Ел экономикасы үнемді болуы тиіс
Кеңес дәуірінің үнемге шақырған ұраны бүгінде одан да өзекті бола түсуде. Әсіресе әлемді шарпыған қаржы дағдарысынан кейін үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды өндіріске енгізуге ұмтылыс байқалады. Тәжірибе де сан қилы. Мәселен, тұрғындары заңға қалтқысыз бағынатын және өндірісшілері міндетті мемлекеттік бағдарламаларды қолдайтын Еуропа бұл жағынан озық тұр.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Осы орайда 2009-2012 жылдары Еуропада қуат үнемдегіш шамдарды пайдалануға көшу жөніндегі шешімді еске алсақ та, жеткілікті болар еді. Түрлі болжамға сәйкес, соның арқасында Еуропа елдері жылына 5-10 млрд евро үнемдеп, электр қуатын тұтынуды 3-5 пайызға азайтып отыр. Сондай-ақ 2017 жылға дейін электр қуатын көбірек қажет ететін тұрмыстық техниканың саудасын шектеу бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Бұл ереже өнеркәсіп қозғалтқыштарын, жылу жүйесіндегі насостарды, тоңазытқыш және теледидар сияқты тұрмыстық техниканы қамтиды. Сөйтіп, Еуропа жылына 315 ТВг қуат үнемдемекші.
Осылайша, ел біткен қуат үнемдеуге ойысқанда, өзіміз де көштен қалмауға тырысып жатырмыз. Елімізде қуат үнемдеуге арналған мемлекеттік бағдарлама – 1996 жылы, ал «Қуат үнемдеу туралы» заң 1997 жылы қабылданған. Алайда, мамандардың айтуынша, оларды толық орындалды деуге келмейді. Оған ақпараттың жеткіліксіздігі, мақсатты топтардың тиісінше құлағдар болмауы және ынталандыру тетіктерінің жоқтығы кедергі келтірген.
Жуырда индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің бюджет ресурстары мен мемлекеттік қолдау шараларын қуат тиімділігі деңгейіне қарай бөлу жайында ұсыныс айтқаны бар. Оның пікірінше, ел өнеркәсібінің қуат үнемдеудегі экономикалық әлеуеті мықты. Айталық, ауыл шаруашылығы, металлургия және машина жасау салаларында.
Сондықтан министрлік «Қуат үнемдеу және қуат тиімділігін арттыру туралы» заң жобасы мен «Қуат үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға байланысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын ұсынып отыр.
Бұл заң жобалары 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар мен елдегі қуат тиімділігін арттыру жөніндегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленді. Ол бойынша, 2020 жылға дейін еліміздегі жалпы ішкі өнімнің қуат сыйымдылығы 2015 жылы – 10 пайызға, 2020 жылға қарай 20 пайыздан кем емес мөлшерге азайтылуы тиіс. Бұл энергетикалық қорларды тиімді пайдалану есебінен жүзеге асырылмақ.
Нұрлан Сауранбаев, индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі:
– Заң жобасында қуат үнемдеу жүйесіндегі негізгі салаларға – өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық және бюджет салаларына басымдық беріледі.
Қуат үнемдеуді көздейтін, тұрақты ынталандыратын және жүзеге асыру шараларын қамтитын мемлекеттік реттеу механизмдері енгізіледі.
Қуат үнемдеу – мемлекеттік ауқымдағы міндет. Сол себепті өнеркәсіптің барлық саласында, тұрғын үй-коммуналдық жүйесінде тиісті шаралар қолға алынуы тиіс. Бұл үшін заң жобасында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен басқа, өзге де орталық және жергілікті атқару органдарына өкілеттілік берілуі тиіс.
Осы заң жобасында қыздыру шамдарын өндіруге және сатуға тыйым салу кезеңдері белгіленген. Қуаты 100 Вт-тан жоғары түріне – 2012 жылдың 1 шілдесінен, 75 Вт пен одан жоғары түріне – 2013 жылдың 1 қаңтарынан, ал 25 Вт және одан жоғарысына 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап тыйым салынады.
Вице-министр қуат үнемдегіш шамдарды кәдеге жаратуға байланысты көптің көкейіндегі сауалға да жауап берді. Заң жобасында 2014-2019 жылдары оған бюджеттен 1050 млн теңге бөлінеді екен.
Еске түсірсек, жаз басталғанда Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов жыл соңына дейін коммуналдық қызметтердің бағасы өсетінін ескерткен еді. «Елімізде 24 аймақтық электржүйелік компания жұмыс істейді. 1 қаңтардан бастап олар инвестициялық тарифпен жұмыс істейді. Сондықтан әрмен қарай баға сөзсіз өседі. Жылу және сумен жабдықтау жүйесінде де баға көтеріледі», – деген еді. Сондықтан өндіріс орындарына да, қарапайым тұрғынға да үнем жағына көбірек көңіл бөлуге тура келеді. Бірақ мамандар ол үшін ең әуелі қоғамдық санада бетбұрыс қажет дейді. Әлбетте, қуат үнемдеуді әкімшілік жолмен реттеудің дұрыстығы дау тудырмайды. Алайда оған қоса тұрғындарды үнемшілдікке тәрбиелеу жағын да ұмытпаған дұрыс. Бізде осы жағы кемшін.
АҚШ-та 1997 жылы «Миллион күн шатыр» атты ұлттық бағдарлама қабылданған. Ол бойынша 13 қаладағы 1 млн үйдің төбесіне күн энергиясы жүйелерін орнату көзделген. Бұл бағдарлама 2010 жылы толық орындалды.
Германия жел энергетикасында көшбасшы саналады. Осы елдің аумағында 20-дан астам жел генераторы жұмыс істейді. Нәтиже де көңілге қонымды: Германиядағы жел генераторларының жиынтық қуаты – 24 мың МВт. Салыстырсақ, Ресейдегі Саян-Шушенск электр стансысындағы ол көрсеткіш 6,4 мың МВт-ты құрайды.
Елімізде табиғи және ілеспе газды алауда жағуға 2015 жылдан бастап тыйым салынбақ. Жылу қуаты үшін дифференциалдық төлем 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізіледі. Электр қуатының бір фазалық есептегіш құралына 2014 жылдан бастап тыйым салынады. Осы орайда жаңа құрал орнату үшін тұрмысы төмен отбасыларға 496 млн теңге бөлінбек. Сонымен қатар жаңадан тұрғызылған нысандарға энергетикалық ресурстарды есептейтін құралдар орнатылмайынша, 2013 жылдан бастап жылу, газ және электр қуатымен жабдықтауға тыйым салынады.