«Атамекен» іскерліктің атамекеніне айналып келеді

«Атамекен» іскерліктің атамекеніне айналып келеді

Соңғы кезде бизнес-қауымдастық ел экономикасы үшін маңызы бар күрделі тақырыптарды жиі көтеріп жүр. Оған қоса кәсіпкерлердің талап-тілектері де барған сайын нақтыланып келеді. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде «Атамекен» одағының биылғы жылдың басынан бергі өткізген іс-шараларын атап өтсек те жеткілікті.

Ұлттық экономикалық палатаның төр­аға­сы Азат Перуашев ақпан айында өт­кен Елбасымен кездесуде Салық ко­ми­те­ті­мен арадағы даудан бастап, өңдеуші кә­сіп­орындарды қолдауға дейін негізгі про­бле­маларды ашық айтқан болатын. Сон­дай-ақ «Бизнестің жол картасы» бағ­дар­ла­масын жіліктеген ҰЭП-ның сәуір айын­да­ғы конференциясы да еліміздің бизнес-қа­уым­дастығы үшін елеулі оқиға болды. Со­нымен бірге индустриалды бағ­дар­ла­маның басты міндеттерін айқындап берген Қа­зақстан кәсіпкерлерінің маусымдағы кон­гресін де еске ала кету керек. Онда ин­дус­триалды бағдарламаның басты қағи­да­лары ретінде нақты сектор, жалпы кә­сіп­керлік, салық және кеден әкімшілігінің ли­берализациясы тәрізді салалар нақ­ты­лан­ған болатын.
Осы ретте таяуда өткен «Атамекеннің» пре­зидиум және басқарма мүшелерінің бір­лескен отырысы да жемісті болды. Бұл жиында заң жүйесін ізгілендіруге қатысты кә­сіпкерлердің бастамасы талқыланды. Ас­танадағы «RIXOS» қонақүйінде отандық мұ­най-газ саласының басшылары, ме­тал­лур­гиялық компаниялардың жетекшілері, ас­­тық магнаттары, банкирлер, ірі сауда жү­йелерінің иелері, машина құрау за­уыт­та­рының басшылары, «шоколад ко­роль­де­рі» сияқты ірі кәсіпкерлер басқосты. Ор­та және шағын бизнес өкілдері де қаржы-өн­діріс алыптарының көлеңкесінде қал­май, ірі кәсіпкерлермен тең пікір алмасты. Оты­рыс барысында Ұлттық экономикалық па­лата бизнестің басын біріктіретін, оның мүд­делерін қорғайтын біртұтас ме­ха­низм­ге айналғаны айқын білінді. Кон­фе­рен­ция­ға келген Жоғарғы сот, Бас прокурату­ра, Са­лық комитеті, Қаржы полициясы мен эко­номика саласындағы министрлік­тер­дің бас­шылары да осыны мойындады.
Ұлттық экономикалық палата пре­зи­диу­мының төрағасы Тимур Құлыбаев «Ата­мекен» одағының заң жүйесін гу­ма­ни­зациялауға қатысты көзқарасын нақты бел­­гіледі: «Елдегі іскерлік ахуалды жетіл­ді­ру үшін заң жүйесін ізгілендіру керек. Бұл тек кәсіпкерлердің тілегі емес, Ел­ба­сы­ның құқықты гуманизациялау саясаты­на да сай келетін көзқарас», – деді ол. Ти­мур Құ­лыбаев бұл жиынға дейін «Ата­ме­кен» ода­ғының жанынан арнайы жұмыс тобын құ­ру туралы тапсырма бер­ген болатын. Бұл топ ҰЭП заңгерлеріне ке­ліп түсетін та­лап-тілектер мен сұрақтарды са­ра­лап, қыл­мыстық және әкімшілік ко­декс­тер мен бас­қа да бірнеше заңға өз­ге­рістер енгізу жө­нінде ұсыныстар дайын­дап, нә­ти­жесінде кә­сіпкерлердің ұсыныс­та­ры 300 беттік жо­баға ұласты.
«Атамекен» одағының бастамасы қа­зір­гі Қылмыстық кодексте қарастырылған 77 экономикалық қылмыстың 21-ін то­лық­тай де-криминализациялауды талап ете­­ді. Олардың 15-ін әкімшілік құ­қық­бұ­зу­­шылыққа жатқызып, алтауын құқықтық са­­ла­дан мүлде алып тастау ұсынылып отыр. Нақтылып айтқанда, «Атамекен» ода­­ғы ҚР Қылмыстық кодексінен «Жалған кә­сіп­кер­лік» деп аталатын 192-бапты жою­ды ұсы­нады. Себебі нақ осы бап бо­йын­ша кә­сіп­керлерден келетін шағым са­ны өте көп.
Сонымен қатар Ұлттық экономикалық па­лата ауыр емес экономикалық қыл­мыс­тар үшін бас бостандығынан айыру жа­за­сын мүлде алып тастауға мүдделі. Яғни Қыл­мыстық кодекстегі ауыр емес қыл­мыс­тар бөліміндегі баптардың 85 пайызы жо­йылуы керек. Бас бостандығынан айы­ру жазасын тек ауыр және өте ауыр эко­но­ми­калық қылмыстарға қатысты қолдану ке­рек деп санайды кәсіпкерлер.
Заң жүйесіне енгізілуі қажет өзгерістер ту­ралы осы жұмыс тобының мүшесі, ака­де­мик Исидор Борчиашвилидің баянда­ма­сын­да айтылды. Осылайша, заң жү­йе­сін­дегі реформаның басты қағидасы ре­тін­де – кәсіпкерлік бойынша қылмыстық қу­да­лауды айыппұл мен шығынды өтеуге ал­­мастыру шаралары қарастырылып отыр. Мамандардың пікірінше, эконо­ми­калық қылмыстардың басым көпшілігін қылмыстық саладан әкімшілік салаға өт­кізу құқық қорғау органдарындағы жем­қор қызметкерлердің тарапынан әлім­жет­тік әрекеттерді тыюға сеп болмақ. (Үкімет жа­нындағы үйлестіру кеңесінің жұмыс то­­бын­да бұл айғақ статистикалық мағлұ­мат­­тар­мен дәлелденді, мысалы: Қаржы по­ли­­циясы қозғаған қылмыстық істердің 21%-ы ғана сотқа жіберіледі. Қалған 79%-ы өз­ге тәсілдермен шешілетін сияқ­ты).
Осы жиындағы пікірталасқа кәсіп­кер­лер ғана емес, Парламент депутаттары, Са­лық комитеті мен Бас прокуратура, Қар­жы полиция­сы­ның басшылары белсенді түр­де қатысып, Ұлттық экономикалық па­латаның салмақ­ты құжаттар дайындап қа­на қоймай, ашық пікірталаста өз пози­ция­сын дәлелдей ала­ты­нын мойындады. Мә­жі­лістің Қаржы жә­не бюджет комитетінің тө­р­айымы Гүл­жан Қарағұсова жобаның жал­пы бағы­тын қолдай келе, кәсіпкерлер­дің жеке ба­сы­ның қауіпсіздігін күшейту мә­се­лелерін пы­сықтау керек деп мә­лім­деді. Депутат Иван Чиркалин заңды із­гі­лен­дірудің орта және шағын кәсіпкерлікке сер­пін бере­тін­ді­гін атап өтті.
Мемлекеттік органдар ағынан жары­лып, ақтарыла қойған жоқ. Бас прокура­ту­ра өкілі кәсіпкерлер өзінің бейкүнә екен­ді­гін дәлелдеу үшін сотқа шағымдана ала­тын­дай заңға өзгерту енгізу керек деген пікір­мен шектелді (кәсіпкерлердің пі­кі­рінше, Бас прокуратура өкілінің бұл ұсы­ны­сы кінәсіздік презумпциясына қайшы ке­леді, себебі, бұл принцип бойынша кі­нә­сі дәлелденбегенше, кез келген адам кі­нә­сіз деп саналады). Қаржы полициясы ака­демиясының басшысы, з.ғ.д. Марат Ба­шимов өз баяндамасында айып пен жа­заның арақатынасына тоқталды. Марат Со­ветұлының пікірінше, кәсіпкерлерді бас­қа азаматтардан бөле-жарып, оларға же­ңілдік жасаудың қажеттігі күмәнді екен.
Бұған қарамастан, Салық комитетінің тө­р­ағасы бизнес өкілдеріне үміт ұя­ла­та­тындай пікір білдірді: Дәулет Ерғожин ко­ми­теттің «есепшот операцияларын тоқ­та­ту­ға» негіз болатын салық қарызын үш ай­лық есептік көрсеткіштен 5-6 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін көтеруге дайын еке­нін және бұл мәселені «Атамекенмен» ақыл­дасқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ко­митет салық есептерін азайту, кәсіп­орын­дарды заңдастыру талаптарын же­ңіл­дету жөнінде бірнеше құжат дайындап қой­ған көрінеді.
Дегенмен ең күрделі мәселелерді кә­сіпкерлердің өздері көтерді. Мысалы, Азық-түлік кәсіпорындары одағының бас­шысы, «Рахат» АҚ президенті Анатолий По­пелюшко банктегі есепшоттардың тоқ­та­тылуы салық қатынастарының шегінен қа­лай шығып, өндіріс кәсіпорындарының жұ­мысына қалай кедергі келтіретінін тәп­тіш­теп айтып берді. «Кентау трансформа­тор за­уыты» АҚ вице-президенті Еркебұ­лан Ілия­сов өз кәсіпорнының тәжірибесі­не не­гіз­дей отырып, сот әділдігінің басты қа­ғи­дасы – жазаланушының кінәлі болуы прин­ципінің қалай бұзылатынынан мы­сал­дар келтірді. «Атакент» Халықаралық іс­кер­лік ынтымақтастық орталығы» АҚ пре­зиденті Серік Абдуллаев АҚШ, Ка­на­да, Франция, Германия, Ресей және Қы­тай­дағы кәсіпкерлік құқығының дамуынан мы­салдар келтіре отырып, экономикалық құ­қық бұзуды де-криминализациялаудың ха­лықаралық тенденцияға айналғанын дә­лелдеп берді.
«Атамекен» одағы басқарушы орган­да­­рының шешімімен де-кри­ми­на­ли­за­ция­лауға қатысты ұсыныстар Үкіметтің үй­лес­тіру кеңесі мен «Нұр Отан» партиясы­ның құ­қықтық кеңесіне жөнелтілді. Өткен ап­та­дағы Үкімет отырысында үйлестіру ке­ңе­сіндегі жұмыс тобының басшысы, се­на­тор Берік Имашевтің ұсынысы бойын­ша, «Атамекен» жобасын Парламентке жол­дау ту­ралы шешім қабылданды. Бұл жо­ба құ­қық­ты де-криминализациялау жө­ніндегі Үкі­меттің заң жобасына балама ре­тінде жол­данады.
Проблемаларды саралау дәрежесі, олар­ды талқылау деңгейі, байсалды да жан-жақты көзқарас «Атамекен» ода­ғы­ның кәсіби тұрғыдан көтерілгенін дәлелдеп қа­на қоймай, экономикалық палатаның өзек­ті мәселелерде мемлекеттің әріптесіне ай­налғанын көрсетіп отыр. Осы тұрғыда екі маңызды мәселені ескерген жөн.
Біріншісі – сарапшылардың күмәнді көз­­қарасына қарамастан, «Атамекен» ода­­­ғы саяси мәселелерден бойын аулақ ұс­­тап қана қоймай, маңызды мәселелерді ше­­шуге қауқарлы екенін көрсетті. Соны­мен қа­тар, палата бизнес-қауымдастық­тың ба­сын біріктіру үшін саясат пен кәсіп­кер­лікті ұш­тастырмау керектігін тағы бір дә­лел­деді.
Екіншісі – ҰЭП құрылған мезеттен бері ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлеу­мет­тік-экономикалық саясатын қол­дай­ты­нын мәлімдеп қана қоймай, Елбасының бас­тамаларын іске асыруға өз үлесін қо­сып келеді. Биылғы жылдың басында «Жол картасы», енді «Заң жүйесін де-кри­ми­нализациялау» жобаларына белсенді түр­де атсалысуы осыны айғақтайды.
Аталған «Атамекен» президиумына отан­дық бизнестің белгілі азаматтары кір­ге­ні де бекер емес. Осылайша, ҚР Тау-кен жә­не металлургия кәсіпорындары қауым­дас­­тығының және Қазақстан қаржыгер­ле­рі­нің ұсынысымен, белгілі мемлекеттік қай­­раткер және кәсіпкер, бірнеше ірі ком­па­нияның акционері Болат Өтемұратов ҰЭП президиумына мүше болуға келісім бер­ді. Қазақстан автомобиль бизнесі қа­уымдастығының бастамасымен «Astana Group» басшысы Нұрлан Смағұлов та пре­зидиум мүшесіне сайланды.
Ұлттық экономикалық палата бас­қа­ру­шы органдарының бірлескен отырысын қорытындылай келе, ҰЭП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев «Атамекен» құ­растырған тізімдегі 150 компанияны жан-жақты қолдау бойынша Үкіметпен ара­дағы жұмысты күшейтуді тапсырды. «Одақтың тағы бір мақсаты – мемлекеттің жұмысында кәсіпкерлердің мүдделерін қор­ғау үшін отандық бизнес-қа­уым­дастықтың басын біріктіру», – деді Ти­мур Құлыбаев. Демек, қазақстандық кә­сіп­керлер бұдан былай да «Атамекенге» ар­қа сүйеп, одақтың жұмысын жіті ба­қыламақ.
Ал бизнес де-криминализациясы бо­йынша жұмыс әзірше аяқталған жоқ. Пар­ла­ментте өтетін қызу пікірталас әлі алда.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста