БАШПАЙ ҚОЙЫНА ҚЫТАЙДЫҢ ЕНІ ТАҒЫЛЫП КЕТЕ МЕ?

БАШПАЙ ҚОЙЫНА ҚЫТАЙДЫҢ ЕНІ ТАҒЫЛЫП КЕТЕ МЕ?

Тарбағатайда да тарландар өткен
Шығыс Түркістанның Тарбағатай өлкесі кезінде алашордашылардың  шығыстағы маңызды орталығы болғаны тарихтан белгілі. Өлкеден халқының қамын ойлаған ерлер көп шыққан. Бастауын әріден алатын өлкенің орталығы — Шәуешектен 27 жасында өмірден озған  қоғам қайраткері Дубек Шалғынбай, Атымтай жомарт Баспай (Башпай) Шолақұлы Бапин, тақуа Әмина Нұғыман, Қытай мұрағатының ықпыл-жықпылына дейін білетін тарихшы Сұлтан Жанболат, «Азаттық» радиосынан Қазақ елінің тәуелсіздігін алғаш болып айдай әлемге паш еткен Хасен Оралтай, этнограф Жағда Бабалық, тас түрме, тар босағада бақилық болған Қажықұмар Шабдан, қазақ әдебиетінің бүгінгі қара нары Қабдеш Жұмәділ, әуенімен Қытайды мойындатқан Хамит Ысқақ сияқты биік тұлғалардың шыққанын былайғы жұрт біле бермес... Майлы жайлау мен Барлық тауларының сілеміндегі Тарбағатай — Қытайдағы қазақ мәдениетінің тұма бұлағындай қайнары лайланбаған қасиетті өлке. 300 мыңнан астам қазақ шоғырланған өңір тек мәдениеттің ғана емес, ауыл шаруашылығымен, оның ішінде асыл тұқымды мал өсірумен танымал. Әрі осы өңірде Қытайға ғана емес, әлемге әйгілі башпай қойы өсіріледі.
Күрең қой қайдан шыққан?
Иә, Башпай байырғы қазақ қойының төлінен тарайды. Сабалақ жүнді, тұрқы ірі, құйрықты (Алтайдың тегене құйрық қойына ұқсаңқырайды), көп жайылады. Қыста қар теуіп, азығын өзі табады. Шыңжаңның биязы жүнді қойымен салыстырғанда суыққа төзімді әрі төлі тез аяқтанады. Егер ол қазақтың атам заманнан бергі бағып келе жатқан төл тұқымы болса, «Башпай қойы» деген атау қайдан шықты деген сұрақтың туындайтыны рас. ХХ ғасырдың 30-жылдары Башпай Шолақұлы (суретте) жабайы арқар мен жергілікті қойдың шағылысуынан жаңа тұқым алып, қазақ мал шаруашылығы өндірісінде жаңа белесті бағындырды. Кейіннен қазақ байы --Башпайдың ұзақ уақыттық сұрыптап, бағып-өсіруінің нәтижесінде Тарбағатай ойпатына жерсінген асыл тұқымды майда тұяқ жетілді. Енді бір деректерде «1917 жылы Қазақстаннан 500 қой алып келген Башпай Тарбағатайда жұмсақ талшықты қойдың асыл тұқымын дамытып, бір отарға жеткізді» делінсе, ендігісінде «будандастырылған қой тұқымын дамытып, 1919-1949 жылдар аралығында ақ қасқа қой мен күрең қой жүнінің ірі талшығын жіңішке талшыққа айналдырды» деп айтылады. Осылайша ақсарбас күрең қойдың саны 150 мыңға жетті. Міне, бұл әйгілі Башпай қойы еді. 1950-жылдардан кейін киім өндірісіне шикізат ретінде пайдаланған Башпай қойының жүні барынша нәзік, жіңішке талшыққа бет алды. Ол — ірі, өсімтал, аязға шыдамды, етжеңді, дәм сезгіштік қасиетімен Шыңжаң өлкесінен тыс Қытайдың өзге өңірлерінде кездесе бермейді. Башпай қойы 1982 жылы Шыңжаң өлкелік үздік өнім аталғалы бері үздіксіз асылдандырып, бағудың нәтижесінде сапалы тұқым өсім берді. 2003 жылы мал басы 500 мыңға жетті. 1988 жылдан бері Шыңжаң өлкелік ауыл шаруашылығы университеті генетикалық зерттеу орталығының майталманы Хамиттің жетекшілігіндегі ғылыми-зерттеу ұйымы башпай қойының тұқымын одан әрі жетілдіру мақсатында қошқар мен текенің тұқымын сұрыптап соңғы технологияның көмегімен жаңа асыл тұқым түрін шығаруда. Әрі жаңа будан осылайша Башпай атауын иеленді. Үзіліссіз ізденіс арқасында сойылым мөлшері 56 пайызға өсті. Таза еті 49 келіге жетті. 4-5 айлық қозының салмағы 16 келіден асып жығылды. Осылайша ел ішіндегі сапа көрсеткішінде көш бастап тұрған жайы бар.
Ал енді артына асыл тұқымды шопан ата түлігін мұра етіп қалдырған Башпай кім еді? Ендеше, әңгімені кезінде Гоминдаң партиясының үстемдігіне қарсы шыққан үш аймақ (Алтай, Тарбағатай, Iле) төңкерісінен бастайық. Қызылдардың жымысқы саясатына қарсы көтерілген Тарбағатайдың Майлы жайлауынан Нұрсапа бастаған мыңға тарта атты солдат Толы өңірін жаудан тазартты. Кейіннен олар «Тарбағатай 6-шы атты полкі» болып құрылып, Сауан жерінде Қалибек Хакім бастаған партизандармен бірікті. Онда «Қызыл өзен» көтерілісін қозғап Iле мен Тарбағатайға баратын Гоминдаң әскерінің жолын кесіп тастайды. Осылайша төңкеріс жеңіске жетіп, Шиху мен Сауан аудандары Тарбағатайға төте қарайды. Қалибек Сауанға, Нұрсапа Дөрбілжінге әкім болып, олар біртұтас Тарбағатай аймағына қарасты болған. Біз сөз етіп отырған Атымтай жомарт Башпай болса аймақтың тұңғыш уәлиі (губернаторы) болып сайланған. 1889 жылы Шығыс Түркістанда туылып, 1953 жылы Үрімжіде дүние салған қоғам қайраткеріне бүгінде ұрпақтары кесене тұрғызған. Кезінде Қытай үкіметі алдындағы беделін пайдаланып, қазақтар жайлайтын аймақтың әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуы жолында игілікті істер атқарған. Алаштың текті перзенті ұлт ағартушылығы жолында 1935 жылы туған жері Буыршын ауданында тоғыз жылдық қазақ-қытай бастауыш мектебін ашқан. Тіпті, 1936 жылы 700 қой, 70 жылқы, 70 сиырдың құнына электр стансасын, өндіріс орындарын, 1000 қойдың құнына Еміл өзенінен көпір (“Башпай көпірі”) салдырған. Қазіргі таңда есімі мәрмәр тасқа қашалған Атымтай жомарттың ерлігі ел-жұрт есінде. «Малың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» деген аталы сөзді ұстанған ол уәлилік жалақысын қолына алмай, әртүрлі қоғамдық ұйымдарға аудартып отырған. 1943 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО-ға көмекке 500 атты ер-тұрманымен жіберген. Көзі тірісінде ҚХР-дың 1 дәрежелі “Тәуелсіздік”, “Азаттық” ордендерімен марапатталған. Кейіннен Қабдеш Жұмәділовтің қаламынан туған “Соңғы көш” романындағы Жасыбайдың прототипіне айналды.
Қытай брендіне айналып кетпесе игі
Кейде «бізде қазақтың белгісі деп айтатындай не қалды?» — деген беймаза ой мазалайды. Иә, көкпарың мен тоғызқұмалағыңа қырғыздар қырындаса, қымызыңа немістер тамсанып отыр. Елтіріңді ептілер арзанға алып, илеп тон пішіп, оны өзіңе саудалауда. Бұл біздегі жағдай. Ал, алыстағы ағайынның хал-ахуалы қалай? Әсіресе, миллиардтар ішіндегі миллионның тағдыры есті қазақты елеңдетпей қоймасы анық. Бүгінде қазақтың ежелгі атақоныс, сары жайлау, күз күзеуін мемлекет құраушы ұлт өздерінің шарт-жағдайына ыңғайлап саяхат аймағына айналдырды. Мысалы, Нарат сахарасы, Қанас көлі қытайлардың қанжығасында кетті. Iле тұлпары, тегене құйрық Алтай қойы, Башпай қойы десе, біз қазақтың заты, қазақтың белгісі деп ойлайтынбыз. Бірақ ондағы қандастардың азшылыққа айналуына байланысты бұл түлікті кімнің бағып, баптағаны жайына қалып, қазақпен қатысы жоқ өзгенің меншігі болып барады. Міне, осылардың барлығы өз бетімен кете берсе ертең қытайша сауат ашқан әрі сол ұлттың ой-өрісімен ойлайтын жас ұрпаққа «мынау қазақтың мұрасы» деп қалай түсіндіріп жеткіземіз? Қытайдағы қазақ айтыскер ақыны Әлихан Қабдырасылұлының Гансу өлкесінің Ақсай қазақ ауданында Жәмиғамен айтысында:
– Мысалға қазағымның құрт-майы мен,
Бал қымызын қайсы ұлт бар аңсамайтын?
Қазы-қарта, жал-жая сүр еті мен,
Сары қымызын қайсы ұлт
бар алқамайтын?
Мал сойса біртал арам без жібермей,
Жілікті саясатша боршалайтын,
Ауырған ұл-қызына дәрі ішкізбей,
«Ақсарбастың» етімен сорпалайтын.
Апам құйған сүт шайдан бір шыны ішсең,
Дертіңді жұлып алад тарқамайтын.
Құйрық майға қуырған ақ бидаймен,
Бауырсақ, жентін жесең марқалайсың.
Анашымның қол түйген ақ тарысын,
Қызыққан туысқаның қолқалайтын.
Көмбе нанның көкесі біздің ұлтта,
Бір жапырағының өзіне қан тарайтын.     
Iркіті, ірімшігі өз алдына,
Сабасының жылы жоқ орталайтын,
Атақты Алтай қойы, Башпай қойы,
Iле жылқысы десең ел анталайтын.
Міне, осындай әйгілі түліктерді,
Боршалап болсақ етін қалталайтын,
Өнім-құны екі есе жоғары боп,
Қуаныштан еді ғой ән тарайтын.
Ертең басқа ұлт әкетер иемденіп,
Бұл сөзімді қайсың бар қалқалайтын?
Шетпе болған балаша келсе келмес,
Әдетіңді қоймасаң шалқалайтын,
Қайран осы қазақтың өнімдерін,
Жатқа бермей кез боп тұр маркалайтын, — деген сөзінен-ақ ұлттық мұраның бірталайынан аңдаусыз айырылып бара жатқанымызды сезінеміз.
Сүйегі бізде, еті өзгеде
Әңгіме еткеніміздей, қазақтың мал тұқымын қытайлар өз брендтеріне айналдыруда. Мәселен, Шыңжаң «Барлық» ауыл шаруашылығы шектеулі серіктестігі өндірген Башпай қойының құйрық майы, сұрпы етінің Қытай нарығындағы өтімділігі күн санап өсіп келеді. Осыдан біраз жыл бұрын қытайлар қой етінің өзгеше иісі бар деп көбінесе сиыр етін көп тұтынатын еді. Кейіннен 2000-жылдардың басындағы Қытайды әбігерге салған құс тұмауы ауруы таралған кезеңде қой етінің вирусқа қарсы емдік қасиетінің көптігіне көзі жетіп, жаппай жас бағлан, қой етін жеуге көшті. Тіпті, мейрамханаларда, көше бойындағы кафелерде қой етінен әзірленген қуырдақ, кәуап қытайлардың сүйікті асына айналды. Дегенмен, қаладағының қағанағы қарық болғанмен, ауылдағының тынысы тарыла түскен-тұғын.
Неге? Қытайдың «Көшпенділіктен отырықшылыққа өткізу» саясаты жер емген, шөптің асылы мен судың тұнығын қалайтын қаракөздерді жайылымынан, егістігінен, қыс қыстау, отарынан айырды. Есесіне, төрт түліктің базардағы бағасын аспандатты. Одан келер қазаққа пайда қайда? Базар жағалаған ұйғыр мен дүнген қаракөздерді жолатсын ба, жыл он екі ай малдың азабын көмпіс шопан көрсе, өзге ұлттар боршалап, грамдап сатып, қазанын майлап отыр. 2013 жылдың соңында саулық қой 1500 юаньға (38000 теңге) дейін көтерілді. Өкініштісі, нарықтың қатал заңы жем-шөбін де базардан сатып алуға мәжбүр болған малшылар үшін тиімсіз болды. Тіпті, қысылғанда саудагердің айтқанына беріп жатты.
Қазақ қазынасы қайда кетіп жатыр?
Жылдық табыс көлемі 2 миллион юаньнан асып жығылған кәсіпорынның өнімі Қытайдың ішкі өлкелеріне, тіпті алыс шетелдерге саудалануда. Жылына орташа есеппен 526400 бас башпай қойының еті Қытай базарын жас әрі сапалы етпен қамтамасыз етуде. Буыршын аудандық партия комитетінің хатшысы Фың Жия Руи: Біз Башпай қойын Қытай елінің мал шаруашалығы саласындағы брендіне айналдыруды көздеудеміз. Осы барыста Тарбағатай аймағының әр қала, аудандарында 90-100-ден астам шағын мал бордақылау алаңын, 500-ден астам жылы заманауи қораның құрылысына жергілікті әкімшілік тарапынан 3 миллион юаньның шамасында қаржы бөлуге дайынбыз, – дейді. Міне, ойлап қарасаңыз, құмнан құлақ алатын қытайлар енді қазақ қойын өз меншігіне иемденбекші. Жуырда Буыршын ауданында өткен башпай қой шаруашылығын дамытуға арналған баспасөз мәжілісінде Шыңжаң ауыл шаруашылығы университетінің ректоры Жоу Чю Жияң жоғары оқу орындарында Башпай қойын асылдандыруға арналған ғылыми-зерттеу орталығының ашылғандығын, әрі осы негізде құрастырылған оқу құралының аграрлық сала мамандарына дәріс ретінде беріліп келе жатқандығын тілге тиек етті.
Иә, соңғы жылдары Буыршын ауданына қарасты 5 ауыл арнаулы Башпай қойын өсіретін негізгі ауыл қатарына енді. Соның нәтижесінде көптеген Башпай қой етін өңдейтін кәсіпорындар ашылды. Мәселен, «Ше Гай» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының табысы да ауыз толтырарлықтай. Жылына 15 мың тонна ет өнімін саудалауда. Базардағы әр келі қой етінің бағасы 55 юань (1403 теңге) болғанын ескерсек, пайданың шаш-етектен екендігіне көз жеткізуге болады.
– Жартылай қуаң, қоңыржай белдеулік климатқа жататын Тарбағатай аймағының маусымдық климаты қаталдау. Жазы ең жоғары температура 40 градус болса, қысы ұзаққа созылып, ең төменгі температура — 40 градустан төмендейді. Тарбағатай ойпатта орналасқандықтан жылдық жауын-шашын мөлшері аздау болады. Міне, осындай қолайсыз климатқа бейімделген Башпай қойының өсімталдығы тез. Тіпті, егіз қозылап та жатады, — дейді Буыршын ауданының зоотехнигі Хуаң Ви.
Арнайы қалбырланған қойдың құйрық майы, құйқасы, «Башпай қойының өнімі» деген қытай әріптерімен жазылған қораптарға салынып, нарыққа бет алуда. Әсіресе, жас төлінің ауруға төзімділік қабілеті дамығандықтан, енді ауызданып келе жатқан еркек қозы әр күні орта есеппен 275-344 грамға дейін салмақ қосады. Ұрғашысы 250-338 грамм. Соңғы кезде будандастырылған бұйра жүнді қой тұқымының майлы жүнінен Қытай әншілерінің косметика бұйымдары әзірленуде. Соңғы жылдары Башпай қойын тегене құйрықтан ықшам құйрыққа бейімдеу үшін жасалынған тәжірибелер өз жемісін берді. 4-5 айлық қозы 18 келі тартса, сойысқа жарамдылығы 56 пайызды құрауда. Еті балғын әрі жұмсақ, сапасы жоғары, холестерині аз, кальций, темір секілді адам ағзасына қажетті химиялық элементтердің құрамы жоғары, целлюлоза аз, майлылығы төмен, еті жұмсақтығымен дәмі есте қалып, әрі тез қорытылады, қай кезде болса да тағам дайындаудың таптырмас азығы.
Міне, арнайы цех ішінде ақ халат киген қасапшылар жас етті жүйе-жүйе, жілік-жілігімен боршалап, әр қорапқа 5 келіден арнайы бұзылудан сақтайын химиялық ұнтақтармен тұздықтап, жоғары қысымды сапалы целлофандармен қаптап, 10 күн ішінде дүкен сөрелеріне жөнелтуде. Әрі күнделікті өнімді тоңазытқыш бөлмелерге салып сақтауда. Қазақтың баққан малын өзгелер осылайша өз кәдесіне жаратуда.

Р.S. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербург базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр» дегенін тағы бір мәрте еске аласың. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар». Осы аталы сөз тура мұхиттың арғы бетіндегі жұртқа айтылғандай. Әрине, дәстүрлі мал шаруашылығын заманауи озық технологиямен ұштастырған Латын Америкасының аграрлық саладағы жетістіктері қазаққа үлгі боларлықтай жақсы дүние. Аргентинаның пампас жайылымдарындағы шаруа қожалықтарында бағылған табын-табын сиыр, қора-қора қойдың жас еті теңіз порттары арқылы экспортталып, Еуропа дәмханаларының таңғы дастарханын майландырады екен. Неге қазақтың төрт түлігінің ет-сүт өнімін Каспий порты арқылы Түркия, одан әрі Еуропа асырмасқа?!.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста