Геномдық селекция – мал шаруашылығындағы инновация
Мал тұқымын асылдандыру ісінде болашақта «үлкен секіріс» болатын сыңайлы. Бұған жаңа технологияларға негізделген геномдық селекция жұмыстары себеп болмақ. «ҚазАгроИнновация» АҚ мен Францияның Ұлттық ауылшаруашылық зерттеулер институты бірлесіп, «Қазақстанда сүт бағытындағы малдың генетикалық әлеуетін арттырудың қазіргі заманға лайық технологияларын әзірлеп, бейімдеу» жобасы аясында геномдық селекция әдісін енгізуді жүзеге асыра бастады.
Геномдық селекцияны мал тұқымын асылдандыру саласындағы тың жаңалық десек те болады. Өйткені ол толыққанды асыл тұқымды мал басын шығаруға кететін уақыт пен қаражатты, яғни оның өнімділігін анықтауға кететін мерзімді айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Мәселен, дәстүрлі селекциялық әдіс бойынша алынған асыл тұқымды сиыр малының генетикалық әлеуетін оның өсімділігі, енесі мен аталық бұқаның орташа көрсеткіштері арқылы ғана анықтайтын. Бұл ретте жас төлдің қай тұқымның тегін қаншалықты сіңіргенін анықтау үшін ұрғашы малды үш жыл күтсек, бұқаларына бес жыл уақыт кететін. Ал геномдық селекция ДНҚ ақпаратын зерттеу арқылы ол сиыр сүтті ме, жоқ па, сүтті болса, сүтінің майлылығы қандай болмақ, ал егер етті болса, етінің сапасы қаншалықты, жалпы өсімтал тұқым бола ма деген мал шаруашылығы үшін ең өзекті сауалдардың жауабын беріп, асылтұқымдық құндылығын бағалай алады. Мұндай ақпарат, әлбетте, мал шаруашылығын мейлінше тиімді дамытуға жол ашпақ. Себебі алдыңыздағы малдың төлі қаншалықты асылданды екен деп дүдәмал күдікпен үш немесе бес жыл босқа бағып жүрмейсіз. Етке жіберетінін ертерек сойып, асыл тұқымын қалдырасыз. Тек ол үшін геномдық селекция арқылы мал ДНҚ-ларын зерттеу керек. Ал мұндай зерттеу жұмысы әзірге – тек Францияда ғана. Бірақ болашақта ғалымдарымыз мұндай зерттеулерді өзімізде де жасайтын болады. Бұл туралы кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің апталық брифингінде мәлім болды.
Рашит ӨСКЕНОВ, «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС бас директоры:
– Мал шаруашылығын тиімді құруға аса қажетті осындай геномдық селекция жұмыс істеуі үшін елімізде тиісті асыл тұқымның эталондық популяциясы болуы керек. Оны біз Францияның ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп іске асырып жатырмыз. Қазір іріктеп алынып жатқан малдардың өнімділігі, өсімі, дамуы бойынша барлық фенотиптік деректі жинаудамыз. Қан үлгілерінен ДНҚ-ларын ажыратып, оны әрі қарай генотиптік зерттеу үшін Францияға жібереміз. Кейін мұндай зерттеуді өзімізде жасау үшін осы екі жыл ішінде уағдаластық бойынша өз ғалымдарымызды геномдық зерттеу ісіне қатысты қысқа мерзімдік курстарда оқытып, тағылымдамадан өткіземіз.
Сөз басында айтылған қазақ-француз бірлескен жобасы – осы бағыттағы алғашқы жұмыстардың бастамасы. Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің апталық брифингінде «ҚазАгроИнновация» АҚ басқарушы директоры Исмаил Тоқбергенов мәлім еткендей, бұл бағыттағы жұмыстар 2011 жылы басталған. Ал жоба аясында сүтті ірі қараның голштиндендірілген тұқымының эталондық популяциясын шығару көзделіп отыр екен.
Осы жұмыстармен тікелей айналысатын «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС бас директоры Рашит Өскеновтің айтуынша, былтыр Францияның Ұлттық ауылшаруашылық зерттеулер институтымен бірлесіп, голштиндендірілген малдың жергілікті жағдайға бейімделген түрін шығару мақсатында 120 бас ірі қараның қан үлгісінен ДНҚ алынып, геномдық зерттеу үшін Францияға жіберіліпті. «Геномдық селекция дегеніміз не? Ол малдың генотипін статистикалық әдістер негізінде зерттеу арқылы фенотипімен салыстырып, асылтұқымдық құндылығын ерте бастан анықтауды білдіреді. Осы жоба аясында бізге Ауыл шаруашылығы министрлігінен тапсырма беріліп, 2012-2014 жылдарға арналған бағдарлама аясында голштиндендірілген (сүтті) 10 мың бас малдың эталондық популяциясының республикалық деректер базасын қалыптастыру жұмыстарын бастадық», – дейді Р.Өскенов.