Білімге құйылған қаржының қайтарымы мол
Мейрам күнгі сый-құрметтің жөні бөлек. Әсіресе Білім күні мен өзінің 35 жылдық мерейтойын атап өтетін мектеп үшін бұл – айрықша қуаныш.
Жаңа оқу жылында Қостанай облысы Қашар кентіндегі №1 мектептің табалдырығын аттаған мыңдаған ұл-қызды жағымды жаңалық күтіп тұр екен. Биыл мерейтойын атап өтетін Қашар мектебінің іші-сырты түгелдей жаңғыртылыпты.
– Біз мектебімізді танымай қалдық, – дескен оқушылардың жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. – Жаңа парталар, компьютерлер, интернет. Дәліздер кеңейіп қалыпты. Мұндай сәнді мектепте тек үздік баға алуға талпынарың сөзсіз.
Жаңа техника мен жиһаз, жаңа технологияны былай қойғанда, мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Ол үшін жоғары сапалы экологиялық материалдар пайдаланылды. Терезелер ауыстырылып, жылу және электр жүйесі, кәріз жаңартылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сыныптардың еденіне төзімді төсеніш төселіп, дәліздер әдемі де қауіпсіз тақтайшамен көмкерілді. Салтанат және спорт залдары, асхана мен кітапхана безендірілді. Сөйтіп, мектептің іші жайнап шыға келді.
Айта кету керек, елімізде көптеген мектептің материалдық-техникалық қиындықтарға ұшырайтыны құпия емес. Кей мектепте заманға сай сапалы білім беруге жағдай жасалмайды. Ал Қашар мектебінде мұндай қиыншылық жоқтың қасы. Ұстаздар ұжымы мен шәкірттерге арналған кең бөлмелер мен кабинеттер қымбат құралдармен жабдықталған. Бұл, әрине, жас жеткіншектердің жақсы оқуына әсерін тигізері сөзсіз.
Кенттегі мектеп пен оқушылардың жетістігі – әлеуметтік саладағы тиімді мемлекеттік-жеке серіктестік нәтижесі. Жыл сайын Қостанай облысының әкімдігі мен құрамына облыстағы ең ірі «ССКӨБ» АҚ кәсіпорны кіретін ENRС компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды. Оның шеңберінде компания «ENRС Көмек» корпоративтік қайырымдылық қоры арқылы аймақты дамытудағы басты бағыттарды қаржыландырады. Биыл да өткен жылғыдай мектептегі күрделі жөндеу мен оның материалдық-техникалық базасын жаңартуға компания 30 млн теңге бөлді. Бұл – ел аумағында білім жобаларына корпорация жұмсайтын ірі қаржының шағын ғана бөлігі. Мәселен, ағымдағы жылы компания білім жобаларын жүзеге асыруға 8 млрд теңге бөлген еді. Ал 2010 жылы білімге құйған инвестициясы 772,5 млн теңгені құрады.
– Бәлкім, менің сөздерім жаттанды, жауыр болып көрінетін шығар, – дейді мектеп директоры Владимир Романец. – ENRС басшыларына, «ENRС Көмек» корпоративтік қорына және «ССКӨБ» акционерлік қоғамына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Олар біздің мектепке де, жалпы, білім беру желісін өркендетуге де тұрақты түрде көңіл бөліп келеді. Тек соңғы үш жылдың ішінде біз компьютерлік сыныптарға қол жеткіздік. Шатырды жөндедік және басқа да қыруар шаруаны атқардық. Ал мектептің 35 жылдығына арнаған сыйлығы көңілімізге қуаныш ұялатып, оқушылардың оқуға деген ынтасын арттырады.
ENRС Қазақстандағы қызметінің алғашқы күнінен бастап-ақ ондаған мемлекеттік және қоғамдық ұйымға көмек қолын созып келеді. Әйтсе де компанияның жәрдем тізімінде білім беру мекемелері айрықша орын алады. Себебі білімге құйылған инвестицияның қайтарымы мол.