Арнайы экономикалық аймақтар аяқтанып келеді
Ел экономикасын әртараптандыруға тікелей ықпал етуі тиіс арнайы экономикалық аймақтар бізде 2000 жылдан кейін пайда бола бастады. Одан бері біршама уақыт өтті. Алайда бұл ретте күтілген нәтижеге толықтай қол жеткізе алмай отырмыз. Оған басты себеп – инфрақұрылымдық мәселелердің шешілмеуі, осы аймақтарды дамытушы ірі жобалардың аздығы. Әрине, мұндай тежеліске бірінің ізін бірі басқан әлемдік қаржылық дағдарыс толқындарының да өзіндік ықпалы бар. Бірақ осындай кедергілерге қарамастан, ел Үкіметі бұл бағыттағы жұмысты күшейте түспекші...
Үкімет арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жұмыстарын жалғастырады
2011 жылдың 1 шілдесінде Елбасы ҚР-дағы «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңға қол қойды. Онда осы аймақтардың қызметі мен басқару тиімділігін арттыруға барынша басымдық берілген. Соған сәйкес, аталған аймақтарға ірі кәсіби басқарушы компаниялар тарту көзделген. Сондай-ақ құқықтық құжатта қосымша салықтық жеңілдіктер белгіленген. Заңдағы осындай айрықша пункттер арнайы экономикалық аймақтардың өзіне жүктелген міндеттерін таяу болашақта қалтқысыз атқаруына мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Таяуда Үкіметтің ресми сайтында: «2012 жылы Үкімет арнайы экономикалық аймақтарды дамыту бойынша белсенді жұмыстарды ары қарай жалғастыратын болады. Бұл Қазақстан экономикасына қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік беріп, аталған аймақтардағы өндірістерді жоғары табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінді.
Бұл арада оқырмандарымызға түсінікті болу үшін, бұл аймақтардың функциясына, халықаралық тәжірибедегі артықшылығына да тоқтала кетелік.
Жалпы, арнайы экономикалық аймақ дегеніміз – капиталды инвестициялау және экономиканы дамыту үшін жағдай туғызатын шетел және отандық кәсіпкерлерге ерекше экономикалық жеңілдіктер беретін ұлттық-мемлекеттік шектелген аумақ бөлігі болып табылады. Олар ішкі сауда, жалпыэкономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық мәселелерді шешу үшін құрылады.
Оффшорлық қызмет түсінігіне ең жақын мазмұндағы сәйкестік отандық тәжірибеде арнайы экономикалық аймақтар арқылы қарастырылады.
Міне, ғаламдық экономикада осындай тарихи мәні бар мұнай аймақтары елімізде 2002 жылдан бастап пайда болды. Нақтысында, оның негізі 90-жылдары қаланған-тұғын. Ол сол кездегі «Еркін экономикалық аймақ туралы» Заңның қабылдануымен тығыз байланысты еді. Онда ұсынылған бірқатар жеңілдіктер, кедендік артықшылықтар негізінде 1991 және 1996 жылдары аралығында елімізде осындай тоғыз аймақ құрылды. Елбасының Жарлығымен құрылған бұл аймақтардың ішінде ішкі мәселе мен сыртқы ықпалға төтеп бере алғаны біреу ғана еді. Ол – 1993 жылы негізі қаланған «Лисаковская». Бұл аймақ режимі қаладағы «Лисаковкая ТКК» АҚ және «Қызыл Октябрь бокситті басқару» АҚ секілді негізгі деген екі кәсіпорынның жұмысын тұрақтандыруға ықпал етіп, ондаған жеңіл және тамақ өнеркәсібін құруға мүмкіндік берді. Бірақ 1996 жылы мұның бәрі жойылды...
Алғатбек Қыдырбекұлы, халықаралық экономика сарапшысы:
– Алғашында экономикалық аймақтар қажетті сараптама мен ғылыми негізсіз құрыла салды. Яғни көлемді территорияны басқару берілгенімен, оның қызмет тетіктері мен жауапкершілікті алушы орталықтар болмады. Сондықтан олар көбіне тиімсіздік танытты. Осының бәрі 1996 жылы олардың арасында нәтижелі жұмыс істегені барына қарамастан, ыдырауға әкеп соқты. Яғни мемлекет бәрін басынан бастауды жөн деп тапты. Елбасының Жарлығы негізінде 1996 жылы «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заң қабылданды. Онда әрбір аймақтың айналысатын қызметі мен тиісті жеңілдіктері нақты көрсетілді. Сөйтіп, 2002 жылы жаңа буынның алғашқы аймағы пайда болды.
Содан бері бүгіндері қалыпты ағымға түсе алған алты арнайы экономикалық аймағымыз бар: «Астана – жаңа қала», «Ақтау теңіз порты», «Инновациялық технологиялар паркі», «Оңтүстік», «Ұлттық индустриялық мұнай-химия техникалық паркі», «Бурабай» және Астана мен Қарағанды қалаларындағы екі индустриялық аймақ. Сол секілді былтыр жыл соңында осындай үш салалық аймақ құрылды: Қарағанды облысында металлургия мен металды өңдеуді дамыту үшін «Сарыарқа», Алматы облысында еліміздің көліктік-логистикалық потенциалын арттыру үшін «Қорғас – Шығыс қақпа», Павлодар облысында химия және мұнай химиясы өндірісін жандандыру үшін «Павлодар» арнайы экономикалық аймақтары.
Басты тежеуші фактор – инфрақұрылым мен инвестиция мәселесі
Жалпы, мамандардың бажайлауынша, осылардың ішіндегі әлеуетті болуға мүмкіндігі бары – «Ақтау теңіз порты» мен «Астана – жаңа қала». Сондықтан осы аталған екі аймақтың қызметін таратып айтып көрелік.
«Астана – жаңа қала» 2002 жылы Есіл өзенінің сол жағалауындағы қала құрылыстарын жеделдету мақсатында құрылды. Сол кезеңнен бастап бұл аймаққа 6 млрд доллар инвестиция тартылды. Оның 40 пайызы – бюджет қаражаттары, қалғаны –жекелеген инвестициялар. Осы жағынан алғанда, аталған аймақ жұмысы жемісті болып табылады. Мәліметтерге сүйенсек, сол инвестициялар негізінде 118 нысан (тұрғын үй кешендерімен қатар, әкімшілік және өндірістік мақсаттағы ғимараттар) пайдалануға беріліп, 100-ден астам нысанда әлі де құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмысымен 85 бас мердігерлік, 600-ден астам қосалқы мердігерлік ұйым айналысуда. Оның ішінде Түркия, Германия, Ресей, Қытай, АҚШ, Испания, Словакия және Корей компаниялары да бар.
Мемлекеттік бюджет есебінен инженерлік жұмыстар (электр желілері, суқұбырлары, кәріз құбырлары, жылумен қамту және т.б.) жүргізілуде. Яғни осы жағынан арнайы экономикалық аймағының дамуында мемлекеттің де рөлі зор.
Ақтаудағы арнайы экономикалық аймаққа төрт қала енеді. Онда мұнай-газ секторына жататын үш зауыт жұмыс істейді. «Аймақ теңіз порты» төрт қосалқы аймаққа бөлінген: Aktau Industries индустриалдық қаласы, Каспий қайраңы инфрақұрылымдарын меңгеру бойынша орталық, Aktau Free Trade шекаралық сауда орталығы және мультимодельді көліктік-логистикалық орталық.
Мұндағы басымдық берілген қызметтерге химия мен металлургия саласы да жатады. Бүгіндері сомасы 100 млн долларға бағаланып отырған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «АЗСТ» ЖШС шыны талшығы негізіндегі құбырларды өндіретін зауытты (жылдық қуаты – 400 мың метр) салды. «Арселор Миттал Ақтау» ЖШС мұнай айдауға қажетті құбырларды өндіретін зауыт (жылдық қуаты 60 мың тонна) құрылысын аяқтады. Keppel Kazakhstan ЖШС (Keppel Offshore and Marine сингапурлық компанияның еншілес кәсіпорны) теңізге арналған металл конструкцияларын дайындайтын зауытты салып жатыр. Ал DANAKE корпорациясы мұнда төрт зауыт салуды жоспарлап отыр: электр кабель өнімдері, электродтар, электр сымдары, гальвандық жабындысы бар сымдар өндірісіне арналған. «ЦНТ» ЖШС көліктік-логистикалық орталық құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тағы да ондаған жоба аймақтың кеңес сарапшыларының мақұлдауына берілген.
Әрине, мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыруда кедергілерсіз тағы болмайды. Олардың ішіндегі ең өзектісі – кәсіби білікті мамандардың аздығы, аймақ территориясындағы инфрақұрылымдардың жетілдірілмеуі.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Арнайы экономикалық аймақтарды құру көбіне өз-өзін ақтайды. Өйткені үлкен көлемде жеңілдіктер ұсынылады. Меніңше, бизнес сол жеңілдіктердің толықтай берілетіндігіне көздері жетпей жатыр. Сондықтан да бұл бағытқа кәсіпкерлер аяқтарын байқап басуда. Сол секілді алдында мемлекет өз мойнына алған жауапкершілікті аяғына дейін атқармады. Бұл да сенімсіздік ұялатары анық. Жалпы, барлық арнайы экономикалық аймаққа өзекті мәселе – қажетті инфрақұрылымдармен қамтылмауы. Түрлі деңгейдегі жиындарда осы инфрақұрылым мәселесін шешіп беру керек, одан кейін олардан қандай да бір нәтиже талап ету қажет деген мәселе көтеріліп жүр.
Қалай дегенмен де, осы бағыттағы заң қайтадан тағы бір қаралып шықты. Онда аталған мәселелерге айрықша мән беріліп отыр. Осы жағынан алғанда, бұл аймақтардың болашағы зор деп білемін. Әрине, ауқымы кең, ұзақ мерзімді жобалар болған соң бір күнде олардан нәтиже сұрау асығыстық болады. Сондықтан бәрі де өз уақытында реттеліп, еліміздің арнайы экономикалық аймақтарының болашағы жарқын болады деп сенемін.
Әлемдік тәжірибе
Нарықтық экономиканың қалыптасуы мен дамуы экономикада оффшорлық орталықтардың пайда болуына әкелді. Соңғы 10 жылдықта аталмыш орталықтардың қаржылық активтері айтарлықтай өсіп, экономикасы дамыған елдерде ғаламдық бизнеске айнала бастады. 1970 жылдары оффшорлық аумақтарға шетелдік капитал салымдары 6,7 млрд долларды құраса, 1983 жылы олар 50 млрд долларға және осы жағдайда АҚШ капитал салымдарының жалпы көлемі бүкіл әлемде 227 млрд долларға жетті. Айта кету керек, бұл жерде 1970 жылы АҚШ-тың типтік трансұлттық компаниясы елден тыс жалпы пайданың 10-20 пайызы көлемінде табыс тапты, ал бұл көрсеткіш 1995 жылы шетелдік филиалдар есебінен 50 пайызға дейін артты.
Шетел тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өндірісті әртараптандыру, жұмыспен қамту, экономикалық, ғылыми-техникалық даму мақсаттарындағы АҚШ-тың – «Силикон-Веллс», Ирландияның – «Шеннон», Бразилияның – «Манаус», ҚХР-дың шет аумақтарындағы және РФ-ның «Липецк» арнайы экономикалық аймақтары дамуы жағынан артта қалған өңірлерде құрылған.