Айналма жолдың құрылысы бірнеше рет шегерілген, тиісінше оның аяқталу мерзімі де бірнеше рет өзгерген. 2018 жылы инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2021 жылы қолданысқа беріледі деген еді. Бірақ оны салған консорциумның ісі жүрмей, жол мамандарымен жасалған келісімшартқа өзгеріс енгізілді. Құжатта 2024 жылы қолданысқа берілетіні жазылған, ал енді құрылысшылар 2023 жылы ашылады деп отыр, деп хабарлайды zakon.kz kolesa.kz-ке сілтеме жасап.
 
ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті хабарлағандай, жолдың көп бөлігінде жер қазылып, көпір салынуда, мамандар инженерлік желілерді ауыстырып, су құбырларын орнатып жатыр. Биыл және алдағы жылы жол салушылар 15 мыңға жуық ағашты кеседі. Оның орнына 70 мың ағаш егуге міндетті.
 
Жоспар бойынша 66 шақырымның 57-сі 6 жолақты, қалған 7 шақырымы 4 жолақты болады. Үлкен жолға инвесторлар жеті жолайрық салады, тағы үшеуін Алматы облысының әкімдігі Саин, Мөңке би және Тілендиевпен қиылысатын тұстарға салады. Абай, Рысқұлов және Солтүстік айналма жол Үлкен айналма жолмен бірікпейді.
 
 
 
Үлкен айналма жолының құрылысы аяқталған соң ақылы болады. Одан өту құны жеңіл көліктер үшін шамамен 200 теңге, жүк көліктері үшін &mdash 390 теңге.
 
Жобаның жалпы құны &mdash 180 млрд теңге. Мемлекет үлесі &mdash 80 %, ал қалған 20 % қаржы жолды 15 жылға жалға алатын инвесторлардың қалтасынан шығады.