200 мыңға жуық фермері бар Қазақстанда мыңғыраған малы жоқ дегенді есту - ерсілеу, әрине. Бірақ аузымызды толтырып, ұртымызды қомпайтып айтуға ғана арналған 200 мыңда сападан гөрі сан басым екенін жұрт жақсы біледі. Ресми деректер оның шамамен 170 мыңға жуығы тырбанып, тіршілік етуде деседі. Қалған 20-30 мыңы өзі фермер бола тұрса да бір фермерден шөбін, екіншісінен жемін алып отыр. Фермердің фермерге тәуелді болғанын сырт ел көрсе, сын. Бірақ ащы шындық тұщы етке тиген таяқтай осы болса, амал не?!
Ұлтарақтай жер тигенімен, техника-технологиядан құралақан фермерлерден бірдеңе сұрау – қашпаған қашардың уызынан дәметумен пара-пар. Қолында «шаруа қожалығы» деген атау мен мөрі ғана бар олар фермер ретінде өзін, не өзгені қарық қыла алмай отыр. Олардың аты бар, заты жоқ. Елдегі шаруалардың құлындай шырқыраған дауысын жоғарыға жеткізуші болып жүрген Қазақстан фермерлері одағының дерегінше, сол 200-мыңның небары бүгінде 200-300 ғана мемлекеттік қолдауды иеленушілер. Яғни 200 мыңның 1 пайызы ғана. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдіктер мен жақсылықтары тек сол «таңдаулыларға» ғана тиесілі. Сондықтан да фермерлер жұртты қарық қылмас бұрын өз қолы өзінің аузына жетпей тұр.
Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан фермерлер одағы ұсақ шаруаларды дамытуға назар аудару қажеттігін баса айтқан еді. Одақ сол кезде мемлекет ол үшін 300 ірі қарасы бар ірі фермерді емес 5 сиыры бар ұсақ фермерден бастап субсидиялауы тиіс деген еді. Ол ауыл шаруашылығының дамуына серпін болатынын және жеткізген-ді. Бірақ Одақтың ол сөзі «жетімсіреп» әлі жүр.
Осы арада Ресейдің 2012 жылдан бастап, шаруасын жаңа бастаған фермерге орташа есеппен 1,5 млн рубль көмек беруді қолға ала бастағанын айта кеткен жөн болар. «Начинающий фермер» аталған Ресейдің ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – жас шаруагерге қаржылай көмек беру. Ол қаржыға мал, қажетті құрал-жабдықтар, лизингке құрылғылар алуына қолдау көрсету. Ал 1,5 млн рубль теңгеге шаққанда 7 млн теңге шамасында екен. Көмек пе? Көмек! Айталық, Ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау көрсету қорының мәліметі бойынша 2005-20012 жылдар аралығында ауыл шаруашылығына арналған 80 мың шағын несие беріліпті. Оның жалпы сомасы 23 млрд теңге – 152,7 млн АҚШ доллары. Осы шағын несиелер арқылы табысы төмен ауылдық үй шаруашылығының санын азайта алды дейді. Әлбетте, азайтқан болар. Бірақ төмен тұрмыстықты біржола жойып жіберген жоқ. Ал Қазақстан Статистика агенттігінің дерегінше, ауылда 7,6 млн ағайын түтінін түтетіп, өз қотырын өзі қасып тіршілігін жасап жатыр. Оның арасында қолында құр жүген мен бос бас жіпті ұстап, алақандай жерін не шабындық, я жайылым етіп жарастыра алмай жүрген фермер де бар. Қысқа жіптің байлауға келгенімен, күрмеуге келмейтіні анық емес пе?
«Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Бүгінгі фермерлердің тірлігі «бірлік болмай, тірлік болмасын» көрсетіп отырса да, оған мойынсұнған фермер жоқ. Өзімен қора-қопсығы шамалас келесі бір фермермен бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаруға ниетсіз. Біреуінде – шабындық жер, екіншісінде – техника, үшіншісінде тіркеме бар. Бірақ үшеуі біріккеннен гөрі, бет-бетімен әрекет қылғанды қолай көреді. Сөйтіп, «үні» де, «шаңы» да жоқ.
Тілеуғабыл Есенбеков, Қарағанды облысы Шет ауданындағы шаруа қожалықтарының қауымдастығы президенті:
– Қауымдастық құрып, аудандағы фермерлердің басын қосуды мақсат тұттым. Ондағы ойым – олардың мәселелерін шешуде заңдық негізде әрекет ету. Барлығымыздың илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы, сондықтан ба бірігіп отырып, қордаланған мәселелердің титтей де болса, оң шешілуіне ықпал етуді мақсат тұтқандық еді. Алайда көп фермерлер мұны әлі де түсінген жоқ. Оның жылына бір төленер жарнасынан қашқақтап, өз бетінше жүргенді қолай көреді. Ал одан ұтқаны шамалы екенін көзіміз көріп жүр.
Ал мал шаруашылығына қаржы құйылудан кенде емес. Бірақ оның жемісінен гөрі, «күйігі» көбейіп барады. Мысалы, 2011 жылы мал шаруашылығын қолдауға 23,9 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінген, оның ішінде асылтұқымды мал шаруашылығын қолдауға – 5,1 млрд теңге, мал шаруашылығы өнімділігін және оның өнімдерінің сапасын жоғарылатуға – 18,8 млрд теңге. Ал 2012 жылы осы бағыттағы субсидиялардың көлемі 30 млрд теңге құрайды. Десек те, ауылдың ажары әлі солғын. Көп фермердің жері жыртусыз, шөбі шабусыз, малы өсімсіз жатыр. Американың қаржылық сарапшысы және инвестор Джим Роджерс алдағы 30 жыл фермерлер ең бай адамдар қатарына енеді деген болжамын айтқан еді. Әсіресе ол украин фермерлерінің мүмкіндігі орасан екенін атауда. Сарапшының айтуынша, соңғы он жылда әлем жұртшылығы өндіргенінен артық азық-түлік тұтынатын болады. Әзірге бұл дамыған елдердің ықпалынан елеусіз болып тұр. Ал келешекте бәрі азық-түліктерін үнемдейтін болады. Азық-түлікке сұраныс әлемдік сарапшылар күткендегіден әлдеқайда жылдам өспекші. Ал бұл болса, «Украина үшін тамаша мүмкіндік», – дейді ол. «Егер украин үкіметі фермерлеріне қолдауды аямайтын болса, аграрлықтар «Ламборгини» мініп жүретін болады» деп батыл болжам айтып отыр. Біздің фермерлер ше? Бірақ тағы да сол керітартпа әдіс, кежегемізді кері кетіріп тұр.
Содан фермеріміз көп, фермаларымыз жоқ! Фермасы жоқ фермер тек бізде ғана шығар, сірә...
Фермеріміз көп, фермамыз... жоқ
Последние статьи автора