Энергия үнемдеудің бір жолы – жылу сақтауды жақсарту
Бүгінде көпқабатты үйлерде тұратын азаматтардың басым бөлігі коммуналдық қызметтер үшін тым көп шығындалуға мәжбүр. Ол жасырын емес. Қыста пәтердің іші тым ыстық болып кететіндіктен, терезе ашуға тура келеді. Онымен біз бір шығындалсақ, күз бен көктемде жылу маусымы тоқтап, ауа-райы салқын болып тұрған кезде, қосымша жылыту құрылғыларын іске қосып, екі шығындаламыз. Осылайша, қыста да, күзде де, көктемде де электр энергияны үнемдей алмай, қыруар ақшаны желге шашып жатқан жайымыз бар. Ал осы «кеңестік дәстүрді» өзгертіп, қазіргі нарықтық заманда үнемшіл болу үшін не істеу керек?
Негізі, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңда ірі кәсіпорындар, өндіріс орындары мен мемлекеттік мекемелер пайдаланатын электр қуатты үнемдеудің нақты талаптары жазылған. Онда көпқабатты үйлерде тұратын азаматтардың құқықтары да бар. Мәселен, олар сол үйдің энергоаудитін, яғни қуат көздерін пайдалану көлемін тексеріп, термомодернизацияға және жалпыға ортақ есептеу құралдарын орнатуға өздері қатыса алады. Бұл бапқа қатысты сан алуан дау-дамайлар да болған. Дегенмен халық бұл жұмысқа қатысуы қажет. Себебі бүгінде Қазақстандағы жылу электр стансыларының 40 пайызға, ал коммуналдық желілердің 60 пайызға тозғанын ескерсек, жылу үйге дейін жеткенше, оның біраз бөлігі жоғалады. Монополистер бұл шығындарды өз мойнына алмай, көбінесе, тұтынушылардың есебінен жабуға тырысады. Сол себепті халықтың терможаңарту жұмыстарына өздігімен қатысып, бәрін жіті бақылауда ұстауы аса маңызды.
Бүгінде даладағы ауа-райына байланысты үйдегі температураны автоматты түрде өзгертетін «ақылды» жүйелер тек кейбір жаңа үйлерде ғана орнатылған. Ал ескі көпқабатты үйлердің басым бөлігінде көктем мен күз айларында күн жылы болып тұрса да, жылу батареяларының ыстық болып тұратынына өзіміз де куәміз. Содан терезе ашып, мыңдаған теңгені желге шашамыз. Себебі ол кезде артық көмір жағылады. Ал қара түтіннің кесірінен қоршаған орта да ластанады. Жылу маусымы аяқталып, күн суытып кеткен кездерде қосымша жылыту құрылғыларын сатып аламыз. Оны қосып, тағы да шығындаламыз.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстандағы ғимараттар 1 шаршы метрге 240 КВт/с жылу тұтынады. Бұл Швеция, Германия сияқты дамыған мемлекеттермен салыстырғанда, әлдеқайда көп. Оның негізгі себебі мынада: біріншіден, тұрғын-үйлердің көбісі ескі, екіншіден, кеңестер кезінде отын арзан болғандықтан, үйлердің энергияны үнемдеу сапасына көп мән берілмеген. Осыған байланысты ел үкіметі, БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымы (ПРООН UNDP) мен Ғаламдық энергетикалық қор (GEF) бірлесіп, «Коммуналдық жылу берудегі энергия тиімділігін арттыру» жобасын қолға алған болатын. Оның аясында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында 17 ғимараттың энергоаудиті жүргізіліп, тұрғын үйлердің жертөлелеріне автоматтандырылған жылу бекеттері орнатылды. Бір жылдың ішінде ондай бекеттер 2700 - 15200 АҚШ доллар көлеміндегі ақшаны үнемдеуге мүмкіндік берді. Әлбетте, бұл – бір пәтердің емес, тұтас көпқабатты тұрғын үйдің үнемдеген ақшасы. Ал әрбір пәтерге есептесек, орташа есеппен 15 мыңнан шығады. Мамандардың айтуынша, бұл – тек жылу бекетін орнатудың ғана нәтижесінде үнемделген қаражат, ал үйдің шатыры жөнделіп, есік-терезелері ауыстырылса, одан да көп ақшаны сақтап қалуға болады.
Александр БЕЛЫЙ, «Коммуналдық жылу берудегі энергия тиімділігін арттыру» жобасының жетекшісі:
–Жоба аясында автоматтандырылған жылу бекеттері орнатылып, қажетті жөндеу жұмыстары атқарылады. Негізі, бүгінде Қазақстандағы барлық тұрғын үй қорының үштен біріне осындай жөндеу қажет. Оның барлығын қамту үшін «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңарту» бағдарламасы да қабылданған болатын. Оған сәйкес, кез келген қаржы ұйымы, банк, немесе мемлекет пәтер иеленушілер кооперативіне қаржы береді. ПИК ол қаржыны игеріп, мердігер компания арқылы құрал-жабдықты, жылу пунктін сатып алып, үйге орнатады. Содан үнемделген ақша ПИК жанынан құрылған Энергия үнемдеу қорында сақталады. Осы қор арқылы, ақша бастапқыда қаржы берген ұйымға, немесе, мемлекетке қайтады. Осылайша, ай сайын коммуналдық қызмет төлемдерінен үнемделген айырмашылықты ПИК жанындағы қорға төлей отырып, 3 жылдың ішінде автоматтандырылған жылу бекеті мен жөндеуге кеткен қаражатты өтеп шығуға әбден болады. Бүгінде бұл бағдарламаның тиімділігін кез келген қазақстандық көп біле бермейді. Шетелде мұндай бағдарламаларға адамдар кезекке тұрып, соңынан жүгіріп, қатысуға тырысады.
Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында аталмыш бағдарлама аясында жөнделген үйлердің сапасыздығына қатысты сыни көзқарас қалыптаса бастады. Ал кәсіби мамандардың айтуынша, көпқабатты үйлердің тұрғындар ПИК арқылы жөндеу жұмыстары мен мердігер компанияның қызметін жіті бақылап отырғанда, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатын еді. Демек, үйлерінің сапалы болып жөнделуі тек тұрғындардың өздеріне ғана байланысты.
Алаш-анықтама
Әлем бойынша жыл сайын көмір, мұнай мен газ сияқты қуат көздерінің 12 млрд тоннасы жағылады. Бүгінде тұтыну көлемінің өсіп келе жатқанын ескерсек, жер жаһандағы мұнайдың қоры 45 жылға, газдың қоры 70 жылға, ал көмірдің қоры 200-250 жылға жетеді деген болжам бар. Алдағы уақытта баламалы энергия көздеріне өтпесек, 2030 жылға қарай табиғи қазба байлықтары аз елдерде энергия тапшылығы 30 пайызға ұлғаюы әбден мүмкін.