Бәсекеге қабілетті 50 елге қосылдық
«Ізденген жетер мұратқа» демекші, бүгін еліміз алдына қойған басты мақсатының бірі – әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына уақытынан бұрын еркін еніп те кетті. Нақтырақ айтқанда, Бүкіләлемдік экономикалық форумының 2013-2014 жылдарғы ғаламдық бәсекеге қабілеттілік бойынша таяуда жариялаған жаңа есебінде Қазақ елі бәсекелестіктің жеті өлшемінің 4,41 балын еншілеп, 148 мемлекеттің ішінде 50-орынға табан тіреді. Біздің елдің алдын посткеңестік мемлекеттерден Эстония (32-орын) мен Әзірбайжан (39-орын) орап өткен екен. Ал солтүстік көршіміз Ресей бұл бағамда 64-орынды қанағат тұтыпты. Қалай дегенмен де аталған жетістік Елбасымыздың сындарлы да салиқалы саясатының жемісі екені даусыз. Мұнымен Қазақ елі малданып қалмақ емес, Мемлекет басшысы енді әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену туралы мақсат қойып отыр...
Расында, біз аталған мақсатқа қол жеткізу үшін көп іздендік. Бұл ізденістердің барлығын Елбасымыз жыл сайынғы өзінің халқына Жолдауында жекелей тоқталып, оны нақты өмірде жүзеге асыру үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалармен түйіндеп беріп отырды. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасынан бастап, «Бизнестің жол картасы – 2020», тіпті бүгіндері жаңадан қолға алынып жатқан Моноқалашықтарды дамыту бағдарламасы, «Агробизнес – 2020» – осының барлығы еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталды. Сүрінген жеріміз жоқ деп айта алмаймыз, алайда аталған бағдарламаларды жүзеге асырудағы олқылықтарды дереу қолға алып, оны жетілдіре түсуде арнайы жұмысшы топтар құрылып, құқықтық-нормативтік құжаттар қабылдау секілді ауқымды істер бір мезетте атқарылып отырды. Индустрияландыру картасы аясында сандаған жаңа өндіріс ошақтары пайда болды. Тіпті әлемдік қаржылық дағдарыс бұл ретте бізге тұсау бола алмады. Кәрі құрлық қиналып жатқан тұста Қазақстан ірі өндірістік салаларды қалыптастыруға қол жеткізді: автомобиль құрастыру өндірісі, ұшақ және тікұшақ жасау кәсіпорыны, вагонқұрылысы, локомотивқұрылысы және т.б. Сол секілді Кеден одағы аясында импортқа шектеу қою арқылы отандық өндірістің жандануына, бәсекелестік ортаны қалыптастыруға үлкен қадамдар жасалып жатыр. Соның арқасында халықаралық өлшемдерге сай елдің алға жылжуы сәйкестендірілді.
Жалпы осы жетістігіміздің салмағын саралау үшін дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілік индексі не екендігіне тереңірек тоқтала кетелік. Мәселен, бүгіндері дүниежүзінде бәсекеге қабілеттілік индексін есептейтін үш орталық бар: біріншісі, біз сөз етіп отырған, атағы жер жаратын – Давостағы Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумы, одан кейін Лозаннадағы менеджментті дамыту институты және АҚШ-тағы Гарвард университеті. Жалпы, ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін есептеп шығарудың 320 көрсеткіші бар көрінеді, оған экономикалық, Үкімет пен басқарудың тиімділігі, бизнесті жүргізу ыңғайлылығы, инфрақұрылымдардың сапасы секілді талаптар қамтылады. Міне, осы индекстерді есептеуге үлкен ұжым жұмылдырылған, онда 104 елдің 9 мыңға жуық маманы жұмыс істейді. Демек, Қазақстан осы талаптардың басым парасын оң бағаға орындаған мемлекет болып табылады. Әрі оған ешкім дау айта алмауы керек. Өйткені сандаған мемлекеттен жинақталған маманнан тұратын ұжым есебі әділ әрі айқын болары сөзсіз.
Бұрынғы Кеңес одағы бәсекеге қабілеттіліктің рейтингтік зерттеу көрсеткіштеріне қатысқан жоқ. Ал Қазақстан Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумының рейтингісінде 2005 жылдан ғана бастап бақ сынай бастаған және сол жылдың өзінде біз 61-орынды иеленгенбіз. Бастапқыға бұл – ауыз толтырып айтатын көрсеткіш. Мойындау керек, бұлайша бірден секіріс жасауымызға ықпал еткен – ішкі жалпы өнім деңгейінің жоғарылығы. Елулікке ену біз үшін тосын жағдай болған жоқ. Былтыр ғана Қазақстан аталған рейтингте 51-орынға тұрақтаған. Енді 50-ді еңсеру қатты қиыншылық тудырмасы белгілі еді. Сондықтан Елбасы өткен Тәуелсіздік күнінде жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өз халқына Жолдауында жаңа межені белгілеп те тастаған еді. Сөзбе-сөз келтірсек: «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдағаннан кейінгі 15 жыл барысында біздің еліміз әлемдегі қарқынды дамушы бес мемлекеттің қатарына енді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім көрсеткішімен әлемдегі 50 ірі экономикаға кіреміз. Бүкіл әлем елі дамуын өлшейтін рейтингтер бойынша да мойындалып жатырмыз. Алты жыл бұрын мен әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену туралы алдымызға жалпыхалықтық мақсат қойдым. Бүгін осы межеге біз бір қадамға ғана жетпей тұрмыз... Ендігі біздің басты мақсат – 2050 жылға дейін әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған бізде барлық мүмкіндік бар: ресурсымыз да, білімді адамдарымыз да, қазақстандықтардың жарасымды бірлігі де».
«Арман биік болмай, биік тұғырға жете алмаймыз» деген экономика ғылымының докторы, профессор, академик Мырзакелді Кемел Мемлекет басшысының бірден келесі кезең мақсаттарын айқындап беруінің өзі замана талабы екенін айтады.
– Ғаламдану заманында бір жерде тұралап тұруға болмайды. Мұны әу бастан Елбасымыз жақсы түсініп, мемлекеттік басқару тізгінін дер уақытында бүгінгі уақыттың үніне жауап беретіндей болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасады, жасап та жатыр. Жалпы ішкі өнім деңгейі жақсы болғанымен, бізде балақтан тартатын көрсеткіштер аз болмады. Сондықтан 2000 жылдан бастап Мемлекет басшысы осы бағыттағы олқы тұстарға үлкен маңыз берді. Әсіресе кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығының даму жолындағы кедергілерді көзге шұқып көрсетіп, құзырлы орындарға нақты тапсырмалар беріп, міндеттемелер жүктеді. Шүкір, ауыл шаруашылығы бойынша арнайы бағдарлама қабылданып, алдағы үш жылда аталған секторға бөлінетін мемлекет қаржысы екі есеге арттыру көзделіп отыр. Кәсіпкерлік бойынша құқықтық-нормативтік құжаттардың басын қосып, мәселені кешенді қарастыратын арнайы кодекс қабылдайық деудеміз. Мұның барлығы дамуда үлкен бетбұрыс жасайтындығына сенімдімін. Алар асуымыз әлі де бар. Ғылым, білім, бизнес, билік – инновациялық дамуға бірдей жұмылдырылуы керек. Демек, бізге жетілу үшін әлі көп еңбектену қажет, – дейді ғалым.
Білуімізше, бәсекеге қабілеттілікті ғылым ретінде негізін қалаған Гарвард университетінің профессоры Майкл Портер қазіргі заманғы елдерді үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші топ – өндірісте арзан жұмыс қолын пайдаланатын, өз елінің қазба байлықтарын аяусыз пайдаланатын елдер. Екінші топтағы елдерге экономиканы тиімді жүргізуді үйренген, тиімді материал және энергия үнемділігі бар, жұмсалған қаржының қайтарымы жақсы елдер кіреді. Ал үшінші топ – инновациялық экономика елдері, оларда бүкіл экономика білімге, жаңашылдыққа негізделген. Міне, осы өлшем бойынша Майк Портер бізді алдыңғы екі топтың ортасында тұрған ел деп санайды екен. Қазақстанның табиғи ресурстары тез сатылып жатыр және жұмыс күші арзан, бірақ сонымен бірге еліміз тиімді экономика құруға ұмтылыс жасап жатыр. Еңбек өнімділігіне, энергосыйымдылықты азайту мен жаңа технологияларға көңіл бөліне бастады. Міне, соңғы жағдайды тіптен жақсарта түсуге «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесін өткізуге мүмкіндік алып отырған Қазақстанда толыққанды потенциал бар деп есептейміз. Осы жағынан алғанда, біздің ел үшін отыздыққа енудің де ауылы алыс болмауы керек.
КӨЗҚАРАС
Қуаныш АЙТАХАНОВ, сенатор:
– Бұл – өмір ағымындағы объективті процесс. Сондықтан елулікке ендік деп малдануға еш болмайды. Мұны Елбасымыз былтырғы өз халқына Жолдауында баса айтып, енді Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену туралы алға мақсат қоятындығын мәлімдеді. Кеше жазғы демалыстан соң өз жұмысына кіріскен Парламенттің алғашқы күнінде де Президентіміз осыны тағы қадап айтты. Әсіресе кәсіпкерліктің өркендеуіне жан-жақты қолдауды қазіргіден де арттыра түсу керектігіне маңыз берген Мемлекет басшысы Кәсіпкерлік кодексін әзірлеп, оны қабылдауды Парламент пен Үкіметке тапсырды. Бүгіндері жалпы ішкі өнім ішіндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 17-20 пайызды құрайды. Бұл – мардымсыз көлем. Біз оны 50-60 пайызға жеткізуіміз керек. Ондай жағдайда біз саяси-экономикалық тұрақтылығымызды нығайта түсеміз. Меншік иесі қатары көбейген соң, олар өзінің меншігін қорғауға, оған қамқор болуға мүдделі бола түседі. Ішкі тұтынысты арттырып, отандық өнімді көбейтуге қол жеткіземіз. Кәсіпкерлік кодексі мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікке әріптес, серіктес ретінде қарайтындай көзқарас қалыптастыратын болады деп ойлаймын. Осының барлығы ел экономикасы дамуына жаңаша серпін, үлкен бетбұрыс әкелуі керек. Соның арқасында біз, меніңше, 10 жылдың көлемінде Елбасымыз алға қойып отырған бүгінгі мақсатқа да белгіленген мерзімінен бұрын жетіп қаламыз.
Уәлихан ТӨЛЕШОВ, саясаттанушы:
– Еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан көрінуі – үлкен мәртебе. Бұл алға жылжу бойынша мақсатымызды қалтқысыз орындап келе жатқанымызды анық аңғартады. Демек, Елбасымыз айтып жүргендей, Қазақстанның Орталық Азияның азулы барысына айналуға потенциалы толыққанды жеткілікті екендігін әлемге дәлелдейтін бағам қолымызда бар. Мұнымен мақтануға әбден болады. Енді әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу туралы алдымызға мақсат қойып жатырмыз. Бұл тұрғыда, меніңше, елімізге жан-жақты реформа қажет. Бізде шағын кәсіпкерлікті қорғайтын мықты заң жоқ, барлығы жоғарыдан бақыланып, реттеледі. Осы жағынан алғанда, кеше Елбасымыз айтқан Кәсіпкерлік кодексін түзу – дұрыс бастама. Ол қазақтың еркін экономикалық кеңістігін құруға ықпал етуі тиіс. Мұндай жағдайда саяси реформа да қатар жүргізілуі шарт. Сол секілді ғылыми бетбұрыс та керек. Жаңа технологияны, техниканы жетік меңгерген мамандарды көптеп дайындау қажет. Атом электр стансысын салатын, ғарышты игеретін қауқарда болуымыз керек. Біз экономикамызды жаңартылған энергия көздерімен дамытуымыз тиіс. Ол үшін ЕХРО халықаралық көрмесін өткізетін уақыт 2017 жылға дейін мемлекеттік шенеуніктерден бастап бизнесте, жалпы, қоғамда «біз табиғи ресурстарға байланбай, инновациялық, индустриялық өмір сүруіміз керек» деген идея әбден қалыптасып, санаға терең сіңуі керек.