Дүкенге қайтаруға болмайтын тауарлар тізімі өзгереді

Дамыған елдерде тұтынушының құқығы бірінші орынға қойылады. Нәтижесінде, осы құқығын асыра пайдаланатын тұтынушылар тобы қалыптасқан. Олар мысалы, кешке, мерекеге не тойға барса, сәнді киімді, аяқ киімді Amazon.com арқылы тапсырыс беріп алғызып, заттаңба-биркасын алып тастамай, киеді. Бірер күн өткен соң оны кері өткізіп, ақшасын қайтарып алады.

Бүгінде Американың Сиэтл қаласында тұратын экс-алматылық Алтынай Смит осы құқығын алғаш рет қажетке жаратқанын әңгімеледі.

"Дүкеннен өте қымбат туфли сатып алдым. О бастан оны кері қайтаруға ұйғардым. Содан кеш бойы ақырын жүріп, аңдап басуға, тауарға сызат түсірмеуге тырыстым. Ертесіне дүкенге оралдым, тауар ұнамағанын айттым. Америкада тауардың түсі, мөлшер-размері, фасоны, сапасы, басқа қасиеттері клиенттің көңілінен шықпаса, ол оны кері қайтарып тастауға құқылы. Біздің Қазақстанда базарды айтпағанда, тіпті көптеген ресми дүкендер киімді кері өткізуді құптамайды, сергелдеңге салады, құжаттар толтыртқызады. Мұнда да туфлиді лупамен ұзақ қарап, сызат, дақ жоқ па деп тексеретін болар деп қауіптенгенмін. Жоқ, сатушы тіпті қорапты ашпастан, оны үстелінің астына лақтыра салды да, чек бойынша ақшамды қайтарып берді. Егер қорапқа туфлиді емес, ескі тәпішкемді сала салсам да байқамайды екен", – дейді Алтынай.
АҚШ-қа ауған ресейлік блогер Юлия Дядюра дәл осы жайтты "америкалықтарға өздерін еркін, әрі бақытты сезінуге мүмкіндік беретін факторлардың бірі" ретінде бағалады.   

"Америкада дүкендерде сатылатын кез келген дерлік тауар үшін "ұнамаса – қайтарыңыз" қағидаты жүреді. Егер чекте көрсетілген мерзімде қайтарсаңыз, тауардың толық құнын аласыз. Кейде тіпті ол мерзім өтіп кетсе де ақшаны қолма-қол түрде немесе кредиттік картаңызға қайтарады. Жоқ дегенде дүкеннің депозиттік карточкасын ұсынады, сол арқылы кез келген басқа тауарды ала аласыз. Әрине, әр штатта, тіпті әр дүкендер желісінде төл қайтару саясаты (return policy) болуы мүмкін. Бірақ әдетте, тіпті қаптамасы ашылған тамақ өнімдерін де, пайдаланылған шампунь мен сабынды да өткізіп жатады. Ресейде еш дақ түспеген, еш зақым келмеген тауарды да кері өткізе алмайсыз, үлкен жанжал көтеруі мүмкін", – деді Юлия Дядюра.
Оның айтуынша, АҚШ билігі осы арқылы өз азаматтарын қорғау сыртында, экономикаға ұдайы серпін береді, сауда көрігін тоқтаусыз қыздырады. Егер шамалы ұнамаса, үмітті ақтамаса, сапасы көңіл көншітпесе, онда қайтарып тастауға болатынын білетін клиенттер тауар сатып алуға оңай бел буады. Black Friday жаппай сатылымдарында ішке жөңкіле енген сатып алушылар жапатармағай қолына түскеніне жармасып, үйіп-төгіп алып жатады. Онысы түсінікті, ұнамаса, қайтарады.

Ал Қазақстанда клиенттерге он ойланып, жүз толғануға тура келеді. Себебі сауда орындарының кері қайтқан өз тауарын қабылдамауға бағытталған қыңыр, қырсық, кесірлі саясаты бар. Бұған қоса, билік заң жүзінде бекіткен "тиісті сападағы қайтарылмайтын азық-түліктік емес тауарлардың тізімі" бар.

Қазақстанда сапасы төмен, бүлінген, бойға шақ келмеген тауарларды 14 күн ішінде кері әкелуге рұқсат етілген. Бұрын бұл мерзім 30 күнді құраған, бірақ лоббистер Үкімет арқылы оны екі еседен артыққа азайта алды.

"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 30-бабына сәйкес, "егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, тауар сатып алынған күннен күнтізбелік 14 күн ішінде сатушы, дайындаушы оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті" деп жазылған.

Дегенмен тауарлардың үлкен тобы сатып алғаннан кейін кері қайтаруға жатпайды. Мысалы, дәріханада медициналық препарат не бұйым алып, кассадан алыстай бере, ойға қалып, кілт бұрылып, кері өткізуге қамдансаңыз, дәріханашы-провизор ол тілегіңізді қанағаттандырудан бас тартады. Тіпті дәрінің қақпағы бұзылмаса да, қабылдамайды. Заң солай.

"Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының әлгі 30-бабында тиісті сапасы сақталса да қайта алуға жатпайтын азық-түліктік емес тауарлардың толық тізімі берілген, оларға мыналар кіреді:

дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;
іш киімді;
шұлық-ұйық бұйымдарын;
жануарлар мен өсімдіктерді;
метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;
ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қайтаруға тыйым салынған.
Мұның алғашқы бесеуі бұрыннан бар еді. Әрі оларға қатысты бәрі түсінікті болатын. Мысалы, гигиена тұрғысынан біреу киген дамбалды немесе шұлықты басқаға киюге болмайтыны белгілі. Өсімдік пен үй жануарларына сыртта ауру жұғуы мүмкін деп есептеледі. Ол дерт қайтарып алған дүкенге таралуы ықтимал. Соңғы пункт дау тудыруда.

2019 жылғы 2 сәуірде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданды. Сол арқылы тіпті 14 күн ішінде де қайтаруға болмайтын тауарлар тізімі ұялы байланыс құрылғыларымен толықты. Оған смартфондар ғана емес, планшеттер де жатады. Бұл өзгерісті сол кезде смартфон сататын бизнесмендер қуана қарсы алды, бірақ құқықтанушылар оның тұтынушылар құқығына нұқсан келтіретінін айтып келеді. Сарапшылар ірі қалалардағы ұялы телефон саудасын негізінен деструктивті жат діни ағын өкілдері өз уысында ұстап тұрғанын еске салады. Бұл өзгеріс солардың лоббиі болса керек.

Бірден айта кетелік, ол шектеу тек еш ақауы жоқ құрылғыларға қатысты болып отыр. Егер смартфон дұрыс істемейтін, ақаулы болып шықса, саудагер оны кері алуға міндетті.

Неге ұялы телефон құрылғыларын саудагерге кері қайтаруға болмайтынын сол кезде Ұлттық экономика министрлігі түсіндірді.

"Себебі ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын азаматтар сатып алғаннан кейін іске қосып, активизациялайды, идентификациялық авторизацияны талап ететін бірқатар бағдарламаларды жүктейді. Содан 14 күн ішінде кері қайтарылған бұл өнім сапасына нұқсан келмесе де, қолданыста болған (б/у) техникалық құрылғыға айналады. Сатушыға оның ішіндегі бірінші қожайынының барлық цифрлық іздерін тазартуға тура келеді. Әрі қарай оны сатып алған басқа пайдаланушы кейбір негізсіз проблемаларға тап болуы мүмкін", – деп дәйектеген еді Экономика министрлігі.

Парламент осыған құп деді. Содан бері елде билік ауысты. Қазір Үкімет, жауапты меморгандар, тұтынушы құқығын қорғайтын ұйымдар және бизнес субъектілері бірлесіп, тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін қызу талқылауда. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" жаңа заң жобасы дайын. Құжатта 14 ішінде қайтаруға және басқасына алмастыруға жатпайтын лайықты сападағы азық-түліктік емес тауарлардың жаңа тізімі ұсынылады:

дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;
іш киім (нижнее нательное белье);
шұлық-ұйық бұйымдары (чулочно-носочные изделия);
жануарлар мен өсімдіктер;
метрлеп (шаршы метрлеп, қума метрлеп) сатылатын, сатып алған кезде тұтынушы белгілеген мөлшерге сәйкес кесілген немесе пішілген тауарлар;
жеке-белгіленген қасиеттері бар, тұтынушы үшін жеке тапсырыспен жасаған тауарлар (товары, изготовленные для потребителя по его индивидуальному заказу, имеющие индивидуально-определенные свойства).
Яғни заңды әзірлеушілер ұялы байланыс құрылғыларын қайтаруға тыйым салынатын тауарлар тізімінен алып тастауды ұсынып отыр. Осының арқасында мысалы, қарт адам сыйлыққа алған, бірақ сапалық қасиеттері ұнамаған, интерфейсі ыңғайсыз, қаріптері ұсақ смартфонды немесе планшетті сатушыға кері өткізіп, ақшасын алуға мүмкіндік туады.

Заң жобасында сатушы клиентін сергелдеңге салмауы үшін нақты талаптар белгіленеді.

Атап айтқанда, сатушы тауарын кері өткізген сатып алушыға қаржысын 3 жұмыс күні ішінде қайтаруға міндеттелмек.

"Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта көптеген сатушы қайтарылған тауары үшін ақшаны бірден бере бермейді: кассада қаражаттың жоқтығын, есеп толтыруы керектігін және басқасын сылтауратады немесе әлгі тауар басқа адамға сатылғанша ұзақ күттіріп қояды. Саудагерлердің бұл заңсыз айла-шарғылары әрине, тұтынушылар құқығын аяқасты етеді", – дейді Солтүстік Қазақстан облысының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Лазьм Мияшева.
Оның түсіндіруінше, ұсынылған заңнамалық нормалар тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін арттырады.

Айтпақшы, АҚШ-та тауарларды акция-науқандар кезінде сатып алып, оны баға өзгерген соң қымбатыраққа кері өткізуді кәсіпке айналдырғандар бар. Қазақстанда бұған жол бермеу үшін тауар қайтарылған жағдайда, тұтынушымен есептесу үшін сол тауарды сатып алу кезіндегі баға басшылыққа алынатыны заңда көрсетіледі.

Жанат Ардақ

inbusiness.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста