Ауыл өнімдері әртараптандырылуы тиіс

Ауыл өнімдері әртараптандырылуы тиіс

Қазақстан экономикасын әртараптандыру қажеттігі жөнінде ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұдан әлдеқайда бұрын, дәлірек айтсақ, мұнай бағасы ертеректе арзандай бастаған сәтте, 2007 жылдың тамызына дейін-ақ айтқан болатын.
Сол бойынша 2010 – 2020 жылдарға арналған үдемелі индустрияландыру бағдарламасы басталды. Сөйтіп, шикізат бағасына тәуелділіктен құтылудың алғашқы сорабы салынды. Әрине, біздің экономика әлі де болса шикізат бағасына тәуелді. Десек те, оны әртараптандыру басталғаннан бері Қазақстан шығаратын және экспорттайтын тауарлардың түр-түрі көбейді. Қазір бұлар, яғни шикізаттан басқа тауарлы өндіріс еліміздің жылдық жалпы ішкі өнімінде шамамен 17 пайызды құрайды. Бұл – азғана уақыт ішінде қол жеткізген үлкен жетістік. Құдай қаласа, егер Елбасымыздың экономиканы әртараптандыру жөніндегі нақты тапсырмасына атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалар жауапкершілікпен қараса, сөйтіп, «2050 – стратегиясын» жүзеге асырар болса, онда сөз жоқ, Қазақстан тауарлы өндірісінде, сондай-ақ экспортында шикізат емес өнім түрлері 60-70 пайызды құрап шығатын шаққа да жетеміз. Бәрі уақыт еншісінде.
Еліміздің жалпы экономикасындағы жағдай осылай болып тұрғанда халықтың шамамен 46 пайызы күнкөрісін үзіп отырған аграрлық салада өндірісті әртараптандыру мүлде қолға алынбаған десек те болғандай. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақтар басшылары «шетелдерден асылтұқымды малды көптеп сатып алсақ, бар мәселе сонымен шешіледі» деп ойлайтындай. Нәтижесінде, елде асылтұқымды малдың үлес салмағы өсіп келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жетістік. Бірақ сол асылтұқымды малдан өндірілген өнім түрлері әртараптандырылмағандықтан, сүтті тонналап жерге төгетін жағдайға жеттік. Мұны министр Асылжан Мамытбековтің өзі мәлімдеген. Иә, жан-жаққа көз жүгіртсек, онда асылтұқымды малды көп өсіретін дамыған Скандинавия түбегіндегі елдердің өздерінде сүт тонналап төгіліп жатады. Біз кеше ғана соның кебін кигендейміз. Өкініштісі сол – сүті жетпей жатқан ел, жетпегендіктен дүниежүзінің түкпір-түкпірінен сүт ұнтақтарын, сыр, брынзаларды импорттап келеміз. Демек, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақ әкімдері, осы салаға қатысты технологиялық ғылым бірігіп, ауыл шаруашылығында өндірісті әртараптандыруды жедел жүзеге асырғандары жөн. Сала не істей алады?
1. Сыр, брынза жасау технологиясы ауылға барсын
Социализм, кеңес өкіметі қазақтарға көп берді. Ұлтты жаппай білімді етіп шығарды. Бұл үшін рақмет айтамыз. Десек те, сол қоғам, сол өкімет ұлтты білгенінен айырды. Айталық, біздің аналарымыз сыр, брынза жасауды голландиялықтардан артық білді дей аламыз. Олар жеңісіне 70 жыл толуын тойлағалы жатқан Ұлы Отан соғысы кезінде майданға сыр мен брынза жасап жіберіп тұрды. Өйткені сүт тасу – көп шығын. Май мен қаймақ ұзақ сақтауға шыдас бермейді. Ал сыр мен брынза сол екі өнімнің ортасындағы әрі қоректілігі мол, әрі сақтауға ұзақ уақыт шыдас беретін өнім.
Қазір бізде ең жақын базардан, қалалардан және пойыз жолынан шамамен 200-300 шақырым қашықтықта орналасқан 30 аудан бар. Бұл аудандарды Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде бүгінгі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тізіп атап көрсеткен. Және олардың «кемелденген социализм» игіліктерінен құр қалып қойғанын да мәлімдеген. Ол құр қалудың басты себебі – базардан және темір жолдан қашық жерде орналасу. Сол аудандардың аты өзгергенімен, заты күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Базардан қашықтық қысқарған жоқ, қысқармайды да. Демек, онда тұрып жатқан бауырларға жақсы жағдай жасаймыз десек, бар болғаны өндірісін әртараптандыратын технологияны жеткізсек болғаны.
Ең өкініштісі сол – сүттен неше түрлі өнім алу жолдары мектепте емес, университеттерде ғылым ретінде оқылатындығы. Тері илеу, жүн өңдеу, сүт өнімдерінің түр-түрін шығару технологиясы бүгінгі Қазақстанның технологиялық университеттерінде адамзат қол жеткізген ғылыми жаңалық ретінде оқытылады. Екінші өкінішті тұс – университетті бітіргендер, қалталарында дипломдары барлар ең жақсы дегенде сүт өңдеу зауыттарына инженер-технолог болып орналасады. Әйтпесе ақшасы көп басқа да қызметтерге кетіп жатады. Ал ол білім қалада қалатындарға емес, ауылдағыларға, ауылда қалатындарға қажет екенін Білім және ғылым министрлігі әлі күнге дейін түсінер емес. Мектептерде еңбек сабағы дейтін пән өтіледі. Міне, осы пәнде сүттен неше түрлі өнім алу технологиясы ауыл балаларына үйретілсе, ең дұрысы сол болар еді. Өйткені бұл күндері ауылдарымызда жүрген қыздар мен келіндер түгілі, ақ жаулықты деп аталуға тиісті әжелер де ол технологиядан бейхабар. Біздің аналарымыз білетінді үйреніп қалу қажеттігін олар кезінде түсінбеді. Өйткені кеңес өкіметі жасаған молшылық оларға сиыр сүтінен түрлі тағам жасау өмірлік қажеттілік екенін түсінуге мұрша бермеді. Біздің замандастар «ішкен мас, жеген тоқ» дегендей жағдайда өмір сүрді. Бұл үшін оларды кінәлауға да болмас. Ал мына капитализм заманында біреудің аузына біреу бір қасық су тамызбайтын қоғамда әркім өз мүмкіндігін сарқа пайдалануы керек. Әркім өзінің қолда барын жеріне жеткізе ұқсатып, өтімді тауар етіп ақша табуы тиіс. Егер ауыл шикізатының ең молының, ең бастысының бірі – сүттен әртүрлі тағамдар даярлай алмасақ, ауылға ақша қайдан барсын? Ауылға ақша бармаса, оның жағдайы қалай түзелсін?
Жалпы алғанда, сүттен брынза мен сыр жасау аса қиын, ми ашытар технология емес. Бұл – біздің ауылдағылардың көбісі жақсы білетін ірімшік жасау технологиясының сәл күрделене түскен, дайындау мерзімін сәл ұзарта түскен бір түрі. Бар болғаны сүттің құрамындағы су кетіп, оның белогы ылғалды күйінде сығымдалады. Мұны жасау үшін үлкен күрделі аппараттар да қажет болмайды. Бар болғаны бірнеше ыдыс бар істі тындырып береді. Орайы келгенде ескерте кетейік, сырмен даңқы шыққан Голландияда бұл сүт өнімін арнайы зауытта жасамайды. Ауылда тұратын сиыр ұстайтын әр фермер бұл өнімді өз үйінде даярлайды. Бұл – голландиялықтардың ұлттық тағамы, жеңсік асы. Тек өздерінен артылғандарын арнайы агенттік өкілдеріне сатады. Егер жағдай осынша қарапайым болса, онда бүкіл әлемді голландиялық сыр қалайша жаулап алды деген сұрақ тууы мүмкін. Мұның да жауабы әзір. Сонау ХVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында бұл ел әлеммен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы ол жақтағы «байлықты» өздеріне әкеліп, өз байлықтарын сол жақтағыларға сатып, бұл күндері экспорт-импорт айналымы дейтін іске ерте кірісті. Осыны табыс табудың жолы ретінде көре алған алғашқы кәсіпкерлердің бір тобы селолардан ондағы тұрғындардың өзінен артылған сырын сатып алып, әуелі мемлекет ішіндегі қала тұрғындарына сатып жүрді. Содан соң сырдың ұзақ мерзім шыдас беретін тағам екенін білетін олар оны экспортқа шығарды. Ауыл тұрғындарынан сырға сұраныс көбейгенін түсінгендері мал басын өсіруге, олардың сүттілігін арттыруға көңіл бөлді. Нәтижесінде, мал тұқымы асылданып, саны көбейді. Бұл сыр экпортының географиясын ұлғайтып, мөлшерін еселей түсті. Ақыр аяғында голланд сыры әлемді «жаулап алған» тауарға, дүниежүзі халықтарының жеңсік асына айналды. Бұл күндері бұдан 70 жылдай бұрын аналарымыз қолдан жасай алған осы өнімді Голландиядан импорттап келгендерден сатып алып, біз жеп отырмыз. Тағдырдың тәлкегі деген – осы.
Осы айтылғандардан шығатын қорытынды:
а) Алыстағы аудандарда мал сүтін әр үй өзі өңдейтін технологияны ауылдарға жеткізу керек.
ә) Ауыл мектептерінде еңбек пәнін ауыл өнімдерін өңдейтін сала технологиясын үйрететін пайдалы сабаққа айналдыру керек.
б) Тек қана сүт өнімдерінің өзін ауылдықтар арасында үлкен бәсекелестік орын алмауы үшін әртараптандыру қажет. Бір топ сыр жасап шығарса, келесі топ брынза немесе құрт дайындаумен айналыссын.
в) Шалғай ауылдарға жақын қалаларда ауылдықтар өнімдерін сататын орын тегін берілсін.
2. 30 ауданға қосымша құн апармай, мәселе шешілмейді
Жалпы, ауыл мәселесін ол жаққа қосымша құн апармай шешу мүмкін емес. Бұл үшін ауылдықтарға онша көп инвестициялық қаражат немесе басқа да жеңілдіктер жасаудың мүлде қажеті жоқ. Біз дәл осы уақытқа дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен ауылға қамқорлық ретінде бөлінген қаражаттың өзі егер ол мақсатты түрде сауатты жұмсалса, әлдеқашан оң нәтижесін берер еді деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, ауылға қамқорлық бабымен бөлінген қаражат күні бүгінге дейін сауатты жұмсалған жоқ. Демек, бұдан былай бар болғаны ауыл шикізаты сол ауылдарда немесе сол ауылдар қарайтын аудандар орталықтарында өңделіп, дайын тауарға айналуы керек. Сонда ауылдарға қосымша құн барады, сонда ауыл өнімдерінің тасымал шығыны азаяды. Нәтижесінде, осы екіжақты пайда ауылдықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын өзі-ақ жақсартып береді.
Айталық, қазақтар ауылдың басты шикізатының бірі – теріні өңдемек түгіл, одан неше түрлі өтімді тауарлар жасай алған. Иә, бұл күндері Пайғамбар жасынан асқан біздер ауылдықтардың ондай өнерін көзбен көрдік. Ал біздің замандастар, өкінішке қарай, сол «білім» өздеріне қажет болады деп ойламады. Өйткені кеңес өкіметі ауылдың терісін жинап алып, қалалардағы зауыттарда өңдететін. Мұны ол қоғам, ол мемлекет артық шығын деп ойламады. Нәтижесінде, ауылдықтар өз шикізатынан қосымша құны бар өнім алатын білімнен айырылып шықты. Мына капиталистік қоғамда бұдан былай олай өмір сүруге болмайды. Ауылдың басты шикізаты – теріні өңдеу технологиясы ауылға баруы қажет. Ауылдықтар өз малының терілерін өздері өңдей алатындай дәрежеге жетуі тиіс. Сөйтіп, ауылдың барлық малының терісі өңделген соң оларды аудан орталығында ашылуға тиісті тері-тон, тері-кеудеше, етік, кебіс тігетін цехқа тапсырады. Онда олар қосымша құны бар дайын тауарға айналып, қалаларға жөнелтіледі. Бәлкім, тері өңдеу цехын да орталықтандырып, аудандарда ашармыз. Әйтеуір, ауылдықтар өз шикізатының игілігін өздері көруі тиіс. Аудан орталықтарында ашылатын мұндай цехтар акционерлік қоғам ретінде құрылғаны жөн. Олардың құрылтайшысы ауылдықтар болуы керек. Сонда бәрі бірдей ортақ табысқа, ортақ мақсатқа қызмет етеді. Соңғы тауар сатылғаннан түскен қаражат оған үлес қосқандардың үлесіне сай бөлініп берілуі тиіс. Мұндай жағдайда біз тағы да «екі қоянды бір оқпен атамыз»:
а) Ауылға қосымша құн барады.
ә) Ауыл өнімдерінің тасымал шығыны да азаяды.
Қалай болғанда да ауылдың барлық өнімін, сүті мен малының терісін ғана емес, сонымен бірге етті де, жүнді де қосымша құны мол тасымал шығыны аз тауарға айналдыру жолы бар. Алыстағы аудандардан ет емес, сүйегінің өзі сылынып тасталған шұжық немесе қалбырланған ет сататындай жағдай жасамайынша, біз капитализмге дендеп енген отандастарды қиындықтан құтқара алмаймыз. Ал сөзіміздің басында айтқанымыздай, мұндай «қайта құруға» ең кемі 30 аудан тұрғындары мұқтаж. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақтар әкімдіктері осы 30 аудандағы нағыз қазақтарға қамқорлық жасауды оларға ақша үлестірумен, үстеме пайызы көп несиелер берумен шеше алмайтынын түсінетін кез жетті демекпіз. Ауылды қиындықтан құтқаратын – тек сол ауылдағылардың өз шикізаттары. Біз тек сол шикізаттарды қосымша құны мол тауарға айналдыруға жағдай жасап берсек болғаны.

aikyn.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста