Гүлдің отаны Голландия Таразға тамсанды
Жуырда шетелдіктер аттай қалап тараздық кәсіпкердің өнімін сатып алып кетті. Бір қызығы, әлемге раушан гүлдерімен аты шыққан Голландияның кәсіпкерлері голландтық раушан гүлін Тараздан сатып алды. «Грин сервис» атты бақша өнімдерінің орталығын құрған Әлиакбар Әлішеров бір күнде-ақ атым әлемге танылады деп ойламаса керек.
Оның өсірген өнімдері тек елімізге ғана емес, Еуропа елдеріне де таралады. Өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер жыл сайын өнім түрлерін көбейтумен де айналысады. Сондай-ақ әртүрлі гүл түрлерін будандастырып, раушанның жаңа түрін ойлап табатын өнертапқыштығы да бар. Сондай бір тыңнан табылған гүлге «Еуропа» деп ат қойып, айдар тақты. Бұрын ешқайда өсірілмеген мұндай гүлдерге еуропалықтардың өзі таңдай қағып, тамсаныпты. Еуропалықтарды ештеңемен таңғалдыру мүмкін емес деп есептейтіндердің пікірін бұл жолы Әлішеров өзгертті. Мұндай ерекше гүл түрі мезгілге байланысты түсін де өзгертіп отырады. Осындай керемет гүлге аузының суы құрып тамсанған голландиялық кәсіпкерлер Әлішеровтен оның тұқымы мен тамырларының мол партиясын сатып алып кетті. Олардың раушан гүлдің осы түріне көңілдері ауыпты. Гүлдің отаны саналатын Голландия елінің кәсіпкерлерін біздің Әлиакбар басып озып кетті. Мақтанарлық-ақ жағдай. Шетелдік кәсіпкерлер енді оны өз елдерінде одан ары баптап өсіріп, әлемнің түкпір-түкпіріне таратумен айналысатын болады. Оның тұқымы қайтып айналып келіп, Қазақстанға оралатыны да анық. Тек сол кезде оның қазақстандық екені ұмытылып кетпесе болғаны.
Әлішеровтер отбасы әу баста кәсіпкерлік жолын базарда гүл сатумен бастапты. Кейіннен оның тұқымын көбейтіп, раушанның тамырын өсіруді үйренген. Жақсы өнімге сұраныс та арта түскен. Будандастыруды да бес саусақтай меңгеріп алған. Әуелі үй іргелік аз ғана жерге өнім өсірген кәсіпкер қазір үлкен аумақта гүлдің жүзден астам түрін өсіруде. Раушан гүлінің декоративті түрі, шынында да, таңғаларлықтай. Әлішеровтердің отбасылық «Грин сервис» атты бақша өнімдерінің орталығы тараздықтарға аса танымал. Өсірген керемет гүлдерінің сатылмай қалған кезі жоқ. Сұраныс күннен-күнге арта түсуде. Енді голландиялықтардың жарнамасынан кейін сауда тіптен қыза түсетін түрі бар. Сонымен қатар қаланы гүлдендіруге де Әлішеровтердің қосар үлесі мол. Бауыржан Момышұлы ескерткішінің алдына раушан гүлінің бес мыңға жуық тұқымын отырғызыпты. Тараздық кәсіпкер төккен тері мен аянбай еңбек етуінің арқасында шетелдіктерді тәнті етті.