Джура КАРАГИЧ, Сербия Республикасы, Нови сад университетінің докторы:
Жуырда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бір топ магистранттарының құрамында Сербияның Нови сад университетінде оқу-өндірістік тәжірибеден өтіп, сол елдің ауыл шаруашылығы саласының тыныс-тіршілігі мен жергілікті ғалымдардың ғылыми ізденіс нәтижелерімен кеңінен танысып қайту мүмкіндігіне ие болған едік. Он күнге созылған тәжірибе алмасу сабақтарынан көкейімізге түйіп, көріп-білген жаңалықтарымыз көп болды. Біздер – Қазақстаннан барған он шақты магистранттар ауыл шаруашылығының әр саласы бойынша өзіміздің зерттеп жүрген бағыттарымызға қарай тиісті шаруашылықтарда болып, университет ғалымдарымен пікірлесіп, шаруашылық жүргізіп отырған білікті мамандардың жұмыстарын көзбен көріп қайтқан едік. Құшақ жайып қарсы алып, өздерінің жетістіктерін ұсынған сербиялық ғалымдар тәжірибе алмасу сабақтарынан тыс уақыттарда өз елдерінің тарихы мен мәдениетінен мүмкіндігінше мағлұмат алсын деген ниетпен, біздерді көптеген көрікті жерлерімен таныстырып, Сербия астанасы Белград пен біз тоқтаған Нови сад қалалары мен өзге де шағын елді мекендерін аралатты.
Біздің оқу-тәжірибелік сабақтарымыз негізінен Нови сад университеті жанындағы Егістік және көкөніс шаруашылығы институтында өткізілді. Ендігі кезекте ғылыми қарым-қатынастарды дамытып, тәжірибе алмасу бағытында аталған институттың азықтық дақылдар бөлімінің директоры, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Джура КАРАГИЧ біздің елге келіп, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде арнайы дәрістер оқып, университет жанындағы оқу-өндірістік шаруашылықтар жұмыстарымен танысуда. Осы орайда, біз сербиялық ғалыммен арнайы жолығып, ауылшаруашылығының ғылыммен байланысы жөнінде, екі елдің аграрлық секторындағы мәселелері төңірегінде аз-кем пікірлескен едік:
– Джура Карагич мырза, біздің елге қош келдіңіз! Қазіргі уақытта сіз Қазақ ұлттық аграрлық университетінің арнайы шақыртуымен біздің студенттеріміз бен магистранттарымызға дәріс оқып, өзіндік тәжірибелеріңізбен бөлісудесіз. Бұдан бұрын да Қазақстанда тәжірибе алмасу мақсатында болып қайтқаныңызды білеміз. Біздің елде жүріп, көкейіңізге нендей ой түйдіңіз?
– Мен Қазақстанға, оның ішінде Алматы қаласында орналасқан Қазақ ұлттық аграрлық университетіне екінші рет келіп отырмын. Бүгінде Қазақстан – әлем елдері мойындаған, посткеңестік кеңістікте ерекше даму жолына түскен тәуелсіз мемлекет саналады. Еуразияның ауқымды бір бөлігін иеленген қазақ жерінің адамдары да қонақжай, табиғаты да сондай көрікті. Сербия – көлемі жағынан шағын мемлекет. Салыстырмалы түрде алғанда бір Сербияның өзі Қазақстанның Жетісу өңіріндей жерді, яғни сіздің елдеріңіздің шағын бір облысындай жерді ғана алып жатыр. Мен өз елімді Жетісу өңірімен салыстырып отырған себебім, біздің ауа райымыз бен табиғатымызда етене жақын ұқсастықтар байқалады. Ең бастысы, қазіргі Қазақстан өз болашағына үлкен сеніммен қарайтын, алға қойған мақсаттары биік мемлекетке айналуда. Менің бір байқағаным, қазақстандық жастардың ғылым мен білімге деген қызығушылықтары басым. Мұнда олардың жан-жақты жоғары білім алып, шетелдерде тәжірибе жинақтауына қажетті мүмкіндіктер жасалуда. Демек, келешегін ойлаған елдің ертеңіне сеніммен қарауға болады.
– Сіздіңше, Қазақстан мен Сербия арасындағы ғылыми бағыттағы байланыстар негізінен қандай салада барынша қарқын алуы тиіс деп есептейсіз?
– Жалпы, Еуропа елдері көлемі жағынан шағын болғандықтан, ондағы ауыл шаруашылығын игерудің тиімді тұстары баршылық. Себебі шағын шаруашылықтарды басқару да, оны игеріп, ұйымдастыру да соншалықты қиындық тудырмайды. Мысалы, Сербияда инфраструктура жақсы дамығандықтан, ауыл шаруашылығының дамуына қолайлы жағдай туып отыр. Дегенмен жер көлемінің аздығы шаруашылықты кеңінен жүргізуге қолайсыздық тудыратыны рас.
Жер – тірі организм. Мол өнім алып, пайдаға кенелу үшін жерді тиісінше тыңайтып, өңдеп, қажет жағдайда демалдырып, ауыстырып отыру қажет. Сондықтан да жалпы ел аумағының, оның ішінде егістік алқаптары ауқымының шағын болуынан мол өнім алу аса оңай шаруа емес. Әйтсе де біз ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы тиесілі жерлерімізді тиімді пайдаланып, алынатын өнім мен оның көлемін жыл сайын арттыру үстіндеміз.
Ал Қазақстандағы жағдай біздегіден анағұрлым өзгеше. Менің пайымдауымша, Қазақстан ауылшаруашылық саласының болашағы зор, аграрлы елдер қатарына жатады. Әрине, жер көлемінің барынша ауқымды болуы себепті, мұнда шаруашылығын жүргізу жұмыстарының өзара қиындықтары бар. Әйтсе де ауыл шаруашылығын дамытуда ғылыми жетістіктерді тиімді пайдалану арқылы кез келген жағдайда мол өнімділік пен оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бұл ретте Қазақстан сәтті қадамдар жасай бастады деуге болады. Осындай үлкен мемлекетте үлкен өзгерістер орын алып, қоғамның әр саласында инновациялық бағытта мақсаты айқын көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқаны мені қуантады.
– Сіз Нови сад университеті жанындағы Егістік және көкөніс шаруашылығы институтында азықтық дақылдар бөліміне жетекшілік етесіз. Өзіңіздің зерттеу нысаныңызда қандай жетістіктер мен нәтижелер бар?
– Мен өзім Нови сад университетінде ауыл шаруашылығы мамандығында оқығанмын. Қазір сол өзім оқыған оқу ордасында ғылыми жұмыстармен айналысып, ауыл шаруашылығына жаңа мамандар даярлау ісімен айналысамын. Мұның сыртында көптеген ғылыми жобаларға қатысып, біраз нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.
Нови сад университеті көлемі мен дәреже жағынан Сербиядағы ғылыми-зерттеу бағытындағы екінші оқу орны саналады. Университет жанындағы Егістік және көкөніс шаруашылығы институты өткен ғасырдың 1938 жылы Югославия Корольдінгінің Ауыл шаруашылық министрлігінің шешімімен құрылған. Қазіргі уақытта бұл институт заманауи бағытта жұмыс жүргізетін, ғылыми потенциалы зор орталыққа айналып отыр. Институт ғалымдарының ауылшаруашылық саласында жүзеге асырып жатқан тың тәжірибелік, зерттеу жұмыстарының нәтижелері әлемдік ғылымда өз орнын тауып, кең қолданысқа ие болып келеді. Біз көптеген шетелдік әріптестермен бірігіп, егістік және көкөніс шаруашылығын жаңаша бағытта жан-жақты дамыту мақсатында әрі ауылшаруашылық өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру жолында бірқатар ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеміз.
Институт ғалымдарының жасап отырған фундаментальді және қолданбалы зерттеулері өсімдік, көкөніс шаруашылығындағы жаңа сорттар мен гибридтер шығарумен шектелмейді. Сонымен қатар азықтық, өндірістік және дәрілік өсімдіктердің жаңа түрлерін қалыптастыру жұмыстары бүгінде оң нәтиже беруде. Біздің ғалымдар шығарған сорттар мен тұқымдар әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бүгінгі таңда дақылдардың өнімділік сапасын арттырумен қатар, оларды асылдандыру бағытындағы зерттеу жұмыстары тиімді жүргізілуде. Қазіргі заманда бүкіл дүниежүзінде азық-түлік тапшылығын алдын алу туралы әңгімелер жиі айтылуда. Бұл ретте аталған проблемадан тек ғылыми ізденістер нәтижесі арқылы шығуға болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
–Бүгінде әлем елдерін азық-түлік қауіпсіздігі деген мәселе толғандырып отыр. Осы орайда кейбір елдердің жекелеген шаруашылықтары қысқа мерзім ішінде сапалы әрі мол өнім алу үшін гендік модификацияланған өнімдерді нарыққа шығарып, орасан пайдаға кенелгісі келеді. Сербиялық ғалымдар бұл мәселеге қалай қарайды?
–Шынында, көптеген елдерде мұндай проблема бар. Бұл көбіне әлемдік нарықтағы бақылаудың аздығынан орын алып жатады. Кез келген ғылым ең бірінші кезекте адамзат игілігі үшін қызмет етуі тиіс. Бұл ретте сербиялық ғалымдар әсіресе ауылшаруашылық өнімдерінде рұқсат етілмеген, зиянды тыңайтқыштар мен қоспаларды қосуға үзілді-кесілді қарсы. Біз өз шаруашылықтарымызда тек табиғи тыңайтқыштар қолданамыз. Бұл мәселеде ғалымдар тарапынан да мемлекет тарапынан да бақылау, қадағалау жағы дұрыс жолға қойылған.
Біздің институт шығарған жаңа сорттар мен гибридтер еркін нарық жағдайында Еуроодақ елдері мен ТМД аумағында, Қытай, Үндістан елдерінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Біз өзге елдерге сапалы тұқым ұсынып қана қоймай, оларды күтіп-баптау, өсіру технологиясына қатысты түрлі қызмет түрлерін де ұсынамыз. Біздің өнімдер халықаралық стандарттарға сай Сапа менеджментінің арнайы сертификатын иеленген.
–Біз Сербияда болғанымызда сіздердің өнімдеріңіздің тазалығы мен сапасының жоғары екендігіне көз жеткізгенбіз. Бұл – әрине бірінші кезекте жергілікті ғалымдар мен фермерлердің еңбегі. Сонымен қатар сербиялық ғалымдардың қатарында жастардың көп екенін байқадық. Сіздің елде ғылым адамына мемлекеттік дәрежеде қаншалықты қолдау көрсетіліп отырады?
–Біздің барлық ғылыми жобаларымызға мемлекет тиісінше қаржы бөліп, қолдау көрсетіп отырады. Бұған қоса, жекелеген шаруашылықтардан да арнайы тапсырыстар алып жұмыс істейміз. Қазіргі таңда ауылшаруашылық ғылымымен айналысып, зор нәтижелерге жеткен көрнекті де таңдаулы ғалымдарға Сербия мемлекеті тағайындаған Никола Тесла атындағы жоғары дәрежелі сыйлық тағайындалады. Мұның сыртында халықаралық ұйымдар тағайындайтын гранттар мен түрлі деңгейдегі тәуелсіз сыйлықтар да баршылық. Жан-жақты қолдау көрсетілетіндіктен әрі ғылымның беделі биік болғандықтан, Сербия жастары ғылымнан қол үзіп отырған жоқ. Бүгінгі қоғам ғылым мен өндірісті, кәсіпкерлік пен шаруашылықты өзара үйлестіре білгенде ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатынын жақсы түсініп отыр. Менің пікірімше, ғылымға өзім ғана пайда табамын деп емес, өзгеге пайда келтірем деп келу керек. Басты принцип – осы. Егер жеке басыңның қамын ғана ойлап, тек қағаз жүзінде ғана қалатын, ешкімге керексіз ғылыми еңбек жазып қана отыра берсең, еңбегіңнің зая болғаны емес пе? Сондықтан да ғылыми ізденіс пен ғылыми жаңалық атаулы түбінде өндіріске енгізіліп, қоғамға пайда әкелуі тиіс. Міне, сонда ғана ғалым өз жұмысының нәтижесін көреді.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет, ғылыми ізденістеріңізде жемісті нәтижелер тілейміз!
Дина СМАҒҰЛОВА, ҚазҰАУ магистранты