Шекаралас жатқан екі ел – Қазақстан мен Ресейдің әуелден алыс-берісі мен барыс-келісі мол. Бұл қарым-қатынас Тәуелсіздік жылдарында тіпті нығая түсті. Әсіресе Атырау мен Астраханьның арасы ақ жолға айналды. Екі ел арасындағы экономикалық байланыстар жаңа қарқынға ие болды. Соның айғағындай болып Атырауда тағы бір акция бастау алды. Апта сайынғы өтетін қалалық жәрмеңкеге Астраханьның тауар өндірушілері өз өнімдерін алып келді.
Жәрмеңкенің бірінші күні Ресей елінен келген сегіз жүк көлігінің бесеуі сол күні-ақ саудаларын дөңгелентіп, бар тауарларын өткізіп жіберсе, қалған үш көлік жексенбіде жолға шықты. Астрахань облыстық экономикалық даму министрлігі департаментінің бастығы Ильдар Агаевтің журналистерге берген сұхбатында бұл акцияға 10 ресейлік компанияның қатысқаны белгілі болды. Атырау облыстық әкімдігі мен Астраханьдағы атқарушы биліктің арасында жүргізілген бір ай бойғы келісімдер нәтижесінде ұйымдастырылған бұл пилоттық жоба алға қарай қанатын кеңге жая беретін болады. Ал әзірге Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиеваның айтуынша, астраханьдық кәсіпкерлер жәрмеңкеге 600 келі кондитер өнімдерін, екі тонна дәмді тағамдар, бір тоннадан астам сүт, май және сүт өнімдерін, бір тонна шұжық және макарон өнімдерін, екі центнер нан-тоқаш өнімдерін, 2000 литр сусын әкелген. Жақын күндері Астрахань шенеуніктері Атыраудағы кәсіпкерлер одағымен бірлесіп, дөңгелек үстел ұйымдастырмақ ниетте. Оның барысында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық жайы сөз болады деп күтіліп отыр. Нарық бағасынан төмен азық-түлікпен Атырау халқын қамтамасыз ету ниетінен туындаған бұл акция жергілікті жұртшылық тарапынан қолдауға ие болды.
Атырауға Астраханьнан арзан тамақ келеді
Последние статьи автора