Астана - «QazaqGaz» ҰК” АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысында Астана қаласының газбен жабдықтау объектілерін тексерді.
Ұлттық компания басшысы ЖЭО-2 нысанындағы газ реттеу пункті, ЖЭО-3 құрылысы алаңы, сонымен қатар, құрылысы жүріп жатқан “Юго-Восток” газбен жылыту станциясына барып, объектілердің бүгінгі күй-жайы мен ондағы газ жеткізетін инфрақұрылым құрылысының барысымен танысты.
«Бүгін Елордадағы ЖЭО-ның жылыту маусымына дайындығымен таныстық. Қала әкімдігі энергетикалық жобалар бойынша ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр. QazaqGaz тарапынан Астананың газ инфрақұрылымы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайын, тұрғындар газбен қамтамасыз етіледі. Барлық облыстағы осындай объектілердің жұмысын пысықтаймыз. Бүгінде өңірлерде күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындық 82%-ды құрайды, белгіленген кестеден озып келеміз», – деді QazaqGaz басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ЖЭО-3 нысанының құрылысы алаңы да тексерілді. Бүгінде қала әкімдігі объектідегі құылыс-монтаж жұмыстарын жасап жатыр. Объектіні пайдалануға беру 2023-2024 жылыту маусымының қарсаңына жоспарлануда.
Бұдан басқа, Астана қаласының әкімдігі “Оңтүстік-Шығыс” газбен жылыту станциясының құрылысын жүргізуде. Аталған нысан іске қосылғаннан кейін, “Мыңжылдық” деп аталатын жаңа теміржол вокзалының ауданы жылумен қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, аталған нысан құрылысы да белгіленген кестеден бұрын орындалуда.