Есірткіден етік жасауға қауқарымыз жетпей ме?
Әйгілі қарасора шөбі Шу алқабының атын шығарғаны белгілі. Алқаптың негізгі көлемі 2 миллион гектарды қамтитын болса, ондағы 140 мың гектарына қарасора өседі. Оны өртеп, егістігін жыртқаннан пайда жоқ, тамыры тым тереңге кеткен. Оны құртудың қаншама амал айласы қолданылса да, ерегіскендей қайта тамырлап өсе береді. Амалдың жоқтығы ғой, енді ол жерді тек арнайы тәртіп сақшылары арқылы, көкте де, жерде де бақылау күшейтілген. Сол арқылы ғана бұл есірткі түрінің сыртқа шықпауы қатты қадағалауға алынса да, қойнау қолатынан тесік тапқандар әкетіп жатыр. Қолға түскендері қаншама.
Алайда есірткі шөбіне деген құмарлық жердің түбінен болса да осында айдап келіп жатыр. Күннің ыстығында жаяу жалпылап жететіндер жетерлік. Жылда «Кендір» операциясы табысты өтеді. Шу алқабында алты тексеру бекеті жұмыс істейді. Жол бойындағы арлы-берлі ағылған автокөліктердің қозғалысы да қатаң бақылауға алынған. Ен даланың «соры» атанған қарасораның қарауылға алынған алғашқы айында үш тоннаға жуығы заңсыз айналымнан алынды. Мұнымен қоса, Жамбыл облысының ІІД «Дельта-Долина» аймақаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі қызметкерлері есірткі алқабын «АН-2» ұшағымен және «МИ-2» тікұшағымен жіті бақылайды. Атышулы аймақта жыл сайын 20-30 тоннаға жуық марихуана алынады. Бір айдың өзінде ғана 300-ге жуық қылмыс тіркелген. Шудан шыққан есірткі негізінен Ресейге тасымалданып, содан соң Еуропаға жеткізіледі. Аудан аумағындағы Төле би селосында арнайы техника бір тәулікте 40 жүк машинасын сүзіп шығады. Бақылау бекетінде орнатылған рентген аппараты арқылы көліктегі жүкті ғана емес, оның арасына тығылған бөтен заттарды да тез тауып береді. Ресейге тасымалданатын көкөністердің арасына тығып алып өткісі келетіндер көп. «Қудың құйрығы бір тұтам» екені анық. Есірткіге есі ауғандарды құрыққа іліндіру үшін иісшіл иттер де еңбек етеді мұнда. Бірақ соған қарамастан алыстан «елес» қуып келгендер мұнда жер астынан үңгір қазып, азық-түлігін ала келіп, жабайы өмір сүріп, «пішен» орады. Ондайлардың талайы қолға түсіп те жатыр. Ия, қоршаулы аймаққа аңсары ауғандар қалай болғанда да амал-айласын асырғысы келеді. Тіпті сонау Тәжікстан, Өзбекстаннан ат арытып келетіндер бар... Шу алқабының иек астында болуы есірткі құмарлардың қатарын молайтуға үлес қосуда. Бүгінде Жамбыл облысы бойынша медиициналық мекемелерде есірткі затын қолданатын 5 552 адам арнайы есепке алынған, олардың алтауы кәмелетке толмағандар және 56-сы әйелдер. Есірткішілердің 70 пайызы Тараз қаласының үлесінде.
...Құрдымға тартар қарасораның пайдалы жағы барын да ескере бермейтініміз өкінішті. Кәдеге жарата білсе, кендірден жасалмайтын зат жоқ десе де болады. Кеңес заманында 40-шы жылдары Шу алқабынан жиналып алынған қарасора шөбінен кендір жіп және өте сапалы кендір майын дайындайтын ірі зауыттар болған. Кеңестік стандартқа сай етіп шығарылған өнімнің бағасы да қымбат болатын. Өкініштісі кеңеспен бірге кендір жіп те келмеске кетті. Әскери теңіз флоты осы аймақта дайындалған кендір жіптерді пайдаланатын. Бүгінде қоршаулы аймақта осы өндірісті қайтадан қалпына келтірсе бюджеттің бүйірін толтыратын едік. Екіншіден сол аймақтағы тұрғындар жұмыспен қамтылар еді. Үшіншіден жыл сайын осы аймақты күзету үшін бөлінетін қыруар қаржыны үнемдеп, оның орнына өндіріске жұмсасақ ұтарымыз мол. Сонымен қатар қылмыс әлемі де біраз тыншып қалар еді деген үміт те жоқ емес. Салдарының емес, себебінің алдын алсақ талай адамның сауабын алуға болады. Жастарды есірткі әлемінен құтқарар едік, аз да болса...
ХІХ ғасырға дейін қарасора майы бүгінгі күнбағыс майының орнын алмастырып келгені белгілі. Кейінірек одан өндірісте бояу жасап шығарды. Қарасораны бүгінгі күні де пайдасына жаратып отырғандар жетерлік. Житомирдегі «Hemps» кәсіпорны экологиялық жағынан таза аяқ киім жасап шығаруда. Кендір жіптен жасалған киім өте мықты, көп киіс береді. 1853 жылы ең алғаш рет Леви Страусс Levis джинсиын жасап шығарған. Сондай-ақ, қарасора экстрактынан глаукомаға қарсы, тыныштандыратын дәрілер жасайды. Қарасора шикізаты қағаз шығаратын өндірісте де қолданылады. Автокөлік саласына да таптырмайтын шикізат бола алады. Көліктің есік жақтауларын, салон қаптағыштарын қарасорадан алынған волокондардан жасайды. Тіпті, қарасора қалдығының да пайдасы бар. Одан балықтарға, құстарға жем жасайды. Сабын, сусабындарға қарасора майы қосылады. Міне, есті алып, еліктіретін есірткі шөбінің қараңғы жағынан гөрі жарата білсек пайдасы да көл-көсір екен.
Қарасора-қауіп
Украиндық селекционер құрамында есірткісі жоқ қарасораның сортын жасап шығарды. Оны әрине пайдалы іске жарату үшін. Сол себептен Украинада 1990 жылы қарасора өсетін аймақ 15 есеге азайған. Дәнді дақылдар институтының мәліметінше онда қазір 700 гектарға жуық біздегі «Шудың» алқабы бар. Оған көптеген елдердің ғалымдары алдаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені Украина қарасораның арқасынада бай елдердің қатарына қосылуы мүмкін екен. Украинада қарасораға арналған музей бар.
Қарасора-дерек
Ағзаға күш беретін протеиннің негізі қарасорада жатыр. Ол ағзаны холестериннен тазартатын, иммунитетті көтеретін қасиетке ие. Әрине дәріге айналғанда ғана. Генри Форд қарасораның валоконынан көлігінің қорабына пайдаланған, сосынғысын оның тұқымынан алынған жағармаймен жүргізген көрінеді. Оның құрамынан 400-ге тарта органикалық зат бар. Оның 60-қа жуығы каннабиноид. Бұл зат басқа еш өсімдікте жоқ.
Қарасора-тарих
Қарасораны біздің эрамызға дейінгі 6 000 ғасырда Қытайда қолдана бастаған. 1812 жылғы соғыс та осы қарасора үшін болған. Наполеон ресейлік қарасораның Англияға тасымалдаунуына тосқауыл қоймақ болды. Рембрандт, Гейнсборо, Ван Гог өздерінің атақты туындыларын қарасорадан жасалған матаға салған.