Бәсекеге қабілетті 50 елге қосылдық

«Ізденген жетер мұратқа» демекші, бүгін еліміз алдына қойған басты мақсатының бірі – әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына уақытынан бұрын еркін еніп те кетті. Нақтырақ айтқанда, Бүкіләлемдік экономикалық форумының 2013-2014 жылдарғы ғаламдық бәсекеге қабілеттілік бойынша таяуда жариялаған жаңа есебінде Қазақ елі бәсекелестіктің жеті өлшемінің 4,41 балын еншілеп, 148 мемлекеттің ішінде 50-орынға табан тіреді. Біздің елдің алдын посткеңестік мемлекеттерден Эстония (32-орын) мен Әзірбайжан (39-орын) орап өткен екен. Ал солтүстік көршіміз Ресей бұл бағамда 64-орынды қанағат тұтыпты. Қалай дегенмен де аталған жетістік Елбасымыздың сындарлы да салиқалы саясатының жемісі екені даусыз. Мұнымен Қазақ елі малданып қалмақ емес, Мемлекет басшысы енді әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену туралы мақсат қойып отыр...
Расында, біз аталған мақсатқа қол жеткізу үшін көп іздендік. Бұл ізденістердің барлығын Елбасымыз жыл сайынғы өзінің халқына Жолдауында жекелей тоқталып, оны нақты өмірде жүзеге асыру үшін ар­найы мемлекеттік бағдарламалармен түйіндеп беріп отырды. Үдемелі индус­триал­дық-инновациялық даму бағдар­ламасынан бастап, «Бизнестің жол кар­тасы – 2020», тіпті бүгіндері жаңадан қолға алынып жатқан Моноқалашықтарды дамыту бағдарламасы, «Агробизнес – 2020» – осының барлығы еліміздің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруға бағытталды. Сүрінген жеріміз жоқ деп айта алмаймыз, алайда аталған бағдарламаларды жүзеге асырудағы олқылықтарды дереу қолға алып, оны жетілдіре түсуде арнайы жұмысшы топтар құрылып, құқықтық-нормативтік құжаттар қабылдау секілді ауқымды істер бір мезетте атқарылып отырды. Индустрияландыру картасы аясында сандаған жаңа өндіріс ошақтары пайда болды. Тіпті әлемдік қар­жылық дағдарыс бұл ретте бізге тұсау бола алмады. Кәрі құрлық қиналып жатқан тұста Қазақстан ірі өндірістік салаларды қалып­тастыруға қол жеткізді: автомобиль құрас­тыру өндірісі, ұшақ және тікұшақ жасау кәсіпорыны, вагонқұрылысы, локомотив­құры­лысы және т.б. Сол секілді Кеден одағы аясында им­портқа шек­теу қою арқылы отандық өндірістің жан­дануына, бәсекелестік ортаны қалып­тастыруға үлкен қадамдар жасалып жа­тыр. Соның арқасында халық­аралық өлшемдерге сай елдің алға жылжуы сәйкестендірілді.
Жалпы осы жетістігіміздің салмағын сара­лау үшін дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік индексі не екендігіне тереңірек тоқтала кетелік. Мәселен, бүгіндері дүние­жүзінде бәсекеге қабілеттілік индексін есептейтін үш орталық бар: біріншісі, біз сөз етіп отырған, атағы жер жаратын – Давостағы Бүкіл­дүние­жүзілік эконо­микалық форумы, одан кейін Ло­зан­надағы менеджментті дамыту инс­титуты және АҚШ-тағы Гарвард уни­вер­ситеті. Жалпы, ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін есептеп шығарудың 320 көрсеткіші бар көрінеді, оған эко­но­микалық, Үкімет пен басқарудың тиім­ділігі, бизнесті жүргізу ыңғайлылығы, ин­ф­ра­құрылым­дардың сапа­сы секілді талаптар қамты­ла­ды. Міне, осы индекс­терді есептеуге үлкен ұжым жұмыл­дырылған, онда 104 елдің 9 мыңға жуық маманы жұмыс істейді. Демек, Қазақстан осы талаптардың басым парасын оң бағаға орындаған мемлекет болып та­былады. Әрі оған ешкім дау айта алмауы керек. Өйткені сандаған мемлекеттен жи­нақталған маман­нан тұратын ұжым есебі әділ әрі айқын болары сөзсіз.
Бұрынғы Кеңес одағы бәсекеге қа­білеттіліктің рейтингтік зерттеу көр­сет­кіш­теріне қатысқан жоқ. Ал Қазақстан Бүкіл­дүниежүзілік эконо­микалық фо­румы­­ның рейтингісінде 2005 жылдан ғана бастап бақ сынай бастаған және сол жылдың өзінде біз 61-орынды иеленген­біз. Бастапқыға бұл – ауыз толтырып ай­татын көрсеткіш. Мойын­дау керек, бұлай­ша бірден секіріс жасауы­мызға ықпал еткен – ішкі жалпы өнім дең­­гейінің жоға­рылығы. Елулікке ену біз үшін тосын жағдай болған жоқ. Былтыр ғана Қазақ­стан аталған рейтингте 51-орынға тұрақ­таған. Енді 50-ді еңсеру қатты қиын­шылық тудырмасы белгілі еді. Сондықтан Елбасы өткен Тәуелсіздік күнінде жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өз халқына Жолдауында жаңа межені белгілеп те тастаған еді. Сөзбе-сөз келтірсек: «Қазақ­стан – 2030» стратегиясын қабыл­даған­нан кейінгі 15 жыл барысында біздің еліміз әлемдегі қарқынды дамушы бес мемлекеттің қатарына енді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім көрсеткішімен әлемдегі 50 ірі экономикаға кіреміз. Бүкіл әлем елі дамуын өлшейтін рейтингтер бойынша да мойындалып жатыр­мыз. Алты жыл бұрын мен әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену туралы алдымызға жалпыхалықтық мақсат қойдым. Бүгін осы межеге біз бір қадамға ғана жетпей тұрмыз... Ендігі біздің басты мақсат – 2050 жылға дейін әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған бізде барлық мүмкіндік бар: ресурсымыз да, білімді адамдарымыз да, қазақстан­дықтардың жарасымды бірлігі де».
«Арман биік болмай, биік тұғырға жете алмаймыз» деген экономика ғылымының докторы, профессор, академик Мырзакел­ді Кемел Мемлекет басшысының бірден келесі кезең мақсаттарын айқындап беруі­нің өзі замана талабы екенін айтады.
– Ғаламдану заманында бір жерде тұралап тұруға болмайды. Мұны әу бастан Елбасымыз жақсы түсініп, мемлекеттік бас­қару тізгінін дер уақытында  бүгінгі уақыт­т­ың үніне жауап беретіндей болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасады, жасап та жатыр. Жалпы ішкі өнім деңгейі жақсы бол­ғанымен, бізде балақтан тартатын көр­сет­кіштер аз болмады. Сондықтан 2000 жылдан бастап Мемлекет басшысы осы бағыт­тағы олқы тұстарға үлкен маңыз берді. Әсіресе кәсіпкерлік пен ауыл шаруа­шы­лығының даму жолындағы кедергілерді көзге шұқып көрсетіп, құзырлы орындарға нақты тапсырмалар беріп, міндеттемелер жүктеді. Шүкір, ауыл шаруашылығы бо­йын­ша арнайы бағдарлама қабылданып, алдағы үш жылда аталған секторға бөлі­нетін мемлекет қаржысы екі есеге арттыру көзделіп отыр. Кәсіпкерлік бойынша құқықтық-нормативтік құжаттардың басын қосып, мәселені кешенді қарастыратын арнайы кодекс қабылдайық деудеміз. Мұның барлығы дамуда үлкен бетбұрыс жасайтындығына сенімдімін. Алар асуы­мыз әлі де бар. Ғылым, білім, бизнес, билік – инновациялық дамуға бірдей жұмыл­ды­рылуы керек. Демек, бізге жетілу үшін әлі көп еңбектену қажет, – дейді ғалым. 
Білуімізше, бәсекеге қабілеттілікті ғы­лым ретінде негізін қалаған Гарвард уни­вер­ситетінің профессоры Майкл Портер қазіргі заманғы елдерді үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші топ – өндірісте арзан жұмыс қолын пайдаланатын, өз елінің қазба байлықтарын аяусыз пайдаланатын елдер. Екінші топтағы елдерге экономиканы тиімді жүргізуді үйренген, тиімді материал және энергия үнемділігі бар, жұмсалған қаржының қайтарымы жақсы елдер кіреді. Ал үшінші топ – инновациялық экономика елдері, оларда бүкіл экономика білімге, жаңа­шылдыққа негізделген. Міне, осы өлшем бойынша Майк Портер бізді алдың­ғы екі топтың ортасында тұрған ел деп са­н­ай­ды екен. Қазақстанның табиғи ресурс­тары тез сатылып жатыр және жұмыс күші арзан, бірақ сонымен бірге еліміз тиімді экономика құруға ұмтылыс жасап жатыр. Еңбек өнімділігіне, энергосыйымдылықты азайту мен жаңа технологияларға көңіл бө­ліне бастады. Міне, соңғы жағдайды тіп­тен жақсарта түсуге «ЕХРО – 2017» халық­ара­лық көрмесін өткізуге мүмкіндік алып отыр­ған Қазақстанда толыққанды потен­циал бар деп есептейміз. Осы жағынан ал­ғанда, біздің ел үшін отыздыққа енудің де ауылы алыс болмауы керек.

КӨЗҚАРАС
Қуаныш АЙТАХАНОВ, сенатор:
– Бұл – өмір ағымындағы объективті процесс. Сондықтан елулікке ендік деп малдануға еш болмайды. Мұны Елбасымыз былтырғы өз халқына Жолдауында баса айтып, енді Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену туралы алға мақсат қоятындығын мәлімдеді. Кеше жазғы демалыстан соң өз жұмысына кіріскен Парламенттің алғашқы күнінде де Президентіміз осыны тағы қадап айтты. Әсіресе кәсіпкерліктің өркендеуіне жан-жақты қолдауды қазіргіден де арттыра түсу керектігіне маңыз берген Мемлекет басшысы  Кәсіпкерлік кодексін әзірлеп, оны қабылдауды Парламент пен Үкіметке тапсырды. Бүгіндері жалпы ішкі өнім ішіндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 17-20 пайызды құрайды. Бұл – мардымсыз көлем. Біз оны 50-60 пайызға жеткізуіміз керек. Ондай жағдайда біз саяси-экономикалық тұрақтылығымызды нығайта түсеміз. Меншік иесі қатары көбейген соң, олар өзінің меншігін қорғауға, оған қамқор болуға мүдделі бола түседі. Ішкі тұтынысты арттырып, отандық өнімді көбейтуге қол жеткіземіз. Кәсіпкерлік кодексі мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікке әріптес, серіктес ретінде қарайтындай көзқарас қалыптастыратын болады деп ойлаймын. Осының барлығы  ел экономикасы дамуына жаңаша серпін, үлкен бетбұрыс әкелуі керек. Соның арқасында біз, меніңше, 10 жылдың көлемінде Елбасымыз алға қойып отырған бүгінгі мақсатқа да белгіленген мерзімінен бұрын жетіп қаламыз.

Уәлихан ТӨЛЕШОВ, саясаттанушы:
– Еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан көрінуі – үлкен мәртебе. Бұл алға жылжу бойынша мақсатымызды қалтқысыз орындап келе жатқанымызды анық аңғартады. Демек, Елбасымыз айтып жүргендей, Қазақстанның Орталық Азияның азулы барысына айналуға потенциалы толыққанды жеткілікті екендігін әлемге дәлелдейтін бағам қолымызда бар. Мұнымен мақтануға әбден болады. Енді әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу туралы алдымызға мақсат қойып жатырмыз. Бұл тұрғыда, меніңше, елімізге жан-жақты реформа қажет. Бізде шағын кәсіпкерлікті қорғайтын мықты заң жоқ, барлығы жоғарыдан бақыланып, реттеледі. Осы жағынан алғанда, кеше Елбасымыз айтқан Кәсіпкерлік кодексін түзу – дұрыс бастама. Ол қазақтың еркін экономикалық кеңістігін құруға ықпал етуі тиіс. Мұндай жағдайда саяси реформа да қатар жүргізілуі шарт. Сол секілді ғылыми бетбұрыс та керек. Жаңа технологияны, техниканы жетік меңгерген мамандарды көптеп дайындау қажет. Атом электр стансысын салатын, ғарышты игеретін  қауқарда болуымыз керек. Біз экономикамызды жаңартылған энергия көздерімен дамытуымыз тиіс. Ол үшін ЕХРО халықаралық көрмесін өткізетін уақыт 2017 жылға дейін мемлекеттік шенеуніктерден бастап бизнесте, жалпы, қоғамда «біз табиғи ресурстарға бай­лан­бай, инновациялық, индустриялық өмір сүруіміз керек» деген идея әбден қалыпта­сып, санаға терең сіңуі керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста