Исламдық бағалы қағаздар шығаруға ынтамыз зор...
Қазақстан жақын арада ешқандай пайызсыз қарыз беруші кірісіне тәуелді бағалы қағаздар – сукук облигациясын шығаруға қызығушылық танытып отыр. Бұл жайында еліміздің индустрия және жаңа технологиялар министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Сауранбаев мырза өз сөзінде еліміздің исламдық қаржы жүйесін дамытуға деген ынта-ықыласы түзу екенін, тіпті ел Президентінің өзі 2011 жылы исламдық қаржы жүйесін дамытуға; қарапайым халықтың қолы жететін сукук облигацияларын шығаруға; сол арқылы халықтың қалтасына кіріс кіргізу жүйесін меңгеруге қатысты арнайы тапсырмалар бергенін де атап өтті.
Міне, осыған орай отандық мамандарымыздың бір парасы «болашақта біз бұл бағытта жүйелі іс атқарғымыз келсе, мемлекеттік холдингілерге және ұлттық компанияларға сукук облигацияларын орналастыруға, сукук бағалы қағазын шығаруға инвестиция салуға мүмкіндік беруіміз қажет» дейді. Ал бұл орайда Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өкілдері биылғы жылдан бастап қазақстандық Даму банкі сукук облигацияларын шығаруды жоспарлап отырғанын, артынша біршама мемлекеттік компаниялар мен ұлттық холдингілер бұл іске тартыла бастайтынын мысал етті. Сондай-ақ вице-министр Нұрлан Сауранбаев сукук облигацияларына инвестиция салуға алкоголь, темекі өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, халал емес өнімдер шығарумен айналысатын фирмалар, қару-жарақ сатушы орындар қатыса алмайтынын баса айтты.
Негізінен, «Сукук облигациялары экономикалық әлеуеті мықты ірі жобаларды қаржыландыруға септігін тигізеді» деген үміт те жоқ емес. Ал, жалпы, уақыт өте келе бұл ислам қағаздары қарапайым халыққа да қолжетімді болмақ. Ислам бағалы қағаздары бойынша мәліметті бағалы қағаздарды сату және сатып алу ісі бойынша жасауға болады. Яғни кез келген адам брокерлік ұйымға барып, ислам бағалы қағаздарын сатып алуға болады. Бір ескеретіні, «сукук» сөзінің өзі «заңдық құжат, түбіртек» деген мағына беретіндіктен, сукуктың қарапайым облигациялардан өзіндік ерекшелігі де бар... Оны төмендегі кестеден байқауға болады: