Қарағандыда болат арқандар өндірісінің жаңа желісі іске қосылды. «Каз-метиз» ЖШС-нің тау-кен және металлургия өнеркәсібіне, энергетика және құрылыс секторына арналған болат арқандар халықаралық талаптарға сай» деп отыр өндіріс басшылары. Жаңа желінің іске қосылу салтанатына облыс әкімі Бауыржан Әбдішев қатысты.
Жоба жетекшісі – «Каз-метиз» ЖШС. Жобаның құны 905 млн теңгені құрайды. Ал жобалық қуаттылығына 2017 жылы шығуды көздейді. Нарыққа шығаратын елдерді де анықтап қойыпты. Олардың қатарында Ресей мен Өзбекстан бар.
Мәліметтерге жүгінсек, өнеркәсіптің болат сым шығаруда өзіндік тәжірибесі бар көрінеді. Дәлірек айтсақ, 2008 жылдан бері болат арқанның негізі болып табылатын болат сым шығарумен айналысқан. Ол сым болат арқан жасайтын елдерге жеткізіліп келген. Енді зауыт сол болат арқанды өзі жасап шығаратын деңгейге жетіпті.
Бұл жоба отандық болат арқандар өндірісінің өрісін кеңейтіп, қазақстандық мазмұндағы өнім шығаруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Жоба мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы жанданған.
Аймақ басшысы Бауыржан Әбдішев жаңа өндіріс желілерінің іске қосылуы Мемлекет басшысының тапсырмасы арқылы жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Бауыржан ӘБДІШЕВ, Қарағанды облысының әкімі:
– Кәсіпорынның кезекті жаңа желісін іске қосып отырмыз. 2008 жылдан бері болат сым өндірісімен айналысып келе жатқан өнеркәсіптің жаңа желісі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары арқылы қолдау жасалды. Құрылтайшылармен де алдағы уақыттағы жоба-жоспарлар жөнін кеңесіп отырмыз.
Зауыт құрылтайшыларының айтуынша, жалпы, болат арқандар өндірісімен айналысатын ТМД аймағында екі ғана зауыт бар. Ал Қарағандыда ашылған жаңа өндіріс Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы бірегей өндіріс орнына айналмақ.
Дмитрий МАЛАХОВ, «Каз-метиз» ЖШС директоры:
– Зауыттың қуаты жылына – 5 мың тонна болат арқан. Бүгінгі таңда біз 1000 тонна арматуралық сым шығарамыз. Жаңа желі іске қосылғанда өнімнің барлық түрінен шығаратын өнім көлемі 2000 тоннаға жетеді. Болат арқандар ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жақын шетелдерге шығару да жоспарымызда бар.
Негізі, бұл зауытта 200 жұмысшы нәпақасын айырып отырса керек. Жаңа желінің іске қосылуымен 40 жаңа жұмыс орны ашылған. Зауыт құрылтайшылары да мемлекеттік қолдаусыз жаңа өндіріс орнын ашу мүмкін еместігін ерекше атады. «Біз шағын ғана кәсіпорын құрдық. Бірақ өзі шағын болса да, болашағы зор кәсіпорын» деп, жаңа желіні тек бастама ғана деп бағалаған олар өсіп-өркендеу келешектің еншісінде екеніне сендірді.
Болат арқандар өндірісі іске қосылды
Последние статьи автора