Ел экономикасына әжептәуір нұқсан келтіретін «кәсіп» ол – көлеңкелі бизнес. Көлеңкелі бизнес, ең әуелі, мемлекеттің салық базасын қысқартып, қазанын ортайтады. Соның кесірінен экономиканың заңды түрде жұмыс істеп жатқан секторларына салық ауыртпашылығы арта түседі. Сондай-ақ көлеңкелі бизнес заңды экономиканың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Бұл өз кезегінде өзге экономикалық құрылымдарды да көлеңкелі бизнеске кетуіне итермелейді. Ең сорақысы – сыбайлас жемқорлықтың тамыр алуына мүмкіндік береді. Көлеңкелі бизнес көбейген жерде қаржы институттары да секем алып, мемлекетке деген сенімін жоғалтады.
Сондықтан да мемлекет қаржы жымқыруға және осындай көлеңкелі бизнестің өріс алуына жол ашатын әрекеттердің тамырына балта шабу үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Сол үшін де елімізде Қаржы министрлігі жанынан қаржы мониторингі комитеті құрылып, арнайы «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заң да қабылданды. Кеше Астанада ақшаны жымқыруға қарсы іс-әрекет жөнінде екі күнге созылатын үлкен семинардың басталуы да осы мақсатқа саяды. Бұл семинарда шетелден келген сарапшылар мен мамандар екі күн бойы дәріс оқиды. Оның ішінде шетелдің тәжірибелері де айтылады.
Семинарды Қаржы министрлігінің «Қаржы жүйесі органдары мамандарын дайындау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығы» АҚ, қаржы мониторингі комитеті және Литва Республикасы Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік басқару институты ұйымдастырып отыр.
Халықаралық валюта қоры сарапшыларының есептеуінше, жыл сайын жымқырылатын ақша көлемі әлемдік жалпы ішкі өнімнің 2-5 пайызын құрайды екен. Яғни 2007 жылғы дағдарысқа дейінгі мәліметке сүйенсек, жымқырылған ақша көлемі 72,5 триллион доллар болған. Ал 2007 жылы күллі әлем бойынша 1,45-3,62 триллион доллар азғантай топтың қалтасына түскен. Бұл дегеніміз білдей бір дамушы мемлекеттің жалпы ішкі өніміне тең келеді деген сөз.
Қаржы полициясы және прокуратура органдарының анықтауына сүйенсек, Қазақстанда ақша жымқыруға жол беретін көлеңкелі бизнеске жататын әрекеттердің түр-түрі бар. Атап айтсақ, салықтық қылмыстар, жалған кәсіпкерлік, есепке алынбаған өнімдер айналымы, экономикалық контрабанда, қылмыстық жолмен тапқан қаржыны заңдастыру және оны шетелге шығару секілді қылмыстар.
Соңғы жылдар ішінде елімізде көлеңкелі бизнес айналасында 3 мың 127 қылмыс ашылған. Бұлардан 112 миллиард теңге көлемінде залал келген. Оның тек 61,2 миллиард теңгесі ғана қайтарылған.
Мұның ішінде кең тараған қылмыстың бірі – жалған кәсіпкерлікпен айналысу. Бұл қылмыс елімізде былтырғы жылды есептемегенде, жыл сайын 20-30 пайызға өсіп отырған. Мәселен, 2008 жылы 360 жалған кәсіпкерлік тіркелсе, 2009 жылы – 560, 2010 жылы 889-ы тіркелген. 2011 жылы ғана 443-ке азайған. Бұлардан мемлекетімізге келген залалдың көлемі де айтарлықтай көп. 2011 жылы бұл қылмыстардан келген залал 33,7 миллиард теңге болған. Бұл соманың жартысының азы ғана мемлекет қазанына қайтқан.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, мұндай «көртышқандардың» әрекетіне тосқауыл қоятын уақыт келді. Сондықтан да мемлекет үшін мұндай семинарлар ауадай қажет. Шетелдің оңды тәжірибесі болса, неге елімізде соны қолданбасқа?
Ромуальдас Повилас ПЕТРАЙТИС, Литва Республикасы Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік басқару институтының директоры:
– Біздің Қазақстан «Қаржы жүйесі органдары мамандарын дайындау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығымен» бірігіп өткізіп отырған семинарымыз алғаш рет өтіп отыр. Біз Литва Республикасы Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік басқару институты ретінде мемлекеттік қызметтің тиімді моделін жасауға және Литвадағы мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға жауап береміз. Осыған байланысты біз мемлекеттік қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуі үшін шетелдің біліктілікті арттыру орталықтарымен тығыз байланыс жасап, тәжірибе алмасамыз. Сондықтан да бұл семинар мамандарды оқыту ғана емес, сонымен қатар Литва мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты арттыру және бірыңғай экономикалық кеңістік және еуропалық одақ деңгейінде өзара әрекеттестік болып табылады.
Көлеңкелі бизнес көңілге кірбің ұялатып тұр
Последние статьи автора