Ауыл баласы арманшыл келеді. Аманбек те солардың бірі. Қазақты шетелдіктерге ғана емес, қазақтың өзіне танытқысы келіп қиялдап жүрген қазақи жігіт. Ешкі мен қойдың төлін ажырата алмайтын қала баласының қолына таяқ беріп, қой бақтырып, тырнағы сояудай сылқым келіншектерге сиыр сауғызып, тары түйдірмек ойы бар. Ол үшін өзі өмірге келген Ырғыз өңірінен экотуризмді дамыту үшін жер алмақ. Үш жыл бойы киіз үй тұрпатында заманауи тұрғын үй салудың жобасын жасапты. Қазіргі заман тілінде айтылатын мансард қабатын қоса санағанда ұзындығы 14 метр, көлемі 120 шаршы болатын тұрғын үйдің салу құны да қымбатқа түсе қоймайтындай. Қазақ киелі санайтын 7 санын ескере отырып, 7 бөлмеге 7 терезе қойып, 70 уықпен қабырғасын қаламақ. Үйдің іргетасына дейін 70 см-ден аспайытындай етіп құямын, - деп отыр өнертапқыш.
Тұла бойы жаңа идеяға тұнып тұрған томашадай жігіттің арманы Алатаудан да биік. Кезінде ата-бабамыз кешкен тұрмыс-тіршілікті бүгінгі ұрпақ ұмыт қалдырмауы үшін әр ісін ұлттық идеямен байланыстырғысы келеді. Әлі жоба күйінде болса да, Аманбекті тыңдап отырғанда осы істердің бәрі жүзеге асып жатқандай сезінесің.
Аманбек СЫДЫҚОВ, өнертапқыш:
–Қалада тұратын достарымның балалары қозы мен лақты ажырата алмайды. Әке-шешелері ауылда туып-өскенмен, кішкентайлар қойды көзімен көрмеген. Сондықтан мен Айбергеновше айтқанда, «қыз күнін сағынатындай», қыр қазағының қалай тұратынын қалалықтарға экзотика болатындай жағдай жасағым келеді. Қалағаны алдына отарды салып алып, қой бағып қайтсын. Май шайқап, құрт қайнатқысы, жарма ұнтап, тары түйгісі келетіндер болса, келі мен қазан дайын. Қысқасы күнделікті базардан сатып алып жүрген төрт түлік өнімдерін өз қолдарымен дайындап, еңбектерін сіңіретін болады. Жатам десе де, жуынса да, тамақ пісірсе де осы заманға сай құралдармен жабдықталған киіз үй формасында құрылған үйде тұра алады келгендер.
Қазіргі мақсатым, осы жобамды патенттеп алу. Және «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатыссам ба деген ойым да бар. Кейін ауыл әкіміне кіріп жер сұраймын. Ақылдасқан адамдарым «Жол картасы - 2020» Бағдарламасы арқылы мемлекеттен көмек алуға мүмкіндігің бар деп айтып жатыр.
Он шақты жыл құрылыс саласында тәжірибесі бар Аманбек өзі сызған жобасын жүзеге асыру үшін көп қаржы кетпейтінін айтады. Заманауи құрылыс материалдарымен салғанда бір үйдің құны шамамен 40-50 мың АҚШ долларын құрайды. Айтуынша, Ақтөбенің орталығынан демалыс орнын ашқысы келетін бір кәсіпкерден тапсырыс та түскен. Енді жер алу мәселесін аулының атқамінерлері шешіп береді деп иек артып отыр.
Алтынбек САРИН, «Ырғыз» селосының әкімі:
–Жерлесіміздің осындай тың бастамасы бізді де қуантып отыр. Оған қолдан келген көмектің бәрін жасаймыз. Мен аудан әкіміне бұл жаңалықты жеткіземін. Ішкі туризмді дамытуды қолдайтын Бағдарламаларға енгізіп, мемлекет тарапынан көмек алуға жәрдем етеміз.
Өнертапқыш жігіт өз ойын Ырғыз ауданының «Мәні әулие» деген жерінде жүзеге асырғысы келеді. Айтуынша, бұл жердің табиғаты Швейцариядан еш кем емес. Тек жол қатынасы қиындық келтіруі мүмкін. Бірақ қиялы ұшқыр жігіт қыс мезгілінде демалғысы келетіндер үшін ат, шана сайлаймын деп ол мәселені де шешіп қойғанға ұқсайды.