды ұстап қалуға тырысады. Дегенмен ондай компаниялар көп емес. Жалпы бұл өзгерістердің керемет бір әсері болмайды. Бірақ кейбір адамдардың мәселесін шешуге мүмкіндік беріледі", - деді Халық.
Сарапшы зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне өзгеріс енгізгеннен кейін оны іске асыру механизмін де анықтау қажеттігін жеткізді.
Зейнетақы жинағын пайдалану шегін түсіру керек
Экономист Марат Қайырленов те жаңа ережеден көп өзгеріс күтіп отырған жоқ. Себебі зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шегі бұрынғы деңгейде қалды. Ал баспанаға мұқтаж адамдардың көбісі белгіленген сомадан артық ақша жинап үлгермеген. Соңғы жылдары халықтың табысы да төмендеп кеткен.
"Меніңше, баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағын бір рет алуға мүмкіндік беру керек. Қазір пандемияға байланысты балалар қашықтан оқиды, ата-аналар да үйде отырып, жұмыс істейді. Барлығы бір-екі бөлмелі пәтерге тығылып отырады. Міне, осындайда баласы бар отбасылардың баспана мәселесі ерекше сезіледі", - дейді Қайырленов.
Сарапшының ойынша, баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шегін төмендету керек.
"Мәселен, бала санына қарай зейнетақы жинағын пайдалану шегін 4 миллионнан 1,5-ға немесе 1 миллионға түсіруге болады. Сонда олар үйдің қарызын жауып, баспанасын кеңейте алады. Осылайша біз кедейшілікті азайтып, адам капиталына ақша салатын едік.
"Бала – біздің болашағымыз" дейміз ғой, онда сол болашағымызға ақша салайық. Ал жаңа өзгерістер көп адамды қамтып отырған жоқ", - деп атап өтті Қайырленов.
Экономист зейнетақы жинағын халықтың 7 проценті ғана пайдланғанын еске салды. Ал баласы бар отбасылар үшін шекті межені түсірсе, осы көрсеткішті 25 процентке дейін жеткізуге болады. Осылайша нағыз халықтық бастама іске асады. Оның әлеуметтік-экономикалық нәтижесі де жоғарылайды. Ал, ең бастысы, болашаққа инвестиция саламыз.