Алматыдағы үлкен айналма жол қашан ақылы болады
«БАКАД инвестициялар мен операциялар» ЖШС Kolesa.kz-ке жолды пайдалану тарифі бекітілді деп хабарлады. Заң жобасын бірнеше күннен кейін жариялайды. Құжат он күннен кейін күшіне енеді, яғни шілденің ортасынан бастап айналма жолмен жүргендер ақша төлейді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Компания өкілдері жол ашылған үш апта ішінде тариф бойынша болжамдардың ақталғанын айтты. Жол құрылысымен айналысып, кейін оны концессияға алған консорциум сарапшылары бұл жерде күніне 38 мың авто жүреді деп болжаған еді. Өткен күнгі талдау нәтижесі бойынша айналма жолды тәулігіне 22-46 мың автомобиль пайдаланғаны анықталды.
Мысалы, 3 шілдеде үлкен айналма жолмен 45 425 машина жүріпті. Оның ішінде:
39 425 (86.9 %) — жеңіл көлік;
2553 (5.6 %) —16 орынға дейінгі автобус және 2.5 тоннаға дейін жүк көтеретін көлік;
635 (1.4 %) — 32 орынға дейінгі автобус және 5.5 тоннаға дейін жүк көтеретін көлік;
314 (0.7 %) — орын саны 32-ден асатын автобус және 10 тоннаға дейін жүк көтеретін көлік;
453 (0.99 %) —15 тоннаға дейін жүк көтеретін көлік;
1995 (4.4 %) — 15 тоннадан көп жүк көтеретін көлік бар.
Жол салушылардың сөзінше айналма жолдан өткен 45 мыңнан аса автомобильдің 35 мыңы трассамен бір рет жүрген.
Нәтиже жаман емес!
Бірақ жүргізушілердің тегін жүргенін ескеру керек. Жол ақылы болғанда сандар қалай сайрайтынын көреміз. Оның үстіне алматылықтардың бір бөлігі мен облыс тұрғындары айналма жолға жаңа трассаны көріп, жүріп өтіп, жаңа асфальттың сапасын тексереміз деп қызық үшін барғаны анық.