Мамыражай мамыр айы басталысымен, Республикалық статистика агенттігі сәуір айындағы инфляция көрсеткішін есептеп шығарды. Мамандар былтырғы сәуір айындағы инфляция көлемі 7,1 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш едәуір өскенін мойындап та отыр. Тіпті бұл ретте «бүгінде инфляцияны тежеу Үкімет пен Ұлттық банк үшін үлкен проблема болып тұр» деген пікірлер легін қыздырушылар тобы да артып барады.
...Жалпы, инфляцияның салқыны анық сезілгеннен-ақ біздің Үкімет «ереуіл атқа ер салып», талай-талай тулап қаһарына мінді. Бұл ретте Үкімет басшысы Мәсімов мырза: «Бағаны өсіргендердің басы кетеді!» деп, жергілікті әкімдерге бір шүйлікті. «Істеріңнен сөздерің озық!» деп, антимонополиялық комитет басшыларына, қарамағындағы министрлерге тағы бір түйілді. Қысқасы, қазірде Үкіметте инфляцияға төтеп беруге қатысты күнде жиын. Әйтсе де қымбатшылық асау аттай бұғалық салғызбай-ақ тұр. Ал енді мұндайда қандай шара қолданған жөн?
Не істеу керек?
Осы ретте қаржыгер Ғалым БАЙНАЗАРОВ былай дейді:
– Инфляцияны ауыздықтау үшін тек Ұлттық банктің әрекеті аздық етеді. Сондықтан да бұл іспен Үкімет пен еліміздің бас қаржы институты бірлесіп айналысып келеді. Әрине, Ұлттық банк пен Үкіметтің инфляцияға қатысты қабылдаған шаралары жеткіліксіз деп айта алмаймын. Бірақ бізге инфляцияны өз деңгейінде ауыздықтау үшін инфляциямен күрес жөніндегі комиссия құру қажет...
Бұл – қаржы саласы маманының жеке пікірі. Байназаров мырзаның бағамдауынша, егер инфляциямен күресетін, қымбатшылықтың деңгейін бақылайтын, зерттейтін арнайы комиссия құрылса, артылған жүк сәл де болса жеңілдер еді. Әйтсе де қайсыбір мамандарымыз бір ғана арнайы комиссия құру мәселені мәнімен шешпейтінін алға тартады.
Бағымызды ашатын үш тетік...
Экономист-сарапшы Ілияс Исаевтың пайымдауынша, мәселені шешудің тетігі бір ғана комиссия құруда немесе антимонополиялық комитеттерге шүйлігуде, банктерге талапты күшейтуде жатқан жоқ. Егер төркініне үңілсек, инфляцияны бұғаулайтын, біздің бағымызды ашатын мынадай үш тетік бар көрінеді:
а) Ол үшін, біріншіден, елде ауыр өнеркәсіп саласын дамытуға күш салуымыз керек. Біз инфрақұрылымдарды дамытуға пайдаланатын қажетті технологияларды, инженерлік мамандарды сырттан әкелуді тоқтатуымыз керек. Қазір бұл отандық өнеркәсіп саласының жандануына кері ықпалын тигізуде.
ә) Ал, екіншіден, қайта өңдеу саласына жан бітіруіміз керек. Біз кезінде өндірісті және қайта өңдеу саласын дамытуды дұрыс жолға қоюды ойластырмадық. Керісінше, банктерге инвестиция бөлуді, мұнай саласына айрықша көңіл аударуды дұрыс санадық. Мұнайдан түскен түсім арқылы мемлекетке қажетті тұтыну тауарларын сырттан сатып алғанды тиімді деп есептедік. Бұл үрдістің қате екендігін қазір уақыт дәлелдеп берді. Сондықтан осы қателікті жөндеуге тиіспіз. Қымбатшылыққа одан әрі ұрына бермес үшін елдегі қайта өңдеу саласына дем беруіміз қажет.
б) Үшіншіден, сауда-саттық саласының 50 пайызын мемлекет өз қарамағына алуы керек. Кезіндегідей халықты азық-түлік өнімдерімен және тұтыну тауарларымен қамтамасыз ететін мемлекеттік дүкендер болуы тиіс. «Осы басты үш тетікті ұстансақ, инфляциямен күресте ұтатынымызға үміт бар», – дейді сарапшы Ілияс Исаев.
Адастырған Фридмен Милтон...
Ал енді жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыруға не бөгет? Әу баста неліктен біз осы тура жолмен қадам баспадық?
...Осындайда кезінде нарықтық қағиданы елімізге ендірер тұста француз ғалымы Фридмен Милтонның теориясын қалап алғанымыз еріксіз ойға оралады. Жалпы, Милтонның қағидасы «елде қымбатшылық орнамас үшін ақша массасын қысып, өндірістік салаға емес, қаржы саласына бейіл аудару керек» дегенге саяды. Заманында бұл қағиданы тек Қазақстан емес, біраз мемлекеттер таңдап алған-ды. Бірақ экономикалық жағдайына сәйкес келмегендіктен, біраз елдер Милтонның өндірістік саланы қолдамайтын монетарлық теориясынан әлдеқашан бас тартқан. Бұл ретте отандық ғалымдар:
– Қазақстан бұл теорияны әлі де болса ұстанып келеді. Елде өндіріс орындарын дамыту, отандық өнімді қолдау жағы өте кемшін. Импортқа тәуелділіктен құтылуға талпыныс аз. Біздің құзырлы тараптар банк секторлары мен құрылыс саласын айрықша қолдауды әлі жалғастырып келеді. Ал бұл екі сала бүкіл мемлекеттің жоқ-жітігін түгендей алмайды. Біздің атмосферамызға бейім деген Милтон теориясы әлдеқашан көнерді. Сондықтан бізге ұстанған қағиданы өзгертіп өндіріс орындарын көбейтуді, өнеркәсіп саласын дамытуды ойластырған жөн, – дейді.
Ойсалар
Міне, осындай пікірлерден кейін амалсыз «адастырған Милтон қағидасын кезінде нарықтық жүйеге енер тұста дұрыстап, зерделеп оқымаған екенбіз-ау» деген ойға да қаласың...
Негізінде, қымбатшылық төңірегінде сөз қаузағанда мәселе бір мұнымен шектелмейді. Жасыратыны жоқ, инфляциямен егесте әзірге асығымыз алшысынан түспей-ақ қойды. Жоғарыдағылар халық алдында жыл сайын «инфляция көлемін белгіленген межеден асырмаймыз» деп есеп беріп әлек, ал айналып келгенде, қымбатшылық қазақты қос өкпеден қысып барады...
Төменде биылғы жылдың сәуір айындағы қымбаттаған өнім түрлерінің пайыздық көрсеткіші. Былтырғы жылдың сәуірімен салыстырғанда, биылғы сәуір айында елдегі азық-түлік бағасы 8,4 пайызға өскен.