Дүниежүзі 20 жылдан кейін шоколадсыз қалуы мүмкін
БҰҰ-ның хабарлауынша, дүниежүзі 2040 жылы шоколадсыз қалуы мүмкін. Оған басты себеп климаттың өзгеруі екен. Шоколад пен климаттың қандай байланысы бар? Какао өндірісіне не әсер етеді? Болашақта шоколадтың орнын не басады? Қазақстандағы шоколад өндірісі қалай? Осы сұрақтардың жауабын Aikyn.kz анықтап көрді.
Табиғи шоколадтың жойылуына не әсер етеді?
Жаһандық жылыну процесі шоколад өндірісіне де зиянын тигізіп жатыр. Өйткені шоколадтың басты қоспасы какао бұршақтары планетадағы ең ыстық және ылғал климатта өседі. Құрғақшылықтан плантация саны да жылдан жылға азайып келеді.
Температураның жоғарылауы климат жүйесін бұзады. Ал какао ағаштары ауа райының жиі өзгеруіне ұзақ шыдамайды. Тұқым тұрақты пісуі үшін экваторға жақын жерде егіліп, тұрақты жоғары температурада, үнемі жоғары ылғалда, мол жауын-шашынды, көп жарық түсетін, өте құнарлы топырақта егіліп, қатты желден қорғалуы керек. Бұл жағдай сақталмаса, егін дұрыс шықпайды.
Ғалымдардың айтуынша, жаһандық жылынудың әсерінен 2030 жылға қарай какао ағашын өсіру тиімсіз болады. Қазірдің өзінде кей африкалық және индонезиялық фермерлер какао бұршақтарын өсіруден бас тартып жатыр.
Халықаралық какао ұйымының мәліметінше, кейінгі 40 жылда шоколад ағаштарын өсіруге жарамды аумақтардың ауданы 40%-ке азайды. Сонымен бірге тағы 40 жылдан кейін Гана мен Кот-д’Ивуардағы орташа температура 2 градусқа көтеріліп, шоколад индустриясы тоқтауы мүмкін. Бұл екі ел әлемдік какао экспортының 70%-ін қамтиды.
Ал бұл болжам жыл сайын какаоға сұранысты арттырып жатыр.
Халықаралық какао ұйымының хабарлаунша, какаоның жылдық өндіріс көлемі өте тұрақсыз. Оған ауа райының күтпеген өзгерісі, зиянкестер мен аурулардың таралуы ғана емес, какао өндіретін елдерде білімді мамандардың болмауы және өндірістің артта қалуы себеп.
«Бұл білімнің жетіспеушілігі өндірісті дұрыс басқаруды және бағалауды қиындатады, сонымен қатар какао өндіретін елдерде ұтымды саясаттың дамуын шектейді. Осылайша, ICCO өндіруші елдерді какао секторын жақсырақ бағалау үшін какао ресурстарын түгендеуге шақырады»,– делінген ұйымның ресми сайтында.
Табиғи шоколадтың орнын не басады?
Климаттың өзгеруінен какао бұршақтарының табиғи өсу ауқымы азаяды. Оның орнын толықтыру үшін үлкен жылыжайлар салып, гендік инженерия көмегімен өсімдікті жаңа жағдайларға бейімдеу қажет. Америкалық Mars шоколад компаниясы какаоның генін түрлендіру әдістерін байқап көрмекші. Калифорния университетінің ғалымдары какао дақылын ұзаққа сақтау үшін Mars компаниясымен бірікті.
Олар климаттың қиындықтарына төтеп бере алатын өсімдікті шығару үшін CRISPR гендік өңдеу технологиясын зерттейді.
Диетолог Арай Әміренің айтуынша, ғалымдардың гендік инженерия көмегімен жүргізген тәжірибесі сәтті болса да, адамзат жасанды жолмен өндірілген шоколадтан бас тартуы керек. Себебі оның сапасы табиғи өнімге жетпейді, пайдасы да азаяды.
Қазақстанға какао бұршақтары қайдан әкелінеді?
Қазақстан кондитерлері қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбектің айтуынша, Қазақстанға да какао бұршақтары Гана мен Кот-д’Ивуар-дан әкелінеді.
– Қазақстанда какао бұршақтарын қайта өңдейтін 2 фабрика ғана бар. Какао бұршақтарын іріктеу, қуыру, араластыруға арналған жабдықтар өте қымбат. Сондықтан кейбірі дайын какаоны сатып алады. Ал біз таза какао бұршақтарын сатып алып, өзіміз өңдеуге тырысамыз. Осылай қаржыны үнемдеп қоймай, сапасын да басқара аламыз, – дейді ол.
2018 жылы әлемдік БАҚ жарты ғасырдан кейін шоколад элита тұтынатын өнімге айналады деп хабар таратты. Өйткені какао бұршақтарының бағасы қымбаттап жатыр. Ал қымбаттауына басты себеп ғаламдық жылыну процесі.
Халықаралық какао ұйымының сайтындағы мәлімет бойынша, кейінгі кезде какао бағасында әлем бойынша аса өзгеріс жоқ, тұрақты.
Айта кетейік, биыл қаңтарда Қазақстанда шоколад және шоколад пен қанттан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 26,4%-ке төмендеді. Ал баға 8%-ке өсті.
Aikyn.kz