Ауадан ақша жасайтындар арамызда қаптап жүр

Шымкентте күнделікті таңертең аялдамада топырлап тұрған адамдарды көресіз. Себебі, күн суық. Жол көк тайғақ. Мұндай ауа-райында көпшілік жаяу жүргісі келмейді. Не керек, дірдектеп автобус күтіп тұрғаны. Бір қызығы, егер тым асығыс болсаң, күткен автобусың өз уақытында келе қоймайды. Амал жоқ, уақыт өткізу үшін жан-жағыңа ары-бері қарайсың. Сондайда көзің аялдамаға жыпырлай ілінген хабарландыруларға түседі. «Квартираға қыздар немесе жас отбасы аламын», «Бүкіл ағзаны диагностикадан өткізу», «Сантехникалық қызмет», «кеңсе қызметкері», «сату жөніндегі менеджер», «басшыға көмекші қажет». Осылай кете береді. Жарайды, бұлар түсінікті. Енді мынандай бір хабарландырулар бар. «Жетістікке жеткің келе ме? Күніне 2-ақ сағат уақытыңды бөлсең болды. Желілік маркетинг емес», «студенттерге, декреттегі келіншектерге, зейнеткерлерге арналған жұмыс», «Жұмыс іздеп жүрсің бе? Бізге кел. Жұмыс тәжірибесі маңызды емес». Осы сарында түрлі хабарландыруды оқуға болады. Тек, аяламадан емес. Әрбір бұрыштағы бағанадан. Ойланып қаласың.

Міне, осындай позитивті хабарландырулар көзге жиі түсе берген соң, оларға телефон шалып көруге шешім қабылдадық. Сөйтіп, әрқайсысымен асықпай сөйлестік. Сонымен бұлар не қылған хабарландырулар?

Студенттерге, декреттегі әйелдерге, зейнеткерлерге арналған жұмыс

Ең алдымен, «студенттерге, декреттегі келіншектерге, зейнеткерлерге арналған жұмыс» деген хабарландыру иесіне қоңырау соқтық. Телефонды әйел кісі көтерді. «Хабарландыру бойынша» деп едік, WhatsApp желісіне шығуымызды өтінді. Шықтық. Онда ол бізге қалай тез баюға болатынын түсіндіре бастады. Бұл оп-оңай екен. Ешқандай миллиондар қажет емес. Арзымайтын ақша төлеп, әлдеқандай бір жобаға кіреді екенсіз. Бұл туралы ол былай дейді:

«Ешнәрсе сатпайсыз! Тек, күніне 1-2 сағат уақыт бөлсеңіз болды. Ешқандай өтірік жоқ. Жоба QIWI әмияны арқылы. Кіру ақысы – 1000 теңге. Бір қызығы, жүйеде ақша қалмайды. Ақша адамнан адамға ауысып жүре береді. 7-ші кезеңге келгенде сізде 8 млн. теңге болады. Уақыт жоғалтпай, бізге тезірек қосылыңыз».

Ары қарай, басқа да хабарландыру иелеріне телефон шалдық. Бәрі бір-бірімен келісіп алғандай жоғарыда айтылғандары келтірді. Дегенмен, ұсынған жобалары 3-ақ түрлі. Мысалы, ең танымалы - «Асар» жобасы екен. Және бұдан бөлек, бір қолдан шыққан Get-luck.net, Gold-tenge.com сайттары ұйымдастырған жобалар бар. Бәрінің жұмыс істеу тәсілдері бір. Сіз аталған жобаға белгілі бір сома төлеп кірген соң, артыңыздан тағы 2 адам тартуыңыз керек. Әлгі адамдар тағы да екі-екі адамнан ертіп келуі тиіс. Осылай тізбектеліп кете береді.

Сонымен, мұнда 7 кезең бар. 1-ші кезеңде сіз 2 адам алып кірсеңіз, 7 кезеңге өту үшін 128 алып кіресіз. Әрі әрбір кезеңге өту үшін белгілі бір сомада ақша төлеп отырасыз. Мысалы, 1-ші кезеңге 1000 теңгемен өтсеңіз, 2-ші кезеңге 2000 теңге, ең соңы 7-ші кезеңге өту үшін 64 000 теңге төлейсіз. Сонда 128 адамнан 64 000 теңге түссе, жиналған сома 8 млн. 192 мың теңге болады екен. Осылайша сіз миллионер болып шыға келесіз. Тамаша емес пе? Иә, тамаша! Дегенмен, бұл батпан құйрық емес пе? Неге жұрт әлі күнге дейін осы жобаға топ-топ болып кіруде? (Қазақстандық Gold-tenge.com сайтындағы дерекке сенсек, қазір бұл жобаға 6 мыңнан аса адам мүше болып үлгеріпті)

Әрине, бұл жерде маркетинг, яғни жарнама зор рөл ойнайды. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, кез-келген адамды сауатты сөзбен ерітіп алуға болады емес пе? Авторлар өз сайттарында жобаны дәмін келтіре мақтапты. Бұдан бөлек, ат төбеліндей «кәсіби психологтар» аталған сайттарда жоба туралы пікірлерін білдіре кетіпті. Мысалы, Get-luck.net сайтындағы басты беттегі Oksana83388 есімді қолданушы былай депті:

«Бұл шынымен жұмыс істейді екен. Ақша өзінен-өзі келеді деп қол қусырып отырмаңыздар. Әйтсе де, осы жобаға кірсеңіз, ақша өзінен-өзі келеді екен. Әрине, бастапқыда тынбай жұмыс істесеңіз болды. Команда жасақтап алыңыз да, жұмсап отырыңыз. Ең бастысы, қай уақытта жұмыс істегіңіз келеді, өзіңіз біледі. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін арзымайтын айлық үшін кеңседе бастықтан ұрыс естіп отырмайсыз. Ал, мұнда сіз қысқа мерзімде биік белестерді бағындырасыз. Мен сізге көмектесуге әрқашан дайынмын. Қаржылық еркіндікке бірге қол жеткізейік, аяулы достар!»

Жарайды делік. Ал, ақша же? Сіз маңдай теріңізбен тапқан ақшаны қайдан аласыз? Бұны уайымдауға негіз жоқ екен. Жоба авторлары сізге сайттан парақша ашып береді. Сіз сол жерден қанша тапқаныңызды көріп отырасыз. Әрі ақшаңыз өзіңіздің жеке QIWI әмияныңызға түседі-мыс.

Дегенмен, қаржылық еркіндікке жету үшін команда жасақтап жатқан Айдананың айтуынша, QIWI компаниясы басында Get-luck.net тұрған жобалармен бірге жұмыс істейді екен. Міне, осыдан-ақ мұнда бір шикілік барын сезгендей болдық. Әрине, бұларды негізсіз алаяқ деп айта алмаймыз. Себебі, жоба 1 жылдан астам мерзім заңды түрде жұмыс істеп тұр екен. Қазір де солай. Дегенмен, бұл жобаға басқа қырынан қарап көрелік. Мысалы, сіз дүкен аштыңыз. Дегенмен, клиент жоқ. Не істейсіз? Әрине, клиент тарту амалын жасайсыз. Дүкеніңізге алғаш келген тұтынушыға «егер артыңнан екі адам ертіп келсең, әрқайсысы үшін 1000 мың теңге беремін дейсіз. Ол қуана-қуана өйтіп-бүйтіп екі тұтынушы тауып әкеледі. Алғашқы тұтынушға айтқаныңды келесі тұтынушыға да айтасыз. Міне, осылайша дүкеніңізден халық үзілмейді. Сіз шытырлатып ақша санап отырасыз. Ғажап қой?

Естеріңізде болса, бұрын желілік маркетингтер халықты қанаған болатын. Әлдекімдер халықты жаппай тауар сатқызып, өздері саусақ ұшын қимылдатпай табысқа белден батқан еді. Мұны – кісі еңбегін пайдалану дейді. Белгісіз біреулер әр жерге жарнама таратып, хабарландыру іледі. Және олар ақшаға мұқтаж студенттерді, қаржылық сауаты өте төмен үй шаруасындағы әйелдерді, іші пысқан зейнеткерлерді пайдаланады. Белгілі бір мерзім ішінде қаржы жиналған соң, құйтырқы «құрылтайшылар» ақшаны жеке шоттарына аударып алып, өздері ашқан «Пәленше» ЖШС-ны банкрот деп жариялап, тайып тұрмасына кім кепіл? Сорлап қалатын – 1 тиын болса да салған салымшылар. Мұндай жағдайлар елімізде талай рет орын алыпты.

Білдей министрліктің атынан тауарын жарнамалаған

«Ауадан» ақша жасаушылар заман ағымына сай жұмыс істейді. «Рейтинг» газетінің бұған дейінгі нөмірінде арзан пәтер, көлік сататын алаяқтар туралы жазып едік. Енді мынандай шығыпты:

Өткенде қазақтілді сайттарды ақтарып отырғанда, байқамай Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына кіріп кеттік. Онда адам шошырлық статистика келтірілген. Жылына 15 миллионға жуық адам ішек құртынан өліп жатады екен. Егер сізде шаршау, аллергия, көз астында ісік, бұлшық етіңіз ауырса, басыңыз ауырса, (қысқасы, мұнда барлық ару келтірілген), онда сізде ішек құрты бар дейді. Шоршып түсесіз. 40 жылдан астам еңбек өтілдері бар медицина ғылымының докторлары бұны кең етек алған мәселе дей келіп, бұдан құтылу жолын ұсынады. Ішек құртын INTOXIC деген преперат түп-тамырымен құртады екен. Министрлік сайтында INTOXIC преператының ресми сайтына сілтеме берілген. Кірдік. Істеп тұр екен. Енді сайт керемет. Жарнаманы «өлтірген». Қысқасы, әсем безендірілген сайтты оқи отырып, бірден преператты алғыңыз кеп кетеді. Олар 10 980 теңге тұратын дәріні Қазақстандықтарға 5490 теңгеге жеңілдікпен береді екен. 194 пікір жазылған. Бәрі дәріні мақтаған. Бір аптадан сайтқа кіріп едік, әлі сол 194 пікір тұр. Бір қызығы, бір апта бұрынғы пікірлер «10 минут бұрын», «14 минут бұрын» деп берілген. Және ең сорақысы, кейіннен білгеніміздей, әлгі РФ Денсаулық сақтау министрлігінің сайты жалған болып шықты. Livesbloggz.com мекен-жайымен тіркелген сайт кейіннен жойылған. Және көптеген медицина мамандары дәріге қатысты пікір білдірмегендерін айтуда. Яғни, бұл – алаяқтық. Ал, бір курста бүкіл ішек құртын жояды деген ақпарат ше? Бұл да өтірік екен. Мұны Google браузерінің 3, 4 беттеріндегі шынайы пікірлерден оқып білдік. Дәрі мүлдем көмектеспейтін көрінеді. Керісінше, дәріні пайдаланам деп, асқазанын бүлдіріп алып, ауруханалардан шыққан қазақ ағайындар аз емес екен. Бұл жайлы неге бұрын білмегенмін деп өкініп жатқандарда есеп жоқ.

Жалпы, біз бұны неге айттық? Бұл тақырып бұған дейін талай айтылды ғой. Әйтсе де, қанша жерден айтылса да, олар һарам істерін әлі тоқтапапты. (атышулы Intoxic дәрісі, т.б.) Олар күннен-күнге шыңдалып, жаңа технологияға бейімделіп келеді. Баяғының ұрылары сізді қалтарыста ұрып, ақшаңызды сыпырып алып етуші еді. Қазіргінің ұрылары сізден мыңдаған шақырым алыста отырып алып, еш қиналмай тонай береді. Бүгінде алаяқтар адам жанын керемет түсінеді. Мысалы, «сіз қазір ғана 1 миллион теңге ұттыңыз, ол үшін мына шотқа теңге аударыңыз» дегендей хат жіберетін, телефон шалатын, жалпы, күдікті көрінген бейтаныс жандармен байланыс орнатудан аулақ болған жөн. Ең бастысы, бізге саяси-қаржылай сауатты күнделікті дамытып отыру қажет секілді.

Абылай СМАТУЛЛАҰЛЫ,

"Рейтинг" газеті.

rgmedia.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста