Алқапты үлкейте бергеннен пайда жоқ...

 Алқапты үлкейте бергеннен пайда жоқ...

Жыл он екі айды шаруа қамымен өткізетін ауыл адамы үшін көктемнің әр күні қымбат. Себебі, қар еріп, тоң кетісімен далалық жұмыстар қызады. Қырда трактор гүрілдеп, ылғалы мол алқапқа дән себіліп, болашақ бітік астықтың алғышарты жасалады. Мал баққан ағайын қыстан жадап шыққан жандығын көк майсаға қоя беріп, қоң жинатуға кіріседі. Міне осы уақытта ауыл-аймақты аралап, іс барысымен танысу ел басқарған азаматтардың басты міндеттерінің бірі. Таяуда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Теректі ауданының төрт бірдей іргелі шаруашылығына арнайы барып, атқарылған шаруа, қолға алынатын жоба-жоспарға қанықты. Қала берді түйіткілді мәселе, кедергі-қиындықтарды қожалық жетекшілерінің тікелей аузынан естіді.
Өзінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Арман Өтеғұловты, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековты және басқа да осы салаға жауапты мамандарды жанына ерткен Нұрлан Асқарұлы алдымен облыс орталығы – Оралдан 60 шақырымдай жерде орналасқан «Бақыт» шаруа қожалығының дәнді дақылдар алқабына ат басын тіреді. Бұл қожалық Аңқаты ауылдық округіне кіретін Қандық ауылының аумағында 8789 гектар жерді алып жатыр. Соның 5637 гектары таза егістік те 3152 гектары жайылым. Әркім көрпесіне қарап көсіледі демекші, қожалық биыл 5 мың гектардың 2764 гектарына ғана егіс сеуіпті. Егісті негізінен мал азығына пайдалануды жоспарлауда. Бұл туралы өңір басшысына «Бақыт» шаруа қожалығының жетекшісі Аманғали Бөкенбаев былай әңгімеледі:
-Биыл иелігіміздегі егіс алқабының жартысына ғана дақыл ектік. Асыл тұқымды 160 бас сиырымыз бар, әдетте жүз бастан шамамен 80-85 бұзау алып жүрміз. Әрине, өмір бір орнында тұрмайды, жұмыс істегесін шығын шығады. Күні бүгінге дейін 42 бас бұқашықты сатып, керек-жарағымыздың біразын түгендедік. Енді алдағы маусым айында тағы 50 қашарды саттыққа шығару жоспарлануда. 2013 жылы малға Үкімет тарапынан 2 млн. 86 мың теңге субсидия алдық. Бағымдағы ірі қараның күйі жақсы, барлық қажетті малдәрігерлік шаралар атқарылды, сырғаланып, ен басылды. Еңбек еткен адамға пайдасы бар екендігін көргесін тырысып, қайтсек те мал басын көбейтеміз деп білек сыбанып жатырмыз-деді қожалық жетекшісі.
Осы округтегі «Айсұлу» шаруа қожалығына Мағауия Зайнуллин басшылық жасайды. Ғұмырының саналы бөлігін агроөнеркәсіппен байланыстырған, біраз жыл Аңқаты асыл тұқымды мал зауытының директоры болған Мағауия Ғарифоллаұлы саланың бүгінгі жағдайын өте жетік біледі. Соның айғағындай қожалықтың егістік алқабы да жайқалып тұр. Мұны көрген өңір басшысы мынадай мысал келтірді:
-Жасыратыны жоқ, кей жігіттер: «мен мың гектарға, екі мың гектарға егін ектім» деп мақтанады. Менің оларға ұдайы айтатыным: «мың, екі мың емес, 700 гектар ексең де агротехника талаптарын қатаң сақтау керек. Шығады екен деп алқапты үлкейте бергеннен пайда шамалы.
Мұны қожалық басшысы да құптады. «Иә, біз кезінде жыртылмаған алқапқа да егін салып көрдік, бірақ бәрі бекер екен. Табиғатты алдай алмайсың. Сондықтан жыл сайын міндетті түрде пар жыртамын. Агротехниканы толық сақтап отырмыз. Сол кезде тіпті қатты қуаңшылықтың өзінде гектарына он центнерден өнім береді. Күздік бидайды шілденің 5-10-ы аралығында орып бастаймыз. Малазықтық шөпті 1 маусымда шабуға кірісеміз. Биыл шығымы жақсы, жаңбыр жиі жауды» - дей келе Мағауия Ғарифоллаұлы шаруа адамын толғандырған тағы бір мәселені айтып берді.
-Нұрлан Асқарұлы, енді тек айналым қаржысы мен техника жағы сәл жетіспей жатыр. «Қазагроқаржы» арқылы, әрине, көмек тым жақсы. Техниканы он жылға тиімді шартпен лизингке береді. Дегенмен, алғасын техниканың жақсысын алғың келеді ғой. Мысалы «Джон Дир» егіс кешені 500 мың АҚШ доллары тұрады дейік. Оны алу үшін өзің қалтаңнан сол соманың 15 пайызын алдын ала төлеуің керек. Жаңадан көтеріліп келе жатқан шаруада ондай ақша қайдан болсын. Біз айтамыз: «Жақсы комбайнды беріңдер, біз 15 пайыз құнын күзде, егістен пайда тапқасын берейік» деп. Әзірге екі арада түсіністік болмай тұр» - деді М.Зайнуллин .
«Айсұлу» ШҚ-ғы егін және мал шаруашылығымен қатар айналысады. 1272 гектар жерге арпа, 2 мың гектарға жаздық бидай егілген. Одан бөлек 6 мың гектар алқапта көпжылдық екпе шөп көсіліп жатыр. 27 мың гектар жайылым 1200 бас, соның 640-ы аналық асыл тұқымды ірі қара малына молынан жетуде. Ірі қараны Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстарының шаруалары көптеп сатып алады екен. Сонымен қатар, өз ішімізде де оларға сұраныс бар.
- Егістіктегі ең басты мәселе – жаңа өнімді сақтауға және өткізуге қатысты. Әкім бұл мәселемен шұғылданып жатырғандығын, болашақта шешімін табатындығын мәлімдеді. Екінші мәселе – 2014 жылдың 1 маусымынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды малмен айналысатын шаруашылықтар үшін асыл тұқымды бұқаның жасын 15 ай деп белгіледі. Яғни, бұл сатып алынған бұқаның ұрықтандыруға түсетін уақыты. Бірақ, Батыс Қазақстандағы мал төлдету науқаны негізінен сәуірде аяқталады. Сондықтан біздегі бұқаның жасы 12-13 айдан аспайды. Нақты айтқанда бұқаның жасы 1 маусымда қарай 15 айға жетпегендіктен жергілікті шаруашылықтар ертең аналық мал басына төленетін мемлекеттік субсидиядан қағылуы мүмкін. Өңір басшысына осы қиын жағдайды айтып, ҚР АШМ-іне жоғарыдағы мерзімді тым болмағанда 1 қазанға дейін ұзарту жөнінде ұсыныспен шығуын өтіндік – деді Мағауия Ғарифоллаұлы журналистерге берген шағын сұхбатында.
Көлікке отырып, табиғаты сұлу Шалқар көлінің қойнауында орналасқан қожалықтың «Карл Маркс» жазғы орнына келіп жеттік. Мұнда аналық ақ бас сиырдың табыны ұсталады. «Маусымның 15-інде ірі қараны қолдан ұрықтандыруды бастаймыз. Жүз басты ұрықтандырып, келер жылғы қыркүйек-қазанда одан жақсы төл алсақ деген жоспарымыз бар. Былтыр осы табынды сатпай алып қалдым. Бір басты 300 мың теңгеге сұрап келгендер болды. Қазір мені оны 500 мыңға да бермеймін. Малшылар отбасылармен сәуірдің бірінен бастап қыстың басына дейін жайлауда отырады. Яғни жыл он екі айдың ең құрығанда тоғыз айында малды далада ұстап, тегін шөпке жайылтуымыз керек қой. Сонда ғана еттің өзіндік құны арзандап, кез-келген өндірушімен қысылмай бәсекелес боламыз. Пайда да жақсы болады. Біздің бір қиындығымыз – айналым қаржысының жетіспеушілігі. Мысалы, мен биыл айналым қаржысын табу үшін, нақты айтқанда малшыларға жалақы төлеу, дизель отынын алу, техниканы жөндеу және басқа да шығындарды жабу үшін амал жоқ 200 бас ірі қараны сатуым керек. 60-сын саттым, енді 130 басты сатамын. Ал егер 200 басты сатпаған болсам мал басын екі жыл ішінде мың басқа жеткізген болар едім. Бір сөзбен айтқанда маған 50 млн. теңгедей айналым қаржысы жетіспейді – деді Мағауия Зейнуллин түйіткілді тұстарды жасырмай.
Осы кезде жанымызға өзін Нұрлан Молдахметов деп таныстырған бақташы азамат жақындады. «Халдеріңіз қалай, шаруашылық басшысы жағдайларыңызды жасап, жалақыны уақытылы төлеп отыр ма?» - деп сұрады одан Нұрлан Асқарұлы. «Иә, өзім, жолдасым, ұлым үшеуіміз осы жерде жұмыс істеп, айына жалпы жиынтығы 120-130 мың теңгедей табыс табамыз. Оған қоса шаруашылықтың малының ішіне жеке меншігіміздегі 10 бас ірі қараныы да қосып бағып жүрміз. Жейтін шөбі мен суы соның ішіне кіреді» - деді Нұрлан бақташы.
Ақжайық ауылдық округіндегі Валерий Голоуховтың «Тұлпар LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлері біз барған кезде дала жұмыстарын қыздырып жатыр екен. Топырақтың ылғалын сақтай отырып өңдеуге арналған жаңа техника тоқтаусыз жүріп тұр. «Тұлпарлықтар» биыл 400 гектар алқапқа Шығыс Қазақстан облысынан сатып алынған күнбағыстың аса өсімтал «Пионер» және «Заря» сорттарын сеуіп тастаған. Күнсүйгіш дақылды тозаңдандыру үшін алқаптың жиегін айналдыра 50 гектарға қарақұмық отырғызып, араның омартасын орналастырып да қойыпты.
Осы жерде егістікті баудай түсіретін шегірткенің биылғы «тыныс-тіршілігін» білмек болып, мемелекеттік «Фитосанитария» кәсіпорнының директоры Ғарапша Сахиповты әңгімеге тарттық. «Өткен жылы шегірткеге қарсы 734 мың гектар алқапты өңдедік. 2014 жылы 661 мың гектар алқапты өңдеуді жоспарладық. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 490 млн. теңге, облыстық бюджеттен 150 млн. теңге бөлінді. Өңдеуге қажетті газогенераторлар Бөкей ордасы, Жаңақала аудандары мен Орал қаласында дайын тұр. Өңделетін алқаптың өткен жылмен салыстырғанда азаю себебі – шегірткенің көбеюінің 10-12 жылдық биологиялық циклы бар. Биыл болжам бойынша шегірткенің саны кемуі тиіс. Шегірткемен күреске қатысты көршілес Ресей мен Қазақстанның арасында жұмыс жақсы жолға қойылған» - деді Ғ.Сахипов.
Өңір басшысы бұдан кейін «Агрофирма «Ақас» ЖШС-інің екпелі шөп алқабында болды. Серіктестік жетекшісі Қатауолла Ашығалиев мұндағы ерекшеліктер туралы айтып берді. «Бұл алқапқа малазықтық люцерн шөбін қара бидаймен қосып ектік. Қара бидайды бірге егу себебіміз, егер олай етпесек балауса шөп күйіп кетеді. Әрі бидай шірігеннен кейін бұл жердің сортаң, тұзды топырағын құнарландырып, топыраққа қажетті азот тыңайтқышына айналады» - деді ол.
Ұзын-ырғасы жеті-сегіз сағатқа созылған сапардың нәтижесін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қорытындылады.
-Бүгінгі іссапарда мал шаруашылығының дамуына, малдың қыстан шығуына, төл алынуына, Елбасымыздың республикадағы ет әлеуетін арттыру туралы тапсырмасын орындауға байланысты қандай шаруа атқарылып жатырғандығын көзбен көрдік. Теректі ауданындағы бұрынғы Аңқаты асыл тұқымды мал шаруашылығының ізінде құрылған шаруа қожалықтары өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Қыстан шыққан малдың қоңы жақсы. Біраз жетістіктерге жеттік. Дегенмен осымен шаруаның бәрі шешілді, шыңға шықтық деп тұрып қалуға болмайды. Әрі қарай асыл тұқымды мал басын көбейтуге жұмыстануымыз қажет. Нәтижесінде ет экспортын ұлғайтуға қол жеткізуіміз керек. Енді шаруалардың етті қай жерге өткіземіз деген сауалына тоқталайық. Күні бүгін Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор, Мәскеу қалаларына етті және ет өнімдерін өткізетін жолдарды қарастырудамыз. Нақты жоспар бар. Қазір егін егетін азаматтар өздерінің егістік алқабын кеңейтуді сұрап отыр. Мұндай мәселе Теректі, Сырым және басқа да аудандарда бар. Топырақтың құнарлылығына байланысты күмәнді тұстарға қарамастан егер агротехникалық талаптар сақталатын болса өнім алуға болатындығын уақыттың өзі көрсетті. Жалпы егін егемін, мал азығын егемін деген азаматтарға жер беру мүмкіндігін шеше аламыз. Ол мәселе жерді инвентаризация жасап, түгендеп, пайдаланылмай жатқан жерлерді кері қайтарып алу арқылы шешіледі. Ал өсірген өнімді жоғары бағамен сату нарыққа байланысты. Өнім көп болып, ұсыныс көбейсе өнім бағасы арзандайды, сосын керісінше. Мемлекет өз тарапынан белгілі бір бағаны белгіледі. Әрі қарай Үкіметтің алдына осы сұрақты қойып жұмыстанатын боламын. Техника жөнінде айтар болсақ, «Қазагроқаржы» АҚ-ы арқылы жаңа шетелдік күшті техника алынуда. Әрине, қаржы берген ұйым күні ертең берген несиесі кері қайтуы үшін өз талабын, шартын қояды. Шаруаны тыңғылықты зерттеп барып шешім қабылдайды. Біз осы талаптарды барынша жеңілдетуге тырысатын боламыз – деді Нұрлан Асқарұлы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста