Боза баптау ұмытылып барады...
Әрі тамақ, әрі сусын, әрі бойды қыздырар қуаты бар бозаның ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Бүгінде жер-жерлерде өткізіліп жатқан көкпардың көрігін қыздырып, әрі саудасы жүретін де осы сусын. Әсіресе уытын осы күні көбірек қосып, бойға күш-қуат беретіндей етіп дайындап та жүр... Бірақ оның дайындау тәсілі тым ауыр болғандықтан болар бүгінде боза ашытуға құмарлар аз. Оны ерінбей-жалықпай жасайтын әрі тәсілін мықты меңгерген апа-әжелерімізден үйреніп алып қалайық деп құлшыныс танытып жатқан құлықтар тіптен жоқ десе де болады.
Алдағы уақытта бұл сусынды тек тарихшылардың аузынан ғана естірміз деген қауіп те жоқ емес. Дайындалу технологиясы мен сақталу мерзіміне қарай боза ның да қымыз сықылды атаулары бар. Мәселен, жас боза, қорланған боза деп те аталады. Жас боза құрамында 4-6 пайыз, ал қорланған бозада 12-15 пайыз спирт болады. Бозаның уытсыз, жай ашытқымен жасалған түрін мақсым боза деп атайды. Бозаны негізінде ұлттық сусын деп санайтынбыз. Қателескен екенбіз. Тарих беттеріне үңілсек, XVI ғасырдың өзінде түріктер мұны ұлттық сусын ретінде ішкен екен. О заманда аталарымыз бозаны ішіп, қызара бөртіп жүре берген екен де... Бозаны негізінде сыраның арғы атасы санаған. Оны да дақылдардан жасайтын болғандықтан болар. Кезінде Месопатамия мен Египетте оны әлсіз алкоголь ретінде пайдаланған. Оны ашыған наннан дайындаған. Ал Орта Азияда дәнді дақылдардан дайындаған. Осман империясы тұсында бозаның нағыз шарықтау дәуірі болды десе де болады. Оны жас та, жасамыс та тамсана ішті деген дереккөздері бар. Сол кезеңдері сусынның өтімділігін өкірткісі келген саудагерлер бозаға аздап опиум қосқан көрінеді. Қызып алып, айналасын қырып жібере жаздайтындардың қатары тым көбейіп бара жатқан соң 1566-1574 жылдары сұлтандық құрған Селим ІІ-нің тұсында бозаны сатуға да, ішуге да қатаң тиым салыныпты. Тиым салынғанға дейін оны дайындаумен 1 000-ға жуық адам айналысып, 300-ден астам дүкендерде сатылған көрінеді. Бозаханалар болған. Түрік жиханкезі Эвлий Челебидің айтуынша боза тіпті шәйдан артық тұтынылған екен. Оның құрамы витаминдерге өте бай. Бірақ оны көп сақтауға келмейді. Дайын болғаннан кейін бір тәуліктен асырмай ішіп қою керек. Оның үстіне мұздай күйінде ішуге болмайды, оны жылытып барып ішу керек. Әрі ыстық жаз маусымында пайдалануға болмайды. Тек қыстың күндері ғана ішуге кеңес береді. Ежелгі түркі халықтары аса суық кезеңдерді жеңіл өткізуге көмектеседі деп ішкен. Тіпті сүзекті емдеуге септігі болған көрінеді. Спортшыларға витамин ретінде ішеді. Дайын болғаннан кейін де оның ашу процесі тоқтамайды. сондықтан да оны тезірек ішіп қойған дұрыс.
Бүгінде базарларда да боза сатылады. Бірақ оны қалай дайындау керектігін жақсы білмейтіндердің кесірінен кейде бозаға деген құмарлықты құртатыны бар. Бұл сусынды көбіне дәнді-дақылдардан өндірілген уыттан дайындайтыны белгілі. Бидай, жүгері, тары осының бәрі де боза салуға қажетті дақылдар. Ал, ең жақсысын қара тарыдан дайындайды. Оның құрамында А, В, С, Е витаминдері бар. Ол ашыған кезде лактоз қышқылы пайда болады. Ол ас қорытуға көп септігін тигізеді. Емізулі әйелдерге сүттің молаюына көмектесетін көрінеді. Осы өндірілген уыттағы Е витамині өте көп болады. Ол адамға күш- қуат беріп, ағзадағы ауруға қарсы тұратын иммунитетті арттырады. Қартаюдың алдын алатын да қасиеті бар. Дәруменге аса бай бозаның ағазадағы барлық органға әсер ететін емдік қасиеті күшті. Ағзадағы зат алмасуды күшейтіп, қандағы шлактарды айдап шығады. Бүгінде «денсаулығым 100 пайызға зор» дейтін адамдарды емге таппайсыз. Ол рас. Бірінің басы ауырады, бірінің бүйрегі әйтеуір бір жерім ауырады демейтін адам кемде-кем. Екінің бірі қаназдықпен, яғни анемиямен ауырады. Осы ауруға боза бірден-бір ем. Кейбір ет алмайтын кісілер қоң жинау үшін де ішеді. Буын кеселдеріне, тұз жиналғанға, асқорыту мүшелеріне тигізер пайдасы мол. Сарып ауруына да қарсы қолдануға болады. Бозаның құрамында ферменттер көп болғандықтан, залалы мол бактерияларға қарсы әсері бар. Оның құрамындағы аз ғана спирттің өзі ағзаға көп пайдасын тигізеді. Оны бойды қыздыру үшін ішілетін арақпен салыстыратындар қатты қателеседі... Дәнді дақылдарды өндіргенде оның уытындағы пайдалы заттар С, В витамині 5 есе, В 2 витамині – 13,5, В 1 витамині – 1,5 есе көбейетіндігі ғылыми тұрғыда дәлелденген...
Негізі бапталған тарыдан жасалған бозаның дәмі өте керемет болады. Ең дұрысы ақталмаған тары. Әр түрлі дәндерді қосып, біріктіріп салуға да болады. Уыты неғұрлым көбірек салынса, боза күшті болады, уытын аз салса, күші аз болады. Қыстың суығында боза ішіп жүрсе суыққа көп тоңбайды. (Астаналықтардың құлағына алтын сырға). Бұл сусынды сырамен салыстырып, масайтатын ішімдік емес, ас-ауқат болатын тағам түрі әрі дәрумен деп ішкен жөн. Оның сүзілгеннен қалған қоймалжыңды соғымға байлаған малға берсе, жақсы қоң алады. Сондай-ақ бәйге аттарын баптауға да таптырмас олжа. Бозаның қалдығын жеген жылқы бәйгенің алдын бермейтін болады. Боза варикоз, ангина, асқазан ауруы сияқты көптеген дертке шипа. Әсіресе бүгінде жүкті әйелдердің ең басқы ауруы қаназдық қой. Аналардың босанғаннан кейін де қан аздығына өте шипалы дәрумен болатындығын дәрігерлер айтып отыр.