«Алаш айнасы» газетінің №4 (915) 18 қаңтар күнгі санында «ХХІ ғасырда жұтқа ұшырағанымыз қалай?» атты материал басылып, мақалада Алматы облысы Іле ауданы Күрті ауылдық округіне қарасты мал шаруашылықтарында төрт түліктің қырылып жатқаны сөз болған-ды. Десек те, редакциямызға Күрті ауылдық округіне қарасты Ақши ауылының тұрғындары хабарласып, ауылда жаппай мал қырылып жатпағандығын, қытымыр қыстағы азын-аулақ шығынды «жұтқа» баламау керектігін айтып, өз ойларын білдірген болатын. Мәселенің толық байыбына бару үшін малды ауылды тағы да бір мәрте аралап көрмекке бел будық.
Жолда
Алматы облысы бюджетінің 41,5 пайызын құрап отырған Іле – іргелі аудан. Ресми деректерге сүйенсек, ауданда 62 088 бас мүйізді ірі қара, 155 623 бас ұсақ қой-ешкі, 5637 бас жылқы, 4500 бас түйе бар. Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 893, қой-ешкі – 4638, жылқы – 330, түйе 448 басқа өскен. Осы төрт түлік малдың 20 000 қой, 6000 сиыр, 1300 жылқысы Междуреченск ауылдық округіне тиесілі болса, 33 мың қой, 7000 сиыр, 4 мың түйе, 1000 жылқысы – Күрті ауылдық округінің иелігінде. Яғни аталған екі ауыл мыңғырған мал айдап, Іле ауданының мал шаруашылығын алға дөңгелетіп келген. Осындай ойлар жетегінде отырып, Междуреченск ауылдық округіне әп-сәтте жеттік.
Қытымыр қысқа төтеп бермек
Алдымен Междуреченск ауылдық округіндегі «Нұрқұм» жеке шаруа қожалығында болдық. «Нұрқұм» жеке шаруа қожалығының басшысы Мұхит Кенжеғараев «қыстың қамын жаз ойлап» биылғы қыс маусымына жетерлік жем-шөбін дайындап алғанын, қыс қаншама қиын болса да, 27 бас жылқы мен 140 бас мүйізді ірі қараның бәрі дін аман екенін айтты. «Нұрқұмнан» кейін Қуандық Базарбаевтың «Демеу» шаруа қожалығына ат басын тіредік. Бұл қожалықта да бәрі қалыпты.
Қуат Базарбаев, Междуреченск селолық округінің әкімі:
– Біздің ауыл биылғы қысқа 6 000 сүрлем дайындаған еді. Қазір сол сүрлемнің 4700-і сатылды. Жем-шөптен қысылған Алматы облысының кейбір аудандары келіп, бізден сүрлем сатып алмақ болған-ды. Десе де, сақтық жасап, қолда бар мал азығын резервке қалдырдық.
Ақсақалдармен кеңес
Междуреченск ауылдық округінен шығып, «малы жаппай қырылып жатыр» деген Күрті ауылдық округіне тарттық. Ауылдық әкімшілікте 15-тен аса ақсақал жиналып, бізді күтіп отыр екен. Іле ауданы әкімінің орынбасары Мұсаев Мәден бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларға тоқталып, ақсақалдарға мән-жайды түсіндірді. Ауылда қырылып жатқан мал жайлы сұрап, мәселенің мәнісін ашып айтуды өтінді.
Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарықбаев Рахымжан, ақсақалдар алқасының мүшесі Кузовлев Владимир, ауыл ақсақалы Баймұрат Сұлтанов сынды бірқатар қариялар әкімдік тарапы жем-шөбі жоқтарға қарайласып отырғанын, жемді ақшасы барлар сатып, ақшасы жоқтар қарызға да ала алатынын айтып, ауылда төтенше мал өлімі жоқтығын жеткізді. Мысалы, ауыл ақсақалы Баймұрат Сұлтанов: «Осы ауыл тұрғындарының жартысынан көбі мал ұстап отыр. Сол малдың бәрі қырылып жатыр дегенге кім сенеді? Ішінара малшылардан бірлі-жарым шығын бар шығар. Бәрі жаппай өлсе, абсурд болмай ма?»– дейді.
Антитеза
«Малы ерекше шығынға ұшырады» делінген Шмидт Игорь: «журналистер менің жекеменшік территорияма рұқсатсыз кіріп, өлексе малдардың суреттерін түсіріп кетіпті» – дейді. Ол: «Аудан маған жер беріп, мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік жасап отыр. «Малым өлді» деп ешкімге де шағым айтпаймын. Иә рас, қожалықтың 5-6 сиыры өлді. Мен жер шалғай болғандықтан, малшыларға өлексені шығарып тастамауды тапсырғанмын. Малшылар «малың өлді» деп, сатып жіберуі де мүмкін ғой. Сондықтан, малдың шын өліп, өлмегендігін көзіммен көруім қажет. Мысалы, екі сиыр – кәріліктен, үш ірі қара көтерем болып өлді. Енді менің малым осылай болды екен деп, жаппай ауылдың малы қырылып қалды деуге болмайды», – дейді.
Сіз не дейсіз?
Даниял Өгізбаев, Күрті ауылдық округінің әкімі:
– Қыста Күрті ауылдық округі малының көп бөлігі құмда болады. Себебі ол жақта қанша қыс қатты болса да, малды жайылымға шығаруға мүмкіндік бар. Мысалы, Кеңес өкіметі кезінде осы ауылдың 35 мың қойының тең жарымы қыста құмды жайлайтын. Ол жақта қораны жеңіл жаппа, қотан үлгісінде салады. Қотан дегеніміз – айналасы ашық қоршау. Мысалы, қазір ауылдағы шаруалар иелігінде 33 мың қой, 7000 сиыр, 4 мың түйе, 1000 бас жылқы бар. 33 мың қойдың 20 мыңы, 7000 мүйізді ірі қараның 3500-і – құмда. Ауылда да, құмда да ауылдың малын сақтайтын жеткілікті жем-шөбіміз бар. Мысалы, биыл 20 мың тонна шөп дайындадық. Осы мал азығы ауыл малына толығымен жетеді деп ойлаймын.
Ешкім малын өлтіріп қойып, қарап отырмайды
Ауыл ақсақалдарымен кеңескеннен кейін құмдағы қораларды көзбен көріп қайтуға шықтық. Алдымен Жәнібек Елубаев басқаратын «Қызылқұм» шаруа қожалығында болдық. Шаруа қожалық басшысы 160 сиыры барын, малының көбі өрісте екенін айтты. Қорада қалған малдың дені буаз сиырлар екен. Қыс түскелі үш сиыры өлген. «Бұл – жылда болатын қалыпты үрдіс», – дейді Жәнібек Елубаев. Қазір жинаған шөбінен 400 түк шөп, 40-50 рулон қалыпты. 5-6 тонна жемі де бар екен. «Мал азығын үнемдеп, ақпан айына сақтап отырмыз. Қазіргі азғантай жылымықты пайдаланып жатырмыз» деді тағы да. Әулиекөл тұқымын асылдандырып жатқан қожалық төрағасы ешбір малшы малды өлтіріп қойып қарап отырмайтынын да сөз етті. Сонымен қатар, мал шығыны бар делінген Санат Шатақовпен («Санат» шаруа қожалығының төрағасы) де пікірлестік. Ол азамат: «90 бас сиырым бар. Мал бір-бірін сүзіп болсын, өлтіріп тастауы мүмкін ғой», – дейді.
Төтенше мал өлімі жоқ
«Қызылқұм» шаруа қожалығынан шығып, «Досжан» шаруа қожалығына бет түзедік. Бұл жерде шаруа қожалықтың төрағасы Мұхтар Абылаевпен әңгімелестік. Мұхтар Абылаев та төтенше мал өлімі болып жатпағанын айтты. Ол: «Бес-алты бас мал жылда өледі. Биыл өлген малдың біреуінің асқазанынан шар шықты. Целлофан жұтқан болуы керек. Ал енді төтенше мал өліп жатыр дей алмаймын. Қазір қысқа қамдаған 200 рулон шөбім бар», – дейді.
Қайтарда
Қайтар жолда Іле ауданының бас мал дәрігері Қожахметов Серікбай ағамен әңгімелесіп келдік. Серікбай ағамыз кеңестік кезеңде ветеринариялық һәм зоотехникалық норма бойынша жылына малдың 3-4 пайыз өлуі қалыпты жағдай болғанын мысалға келтіре отырып, аудандағы бүгінгі мал шығынының сол 3-4 пайызға жетпейтінін айтты. Сонымен қатар, 2012 жылы малдәрігерлік егу жұмыстары толықтай орындалғанын, мал арасында аса қауіпті аурулар тіркелмегенін жеткізді.
Маман пікірі
Жамбыл Әбсатов, ауылшаруашылық саласының маманы, техникалық ғылымның кандидаты:
– Қазір жылдық мал шығынын 3-4 пайыздан асырмаймыз деп, кеңестік кезеңдегідей нормативті орындайтындай мүмкіндік жоқ. Австралияда 1987-1986 жылдардағы қуаңшылық әсерінен малға азық болмай, ұрғашы малдарды қалдырып, төрт түліктің 3/2 бөлігін өздері атып тастағанын білеміз. Бұл енді – төтенше жағдай. Десек те, жылына бір аймақтың 3-4 пайыз малы өліп жатса, оны қалыпты үрдіс деп білемін.
Бізден…
Іле ауданы – басқа саланы былай қойғанда, мал шаруашылығына да аса жайлы. Қасиетті Қарой мен Бозойды жайлаған малшылар қарашада қараша үй тігіп, құмға көшеді. Қытымыр қыстың шеңгелінен құтылуға бұ да болса сеп. Сосын ерте көктемде малшылар құмның тоңы жібімей тұрып, көктеуге бет түзейді. Сол сәтте аудан әкімдігі кеңестік кезеңдегідей ветеринариялық һәм зоотехникалық нормаға сүйеніп, 62088 бас мүйізді ірі қара, 155623 бас ұсақ қой-ешкі, 5637 бас жылқы, 4500 бас түйенің қаншасы аман, қаншасы өлгенін нақ есептеп, бұқараға жеткізуі керек. «3 пайызы қырылды» дегеннің өзінде, қысқы төлі бар. Яғни мал саны өспесе, кемімеуі қажет.
Түйін
«Жұт – жеті ағайынды» дейді қазақ. Десек те, құмдағы малды ауылды аралағанда көзімізге айтарлықтай жұттың көрінісі көріне қойған жоқ. Керісінше, қытымыр қыспен алысқан еңбекқор малшының жанқиярлығына таңғалдық. Бізді бір күндік сапар титықтатып тастады. Ал алты ай қыста аяз бен боранға, қарлы жауынға шыдап, тіршіліктің ыстығы мен суығына күйінген малшылардың ісі – ердің ісіндей көрінді. Осы ерлердің малы қырылып жатса, «бізден неге жасырады». Жасырмайды, әрине! Бәлкім, кейбір азаматтар арасында ауыл һәм ауданаралық түсінбеушіліктер бар шығар. Ондай түсінбеушіліктер болып жатса, жергілікті жердің әкімдері шеше жатар. Ал біз болсақ, Күрті ауылдық округіне жұт емес, құт келсін деп тілейміз!