Құралай Елдесбай, «Тақафул» халал сақтандыру өзара сақтандыру қоғамының басқарма төрайымы:
Соңғы жылдары қаржы нарығында ислам қаржылары, исламдық қаржыландыру, ислам банкі, ислам қаржы құралдары секілді ұғымдар ғана емес, бұл тіркестердің арғы жағында ақырындап болса да, халық игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан бірлі-жарым исламдық қаржы нарығының түрлері бар. Солардың бірі – «Тақафул» халал сақтандыру өзара сақтандыру қоғамы. Ашылғанына небәрі екі жыл болса да, бүгінде компанияның 600-ге жуық тұтынушысы бар әрі дербес қызмет сапасы қалыптасып үлгерген. Исламдық сақтандырудың дәстүрлі сақтандыру жүйесінен қандай айырмашылықтары мен артықшылықтары бар екенін, қызмет көрсетуде нендей негіздерге сүйенетінін, сондай-ақ бүгінгі заңның аясында қалай жұмыс істеп келе жатқандығын білу мақсатында «Тақафул» халал сақтандыру өзара сақтандыру қоғамының басқарма төрайымы Құралай Елдесбайды әңгімеге тарттық.
– Дәстүрлі сақтандыру мен исламдық сақтандыру жүйелерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына тоқтала кетсеңіз...
– Исламдық қаржы жүйесінде дәстүрлі қаржы жүйесінде ұсынылатын барлық нарық түрі бар, бірақ, әрине, өзінің шариғатқа сай келетін құралдарымен. Сақтандыру нарығына келсек, дәстүрлі жүйеде жай сақтандыру болса, исламдық сақтандыруда ол тақафул деп аталады. Оны ең алғаш Малайзия мемлекеті қолданған. Тақафул 1979 жылы Суданда пайда болса, 1984 жылы Малайзияда «Тақафул акт» дейтін арнайы заң қабылданып, содан бастап исламдық сақтандыру қолданысқа ене бастады. Түбірі арабтың «кафала» дейтін сөзінен шықса, «та» қосылғанда такафул, яғни өзара көмек деген мағынаны береді. Ислам ғалымдарының айтуынша, бұл жай сақтандыру сияқты емес, өзіндік айырмашылығы бар.
Мәселен, адам жай сақтандыру компаниясына келіп, бір тәуекелім бар, ол құрып кетуі мүмкін, сол тәуекелімді сіздер сатып алыңыздар, сол үшін сіздерге ақша беремін дейді. Оқыс жағдай болған кезде сақтандыру компаниясы сол шығынның ақшасын қайтарып беруі тиіс. Енді қараңыз, ислам ғалымдары кез келген тәуекел қарауға, ұстауға келетін зат болуы керектігін айтады. Себебі ол тәуекелдің не зат екендігін білмей тұрып, оны сатуға да, сатып алуға да болмайды. Оған дәлел ретінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері де бар. Дәстүрлі сақтандыру жүйесінен негізгі айырмашылық – осында.
– Исламдық сақтандыру жүйесінің жұмыс істеу механизміне кеңінен тоқтала кетсеңіз...
– Исламдық сақтандыруда өзара көмек үшін арнайы сақтандыру қоры құрылады. Бұл қордың иесі жоқ, онда сақтандырылатын азаматтардың қаржылары жатады. Қордың ұйымдастырушысы онда кімнің қандай тәуекелі барын, кімге қанша мөлшерде ақша төлеу керектігін біліп отыруы тиіс. Сәйкесінше, ол қаржы айналымда болып, жұмыс істеп тұруы қажет. Міне, осы мәселелердің барлығын қадағалап отыратын қаржы мекемесі немесе тақафул операторы құрылады. Бірақ, осы тұста айта кететін бір мәселе, ол оның иесі емес, ол – тек ұйымдастырушысы. Екінші мәселе, дәстүрлі қаржы жүйесінде сақтандыру компаниялары сақтандырылушылардың ақшасын әртүрлі қаржы құралдарына, мәселен, депозиттерге, сан түрлі облигацияларға салады. Бұл енді исламдық қаржы жүйесінің қызметіне сай келмейді. Сондықтан исламдық сақтандыруда ақша тек қана шариғат рұқсат ететін қаржы құралдарына салынады. Үшінші ерекшелігі, дәстүрлі сақтандыруда «өмірді сақтандыру» дейтін түсінік бар. Ал исламдық сақтандыруда оны отбасылық сақтандыру деп атайды. Төртінші мәселе, дәстүрлі сақтандыруда сақтандыру компаниясы оқыс жағдай орын алғанда шығынды өз қалтасынан шығаратынын ескерсек, ол оны толығымен төлемеу үшін барлық амал-әрекетін жасайды, ол ақшаны акционерлеріне береді, қысқасы, келісімшарт сақтандыру компаниясының пайдасына қарай құрылады. Исламдық сақтандыруда ол жоқ. Тақафул оператор қорға иелік етпейді. Қордағы ақша көп пе, аз ба – ол оның қаржылық жағдайына әсер етпейді. Ол тек қана қор жұмысын ұйымдастырушы болады. Сондықтан тақафул компанияларының ең басты ерекшелігі – ақшаны толығымен уақытында төлеуінде.
– Дүниежүзі бойынша тақафул сақтандыруды қолданатындардың көп бөлігі мұсылмандар ма, мұсылман емес азаматтар ма?
– Ол мемлекетке байланысты. Мәселен, Сауд Арабиясы, БАӘ сияқты мемлекеттерде, әрине, негізгі тұтынушылар – мұсылмандар. Ал Малайзия секілді аралас дін өкілдері бірге тұратын мемлекеттерде салым жағынан қарағанда мұсылман емес адамдардың айналымдағы қаржысы көп болып шықты. Саны азырақ шығар, бірақ салым мөлшері көбірек болып тұр. Олар неліктен қызығушылық білдіріп отыр десеңіз, бүгінде тиімділік тұрғысынан қарап отыр.
– Сонда бүгінгі таңда ислам қаржыларының даму қарқыны қай деңгейде?
– Қазір қарқыны жақсы. Жыл сайын өтетін дүниежүзілік конференцияларда айтылып жүргендей, исламдық қаржы жүйесі жылдан-жылға мұсылман емес Еуропа елдерінде, АҚШ, Жапония сияқты көптеген мемлекетте қанатын жайып келеді. Мәселен, АҚШ ислам банктерін ашып жатыр, Жапония сукук шығаруда т.б.
Оның үстіне бізде дағдарыс дейтін ұғым бар ғой. Біреулер дүниежүзілік үшінші дағдарыс басталып кетті десе, екіншілері енді басталады деп байбалам салуда. Сонда адамдар бұл дағдарыстың себебіне, шығу негізіне үңіледі, яғни қазіргі қаржы нарығындағы ақша айналымында нақты активтер аздық етеді немесе жоқтың қасы. Осы тұста орыстың қаржы саласында жүрген зерттеуші ғалымдары исламдық сақтандыруды дағдарыстың негізгі тосқауыл құралдарының бірі деп айтып жүр. Дағдарыстан шығу үшін Ресейде ислам банкі ашылуы мүмкін деген пікірлер де айтылып келеді.
– Исламдық сақтандыру Қазақстанның сақтандыру нарығына қаншалықты лайықты деп ойлайсыз?
– Енді қараңыз, қазір сұраныс бар. Жылдан-жылға мұсылмандардың саны артып келеді, бұл – бір мәселе. Екіншіден, ЖИР, яғни жылдамдатылған индустриялық революция дейді, соның қарамағында ислам елдерінен Қазақстанның зауыт, фабрикаларына инвестиция тартылады деп күтілуде. Осы тұста міндетті түрде сақтандыру қызметі пайдаланылады деп күтілуде. Үшіншіден, бізде банк жұмыс істеп жатыр. Банктің басқа да өнімдері ұсынылса, оларды сақтандыру керек болады. Осындай мәселелер орын алуда, яғни сұраныс бар. Ал заңнама тұрғысынан біз әлі де дайын болмай шықтық. Тіпті Әзірбайжан мемлекетінің Ұлттық банкімен сөйлескенімде олар өз заңдарында исламдық сақтандыру қызметі өзара сақтандыру қызметін жүзеге асыра алады деген сөздерді бұрынырақта қосып жіберген. Сондықтан олар қазіргі таңда ешқандай қиындықсыз исламдық сақтандыру қызметін пайдалануда. Ал біздің заңға біраз өзгерту енгізуге тура келіп тұр. Осы жылдың аяғында ол заңнама қабылданса, онда біз де исламдық сақтандыруды нарыққа енгізуге дайын боламыз.
– Ал қазіргі заңның аясында «Тақафул» қалай қызмет атқарып жатыр?
– Қазір біз дәстүрлі сақтандыру аясында өзара сақтандыру қоғамы ретінде жұмыс істеп отырмыз. Сондықтан заңнама жағынан біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі. Мәселен, міндетті сақтандыруды ұсына алмаймыз, қаржыны қандай қағаздарға салуға болатыны я болмайтыны шешілмеген. Тек ерікті сақтандыру түрін ұсына аламыз. Оның ішінде жеке тұлғаны сақтандырудың бірнеше түрі бар, ол медицинаға, оқыс жағдайларға қатысты.
– Бүгінде тұрақты тұтынушыларыңыз бар ма?
– Бар. Шетелдерге шыққанда оқыс жағдайлар болып, біз оларға шығындарын төлеген жағдайлар орын алған. Кейін қайта келіп, қызметімізді пайдаланып, ризашылықтарын білдірді.
ТМД мемлекеттерінде исламдық сақтандыруға деген қызығушылық бар. Мәселен, Әзірбайжанда тақафул ашылғалы жатса, Ресейде дәстүрлі сақтандыру өзінің қарамағынан исламдық деп өнімдерін шығарып жатыр.
– Ал исламдық сақтандыру дәстүрлі сақтандыру нарығының орнын баса алады деп ойлайсыз ба?
– Таза исламдық мемлекеттерде исламдық сақтандыру нарығының орны ерекше. Ал Малайзияда исламдық сақтандырудың өз орны, дәстүрлі сақтандырудың өз орны бар. Егер мұсылмандар таза шариғатқа сай сақтандыру түрін пайдаланамыз десе, жай адамдар өздеріне қайсысы тиімді – соны таңдай алады. Алайда соңғы кезде ғалымдар ол екеуінің біріне-бірі сәйкес келмейтін, бәсекелес бола алмайтын қызмет түрлері екендігін айтып жүр. Енді Қазақстанның жағдайына келер болсақ, өз тәжірибемізде дәстүрлі сақтандырудың ішіндегі міндетті сақтандыру қызметі исламдық сақтандырудың ішінде болса, пайдаланар едік дейтін азаматтар кездесіп жатыр. Олардың әрқайсысы өз алдына жұмыс істеп, бәсекелес болмауы тиіс деп есептеймін.
– Құралай, әңгімеңізге рақмет. Істеріңізге сәттілік тілеймін.
– Сізге де рақмет.
Табира БЕКМЫРЗАЕВА, «Қазақстан Қаржылық Қоры» ИАИТИҚ» АҚ баспасөз хатшысы