Көктемгі егіс науқанына дайынбыз ба?
Көктем келіп еді, егіс науқаны басталды. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров биыл 21,5 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себілетінін мәлімдеді. Оның 18,5 млн гектарын осы көктемгі егістік кезінде пайдаланбақ.
Мұның 12,2 миллион гектарына бидай себілсе, 15,2 млн гектарға дәнді дақылдар егіледі. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 0,1 млн гектарға артық.
Егіс жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникалары да дайын тұр. Республика бойынша 154 мың трактор, 90 мың дәнсепкіш, 334 мың топырақ өңдеу құралы, 5 мың бүріккіш, 3,4 мың заманауи жоғары өнімді себу кешені жұмылдырылмақ. Бұлар көктемгі егіс науқанына сақадай сай. Диқандар да көктемгі егіс науқанына дайын. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында шаруаларға 60 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие бөлінді. Ал өткен жылы диқандарға бөлінген несие 20 млрд теңге ғана болатын. Аталған қаражат несие түрінде екінші деңгейлі банктер, Азық-түлік келіcімшарт және Аграрлық несие корпорациялары арқылы бөлінеді.
Наурыз айының соңында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 15,7 млрд теңге берілді. Оның 13,1 млрд теңгесі бюджеттік несие есебінен, қалған 2,6 млрд теңгесі бюджеттен тыс көздер есебінен бөлінді. Ал өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға биыл 78,2 млрд теңге бөлінді. Мұның 34,7 млрд теңгесі – басымды дақылдар өндірісін субсидиялауға, 27 млрд теңге – минералды тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын арзандатуға, 6 млрд теңге – ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша өтемақы мөлшерлемесін арзандатуға, 3,4 млрд – көкөніс-жеміс дақылдарын және жүзімді отырғызу мен өсіруге бағытталды.
Көктемгі егіс жұмыстарына «ҚазАгро» ұлттық холдингі компаниялар тобы да бір кісідей атсалыспақ. Ұлттық холдинг көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 2015 жылы 97 млрд теңге бағыттауды жоспарлады. Ал былтыр холдинг тарапынан 49,9 млрд теңге бөлініп, егін егу және жинау жұмыстары қаржыландырылған болатын. Бұдан бөлек көктемгі егіс науқаны үшін арзан бағамен 370 мың тоннаға жуық дизель отынын жеткізу ісі де қолға алынды. Жанармайдың 1 тоннасының құны 82 мың теңге деңгейінде бекітілді. Демек, бұрынғыдай диқандар дизель отынынан тапшылық көрмейтін болады.
Ендігі мәселе – өндіріп өнім алу. Сөйтіп, елімізге ғана емес, шетелге де экспорттау. Былтыр біздің ел шетелге 5 млн тоннадай өнім сатқан болатын. Соның ішінде біздің бидай Еуропа елдеріне, Қара және Балтық теңізі жағалауларына дейін жетті. Егер егін бітік шықса, биыл 7 млн тонна бидай экспортталмақ.
Министрлік биыл өсімдік шаруашылығын әртараптандыруды қолға алғалы отыр. Яғни бидай өндірісін субсидиялау нормалары қысқартылып, бидай мен күріш алқаптарының аумағы айтарлықтай азаяды. Бидай алқабы – 235 мың (2 пайыз), күріш алқабы 8,5 мың (9 пайыз) гектарға азаймақ. 2009 жылмен салыстырғанда біздегі бидай алқабы 2,4 млн гектарға азайды. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мұның себебін былтырғы ысырап болған өніммен түсіндірді. Рас, былтыр диқандар егіндерін еш жерге өткізе алмай шаш етектен шығынға батқан болатын. Шаруалар биыл сол қателіктен сабақ алмақшы. Диқандар мұндай өзгерістің астықтың көлеміне кедергі келтірмейтінін айтады. Яғни биылғы алынатын астық көлемі былтырғы алынған астықтан еш кемімейді деп отыр. Қосымша бөлінген қаражат есебінен өзге дақылдарға жоғары субсидия нормативтері белгіленді. Соның арқасында, дәнді-жемдік, бұршақты және жарма дақылдарының алқабы 104 мың гектарға ұлғайтылмақ. Оның ішінде майлы дақылдар – 2,2 млн гектар, жемшөп дақылдары, яғни дәнді-жемдік мал азықтары – 3,7 млн гектар алқапқа орналастырылады.
Қазгидромет қызметі ауа райының да егіс науқанына кері әсері тимейтінін айтады. Ақмола және Қостанай облыстарынан басқа облыстарда қар жамылғысының биіктігі былтырғыдан жоғары болды. Демек, көктемгі дала жұмыстары ойдағыдай іске асары сөзсіз.
aikyn.kz