Елімізде 26 мамырдан бастап кімдердің есепшоты бұғатталады?
Көлік салығын төлемегендердің есепшоты 26 мамырдан бастап бұғатталады. Мемлекеттік кірістер департаменті ескерту жасады.
Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.
Ескертуді елемеген тұрғындардың көлігі тәркіленіп, есепшоты бұғатталады. Салық уақытында төленбеген жағдайда әр кешіккен күнге өсімпұл жазылады. Борышкерлерге берешегі туралы хабарлама жолданады. Хабарлама отыз күнде орындалмаса салық бұйрығы жолданады. 26 мамырдан бастап берешекті мәжбүрлі өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларға беріледі, — дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Шынар Мұқанова.
Төрт күннен кейін 12 мың борышкердің тізімі жеке сот орындаушыларға жіберіледі.
Осыған дейін салық төлемей жүрген 10 адамның көлік құралы тәркіленді. Олар дереу қарызын өтеді. Кейбір борышкер көлігінен айрылғанда немесе есепшоты бұғатталған кезде ғана салық төлеуге жүгіре бастайды, — дейді өңірлік жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Әділхан Сүйінбеков.
Қарызды өндіру үшін сот орындаушылар борышкерді шетел асырмауға, көлігін айыппұл тұрағына апаруға құқылы. Банктегі есепшоттарын бұғаттап, басқа да мүлкіне тыйым салады. Сонымен қатар сот орындаушылар қарызы көп адамның жүргізуші куәлігіне дейін шектеу қойылып, қамауға алуға құқығы бар.
Биыл 14 мыңға жуық көлік иесі салық төлемеген. Олардың борышы 500 миллион теңгеге жетті, — делінген хабарламада.