«Соңғы 10 жыл барысында Қазақстанда инновациялық бағыттағы 600 идея мен жоба қолдауға ие болған». Бұл туралы Индустрияландыру апталығының «Инновациялар. Энергия үнемділік. Еңбек өнімділігі» тақырыбындағы бесінші күні аясында Индустрия және жаңа техологиялар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Инновациялар
Кеше Астанада еліміздің инновациялық даму бойынша басты операторы – «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-тың 10 жылдық мерейтойына орай, арнайы баспасөз мәслихатты өтті. Өткен жылдар бойынша 600 идея мен жоба, оның 369-ы Президенттің индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы кезеңінен бастап қолдауға ие болды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде инновациялық жүйеде жаңаша өзгерістер орын алды. «Ғылым туралы», «Индустриялдық-инновациялық қызметті қолдау туралы» жаңа заңдар қабылданды. Оларға мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдары бекітілді. Соның негізінде қабылданған шаралар арқасында инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі 4-тен 7,6 пайызға өсті. 2009 жылмен салыстырғанда кәсіпорындардың технологиялық инновациялық шығындары бес есеге өсіп, ол 2 млрд долларды құрады. 2009 жылы жалпы сомасы 9 млрд теңгенің 179 инновациялық гранты бөлінді.
Энергия үнемділік
«Энергия үнемдеу және энергия тиімділікті арттыру туралы» Заңы мен 2011-2015 жылдарғы энергия тиімділігі бойынша кешенді жоспарды қабылдаған соң еліміздің жалпы ішкі өніміндегі энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай кемінде 10 пайызға және 2020 жылға қарай 25 пайызға төмендету болжануда. Энергия үнемдеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыра отырып, қазіргі күні 2,8 млрд теңгені үнемдей алдық. Мемлекеттік энергетикалық реестрі құрылып, оған 2000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорын мен 28 000 мемлекеттік мекеме енді. Басты 30 ірі кәсіпорын энергия аудитті жүргізуді жоспарлауда, ал 50 кәсіпорын энергия менеджменті жүйесін енгізіп жатыр. Еліміздің 200-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорындарында жаңғырту жұмысы жүргізілуде және оған 300 млрд теңгеден астам қаражат инвестиция салу жоспарланған. Еңбек өнімділігі «Өнімділік – 2020» бағдарламасының негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы экономикамыздың басымдық берілген секторларындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұған қолдаудың әртүрлі құралдарын пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Бір мысал. «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ «Инвестициялық жобаны әзірлеу немесе оның кешенді жоспарының сараптамасы төлемі» құралы арқылы жалпы сомасы 57,5 млн теңге 49 бағдарламаға қатысушыны қолдады.