Келіншек басқаратын кәсіпорын 100 мыңға тарта аяқкиім шығарады
Ол басқаратын кәсіпорында 167 адам еңбек етеді, олардың басым көпшілігі – қыз-келіншектер. Отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оның алға қойған мақсаты анық, мұраты айқын, ойы нық.
Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз өзі жайында жарнаманы аса құптай бермейтін, бастаған ісін соңына дейін жеткізгенді жаны сүйетін, шаруасын дөңгелентіп отырған жандар, «Жамал-ай» АҚ президенті – Зібира Хасанова. Кейіпкеріміз басқаратын кәсіпорын арнайы аяқкиім және әлеуметтік сала қызметкерлеріне қажетті арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысады. Қазіргі таңда кәсіпорын әйелдер мен ерлер үшін «Sharkey» сауда белгісімен мокасиндер шығаруды қолға алған.
Кәсіпорын Италияның, Германияның жоғары технологияларымен жабдықталған. Өткен жылдың өзінде кәсіпорын шамамен, 900 млн теңге көлемінде табыс тауып, жыл ішінде фабрика 100 мың жұпқа тарта аяқкиім шығарған.
– Бүгінде ең басты мақсат – өндірісті құлдыратуға жол бермеу. Біз өзіміздің отандық өнімді насихаттайтын боламыз. Егер еліміздің әрбір азаматы «Қазақстанда жасалған» идеясын сезініп, шетелдікке қарағанда отандық тауарға мойын бұратын болса, онда ол сол сатып алған затымен отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға көмектеседі деген сенімдемін. Сайып келгенде, біздің еліміздің экономикасына бәсекеге барған сайын қабілетті бола түседі, біздің Елбасы да үнемі осыған үндеп келеді. Сондықтан да тұрғындарды отандық өнімдерді неғұрлым көптеп сатып алуға шақырамын, – дейді «Жамал-ай» АҚ-тың президенті Зібира Хасанова.
Жақын күндері кәсіпорын «Sharkey» сауда белгісімен мокасиндер шығармақ. Ол үшін барлығы 300 мың долларға жуық қаржыға түрік және итальян жабдықтары, қолдағы жабдықтарды жаңарту үшін қосалқы бөлшектер сатып алынған. Мокасиндер үшін шикізат ретінде тек табиғи былғары қолданылмақ. Түс түрлері де ойластырылуда. Аяқкиім табанының алдыңғы бөлігінде «Sharkey» атауы жазылып, басқа бөлігі былғарымен қамталмақ.
– Мокасиндерді шығаруға көмектесу үшін Италиядан арнайы маман шақырдық. Қызметкерлеріміз біліктіліктерін арттырып, шеберліктерін шыңдады. Аяқкиімнің фирмалық табанын шығару үшін қалыптар кұюға арналған құралдар алдық. Сауда маркасының бренді мен логотипі жасалды. Жақын уақытта өз өнімімізді шығаратын боламыз. Біздің өніміміз бәсекеге қабілетті. Біз шығаратын мокасиндер түрлі-түсті безендіріледі. Сапасы да жақсы – бірегей ұлтан, табиғи теріден жасалады. Біз оны жетілдіре түсіп, «Made in Aktau» брендімен ұсынбақпыз, – дейді З.Хасанова.
Өндірісте жоғары білікті, көпжылдық жұмыс тәжірибесі бар мамандар қызмет атқарады. Солардың бірі ұзақ жылдар тігін цехында жұмыс жасайтын Галина Седова. Кәсіпорында 30 жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқан білікті маман бар білгенін жастарға үйретуден жалыққан емес.
«Мен осы мекемеден нәпақымды тауып, абыройлы қызмет атқарып келемін. Ұжымымыздың ауызбірлігі мен жұмысқа деген ерекше ынтасын мен жоғары бағалаймын. Біздің кәсіпорын 1994 жылы итальяндық мамандармен бірлесіп, әскери қызметкерлерге арналған қысқа және биік қонышты бәтеңкелерді жасау технологиясын қолға алды. Сол уақыттан бері еліміздегі әскери құрылымдарды сапалы табаны құю әдісімен бекітілген биік қонышты бәтеңкелермен қамтамасыз етіп келеміз. Сонымен қатар арнайы қорғаныс қасиеті бар аяқкиімдерге құрылыс және мұнай саласының қызметкерлері де тапсырыс береді» дейді Галина Седова.
Жемісті» еңбегімен еленген кәсіпкер әйел Зібира – отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Өмірлік серігі Әбуғали екеуі Мұрат-Марат есімді егіз ұлды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.