Бензиннің бағасы тұрақсыз, газ қондырғысы қымбат, көлік жүргізушілерге қайтпек керек?

Елімізде экологиялық мақсатта көліктерге газ қондырғысын орнату мәселесі жиі айтылып жүр. Бұл мәселенің ақ-қарасы парламентте де сөз болған еді. Жыл басында депутат Дариға Назарбаева: «Қатардағы жүргізушілерді айтпағанда, мемлекеттік органдардың көліктері де газбен жүрсін», – деген тілегін айтқан болатын. Парламент Мәжілісінің депутаты көліктердің газбен жүруін тиімді санайтынын жоғарыда аталған пікірінен-ақ аңғаруға болады. Бірақ бұл Үкіметке тек ұсыныс ретінде айтылғанымен, нақты бір шара ретінде қолға алынған жоқ. Естеріңізде болса, атқамінерлер 2013 жылдан бастап қоғамдық көліктерді газбен жүретін көліктерге ауыстырған Алматы қаласын үлгі ретінде атаған болатын келелі жиында. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: «Алматы қаласы экологиясының алдын алу мақсатында бірнеше жоба іске асып жатыр. Жалпы қала бойынша 450 газбен жұмыс істейтін автобус болса, жыл соңына дейін тағы 150 автобус қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, 200-дей экотакси болса, оның қатары жылдың соңына дейін тағы 200 таксимен толықпақ. Ең бастысы, жеке автокөліктердің де газға көшуі басты міндетке айналып отыр. 2014-2017 жылға дейін газдың бағасын тұрақты ұстай отырып, бірлескен жобаның тиімді тұстарын ұтымды пайдалануды іске асыруды ойластырудамыз. Сондықтан «ҚазТрансГаз» компаниясы арнайы станциялардың санын арттырып, жылдың аяғында тағы 2 нысан қолданысқа берілмек. Станциялар қазіргі заман талабына сай сапалы технологиямен жабдықталғандығын да айта кеткен жөн. «ҚазТрансГаз»-дың басшысы Серік Сұлтанғалидың бастамасымен осы мәселелер біртіндеп шешіліп, белсенді, ұйымдасқан түрде жүзеге асып келеді. Оған әкімшілік тарапынан қолдау білдіруге дайынбыз. Осындай нысандар қаламызда көптеп ашылуы тиіс»,− деген еді. Дизель мен бензиннің тапшылығы кезінде де билік табиғи газға көшу жолдарын қарастырды. Осылайша, күз басында Алматы қаласында «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының еншілес компаниясы «Автогаз-Алматы» Алматы қаласы әкімдігінің және оңтүстіккореялық «Kor-Kaz CNG Investment Limited» компаниясының қатысуымен екі автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы («АГНКС») пайдалануға берілді. «ҚазТрансГаз» АҚ пен оңтүстіккореялық «Kor-Kaz CNG Investment Limited» компаниялары 4 бірдей компрессорлық станция салды. Алматы қаласында барлығы 5 компрессорлық станция жұмыс істесе, соның табиғи газбен жүретіні 450 жолаушылар автобусын, 33 тазалық техникасын және 500 шақты жеңіл автокөліктерге қызмет етіп, табиғи газбен қамтамасыз етуде. Сығымдалған табиғи газдың сұйытылған үйреншікті көмірсутегі газдары – пропан мен бутаннан айырмашылығы қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластамайды. 2011 жылдан бастап «Қаз ТрансГаз» АҚ автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциялары арқылы 40 млн. текше метр газ пайдаланды. Бұл 32,8 мың тонна дизельді отынның орнын жаба алады деген сөз. «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали: «Елбасы Н.Ә. Назарбаев газ саласына айтарлықтай көңіл бөліп отыр. Осы ретте, әсіресе Алматы қаласына байланысты арнайы тапсырмалар жүктелген болатын. Соның негізінде біршама жұмыстар атқарылып жатқандығын айтуға болады. Мысалы, көмірмен жанатын екі тестті газға ауыстыру, жер үйлерді әсіресе, Шаңырақ ықшамауданын толығымен 100 пайыздай газбен жылыту жағдайын қалыпқа келтірдік. Енді автокөліктерді газға аудару іске асып, станциялар ашылып жатыр. Бұл бір жағынан халықтың қалтасына салмақ салмай қолжетімді болса, екінші жағынан Алматы қаласының экологиясын тазартуға жасалған жақсылықтың бірі болмақ. Үкімет Қазақстан бойынша 85 станция салуға қаулы қабылдады, тапсырмалар жүктелді. Жоспар бойынша тек қана Алматы қаласымен шектелмей, еліміздегі басқа да аймақтарды қамту жолға қойылмақ. Бұл ретте, ұтқан тұсымыздың бірі, газдың бағасы жанармаймен салыстырғанда 3 есе арзан, яғни 1 текше метрі 44 теңгені құрап отыр. Бұл экологияға да, экономикаға да оң ықпал етуде. Халық арасында сұраныс артып, тек қана автобус пен таксилер ғана емес жеңіл көліктер де табиғи газға көшу үстінде. Уақыт өте келе, тиімділігі артқан сайын толығымен 100 пайыз газға көшеміз деп ойлаймын», – деді. Алдағы жылдың көктемінде Қытайда өндірілген «Итонг» автобустарының тағы 200-ін Қазақстан сатып алмақ. Ал жеке меншік автобустар да Алматы қаласының әкімінің бұйрығымен біртіндеп газға өте бастамақ. Саттар Бурхин, автогаз инженері: «Газ бекетінде екі компрессорлық сондай-ақ, кептіргіш құрылғы орнатылған. Бұл техникалар Аргентина компанияларының өнімдері. Бұл құралдармен жұмыс істеу алдында жақсылап таныстық. Екі компрессордың ауқымы өте кең яғни, сағатына 3000 текше метр өндіруге қабілетті. Өзіміздің тәжірибеміз бойынша 16 сағаттың ішінде 2000-нан астам көлікті газбен қамти аламыз. Газдың бүгінгі күні сұранысы күннен күнге артып келеді. Бағасы да қолжетімді», ̶ дейді.

Газ қондырғысы – екінің біріне қол емес...
Дизель мен бензиннің тапшылығы табиғи газдың балама ретінде қолданысын алмастыра алғанымен, оның өз түйткілді мәселелері жоқ емес. Алматыдағы көлікке газ қондырғыларын орнататын мекемелердің дерегінше, газ қондырғысының құны 70 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар, құрылғының бағасы газ баллондарының көлемі мен сапасына байланысты әртүрлі болады. Көліктің от алу жүйесі (карбюратор не инжектор) мен қозғалтқыштағы цилиндр саны да бағаға әсер ететін көрінеді. Қажетті құрылғыны сатып алу екінің біріне қол емес екенін темір тұлпарды тізгіндеушілер де жиі айтады. Сондай-ақ, Қазақстандағы тәуелсіз автокөлік одағының басшысы Эдуард Едоковтың айтуынша, көліктерді бензиннен газбен жүретіндей етіп ауыстыруға қыруар шығын кететін көрінеді. Көліктерді газға арналған арнайы құрылғылармен жабдықтауға көліктердің түріне орай орта есеппен 180 мың теңге жұмсалады. Бұл баға бұдан да жоғары болуы мүмкін, тіпті газға арналған құрылғы 200-300 мың теңгеге жетуі де ғажап емес. Көліктер газбен жүруі үшін арнайы құрылғылармен жабдықтайтын кәсіби мамандар да тапшы. Автокөліктерді өндірушілердің рұқсатынсыз кейбір көліктерді бензиннен газға ауыстыруға болмайды. Яғни, өндірушілер құраған көліктің құрылымы өзгертуге келмейді. «Toyota корпорациясы немесе Merсedes Benz концерні ресми диллерлерге өздері өндірген көліктердің құрылымын өзгертуге, яғни көлікке газбен жүретіндей құрылғы орнатуға рұқсат берсе және мұны біздің еліміздегі кейбір органдар мақұлдаса әңгіме басқа, ал өндірушілер рұқсат бермеген жағдайда бұл өте қауіпті. Егер газбен жүретін көліктерді өндіру соншалықты оңай болса, өндірушілер осы уақытқа дейін қозғалтқышы газға арналған көліктерді әлдеқашан көп қылып шығарған болар еді. Өйткені газбен жүретін көліктер соңғы 30-40 жылдан бері бар. Меніңше, газбен жүретін көліктерді жасау оңай шаруа емес, өте қауіпті», – дейді Едоков. Инвестицияның пайдалылығы жөніндегі сараптама агенттігіндегілер де елімізде көліктерді бензиннен жаппай газға ауыстырудың мүмкін еместігін айтып отыр. Сарапшылардың пікірінше, жақын болашақта таксопарктердегі көліктер мен қоғамдық көліктер газбен жүретіндей етіп жасалып, кейбір жеке тұлғалар да қаржысын үнемдеу үшін газбен жүретін көлікке ауысуы мүмкін. Алайда барлық жүргізушілердің көліктерін газбен жүретіндей етіп ауыстыру әзірге мүмкін емес. Ақпарат құралдарының жазуынша, Қазақстанда қазір 4 миллиондай көлік бензинмен жүрсе, 12 мыңдайы ғана газбен жүреді.
P.S: Шет елдердің тәжірбиесіне сүйенсек, Иран, Қытай, Пәкістан, Индия және Аргентина секілді мемлекеттерде табиғи газды қалалық көліктен бөлек ауыл шаруашылығы және карьерлік техникада пайдаланады екен. Табиғи газды моторлы отын түрінде пайдалану әлемде соңғы он жылда жеті есе өскен. Яғни 2003 жылы 5,4 млрд. текше метр болса, 2012 жылы 37 млрд. текше метрді құрап отыр. Елімізде де бұл бағыттағы жұмыс ілгерілеп келеді. Осы негізде, автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциялары желісін республика бойынша дамыту келер жылға жоспарлануда. Жекелей алғанда Ақтөбе, Қызылорда және Шымкент қалаларында компрессорлық станция¬ларды жос¬парлау жұмыстары іске асуда, сондай-ақ, аймақтарда жергілікті атқарушы органдармен автокөліктерді табиғи газды отын ретінде пайдалануға көшіру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Елдегі АИ-92 маркалы бензиннің 1 литрі – 115 теңге, ал сұйытылған газдың 1 литрі – 69 теңге тұрады. Алда-жалда бензин тапшылығы орын алатын болса, газдың көмегімен ел экономикасына елеулі шығын келтірмей-ақ, күн кешуге болады дейді оптимистер. Кім білсін...Ал әзірше бензин бағамынан басы айналғандар газға үмітпен қарай бастапты.

Еркежан ЖҰМАТАЙ
Түпнұсқадағы тақырып: Бензиннің бағасы тұрақсыз, ал газ қондырғысы қымбат көлік жүргізушілерін тығырыққа тіреген мәселенің түйіні қалай шешіледі?
turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста