Асыл – таста, өнер – жаста! Осындай ұранмен бір жыл бұрын «Шеврон» компаниясы және Қазақстандағы Британ кеңесі өкілдігінің мұрындық болуымен іске қосылған «Әлеуметтік инновация» жобасы таяуда өз мәресіне жетті. Оның аясында еліміздің бірқатар колледж студенттеріне әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша тегін білім берілді, сондай-ақ ағылшын тілін меңгеруге, компьютерлік сауатын ашуға мүмкіндік беруде олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсаты игерілді. Бастысы – жыл бойына ұйымдастырылған шара мен оқу курстары барысында алған білім мен білігін студенттер өз идеясының жемісіне айналдырды. Осылайша ең үздік әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы додасында тізгін қағысқан жастардың аталған шараны ұйымдастырушыларға деген ризашылығы да шексіз...
Атап айтқанда, бұл жоба аясында Астана қаласының №7 көппрофильді колледжі, Алматы қаласындағы республикалық медициналық колледжі және Текелі қаласындағы (Алматы облысы) Орталық Азия университеті өз бақтарын сынады. Ол бойынша колледждердің 300-ге тарта студенті әлеуметтік кәсіпкерлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша машық алып, ағылшын тілі және компьютерлік сауаттылық курстарынан өтіп және өзіндік әлеуметтік шараларды ұйымдастырды. Жаттығу мен әртүрлі шаралар бағдарламалары жобаға қатысушылардың коммуникативтік қабілетін жақсартып, мәселенің тиімді шешімін табуға бағытталып отырған. Студенттердің сөзіне қарағанда, «Әлеуметтік инновация» жобасына қатыса бастағаннан бастап уақыттың әр минуты қымбатқа айналған. «... Отыра берсең, жалқаулық басынады» демекші, бұл арада жобаны ұйымдастырушылардың да мақсат еткені осы болса керек.
«Біздің компания үшін Қазақстан халқының кәсіпкерлік потенциалын дамытуына жағдай жасау маңызды бағыт болып табылады. Жобаларды әзірлеу мен оны жүзеге асыру бойынша қарым-қабілетті, көшбасшылық сапаны қалыптастыру, біздің көзқарасымызша, жас буынды нарықтық қарым-қатынасқа бейімдеу мен даярлаудың ең тиімді тәсілі», – деді кеше жобаны қорытындылаушы арнайы шарада «Шеврон» компаниясының Үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Еркін Зікібаев.
Ал жобаның тағы бір әріптесі – Қазақстандағы Британ кеңесі директорының орынбасары Анар Нұрбаеваның айтуынша, бұл арада жастардың жұмысқа тұруы үшін қажетті қабілеттерін дамытуда ағылшынның білім жүйесіндегі тәжірибесі қолданылған екен.
– Мысалы, әлеуметтік кәсіпкерлік курсын өткізуде біз Британ кеңесінің материалдарын пайдаландық. Ағылшын тілі курсы да өз әдістемемізге негізделген. Маған студенттердің осы курстарда алған білім мен біліктерін өз идеясын жүзеге асыруда пайдаланғаны қатты ұнады. Демек, бұл жоба көздеген мақсатын игерді деген сөз, – дейді ол.
Лейла АЙТМҰХАНОВА, «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі үйлестірушісі:
– Біздің компания энергетикалық ресурстарды игеріп қана қоймай, сонымен қатар адам капиталына да ұдайы инвестиция жасап отырады. Бұл ретте миллиондаған жобаларымыз бар. Әлеуметтік жобалар, негізінен, үш стратегиялық саланы қамтиды: білім беру, денсаулық сақтау және экономикалық даму. Біздің әр жобамыз, ең бастысы, әріптестік негізінде құрылады. Олар – мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар. Аталған жағдайда Британ кеңесі халықаралық ұйымы, Астана қаласының №7 көппрофильді колледжі, Алматы қаласындағы республикалық медициналық колледжі және Текелідегі Орталық Азия университеті және біздің компанияның әріптестігі негізінде өткен «Әлеуметтік инновация» жобасы осындай жақсы мысалдың көрсеткіші бола алады.
Аталған жиын соңында ең үздік әлеуметтік жоба бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Сонымен, ІІІ орынды иемденген Астана қаласының №7 көппрофильді колледжінің төрт қатысушысына электрондық оқулықтар сыйға тартылды. Ал ІІ орындағы Орталық Азия университетінің жанындағы кәсіби және үздіксіз білім беру мектебінің үш оқушысына Samsung Galaxy S III смартфондары берілді. Жүлде қоры 450 мың теңгені құрайтын І орын да осы Текелі қаласындағы Орталық Азия университеті жанындағы кәсіби және үздіксіз білім беру мектебінің оқушылары еншісіне бұйырды. Сонымен қатар жоба авторларының әрқайсысына І Раd тарту етілді. Олар Талдықорған қаласында көру мүмкіндігі шектеулі зағиптарға арналған ресурстық орталық ашуды мақсат етеді екен.
Анатолй МИГАЙ, І орынды иемденуші, топтың жетекшісі:
– Адамдар ақпарат пен мағлұматтардың 70-80 пайызын көз, яғни көру қабілеті арқылы қабылдайды. Алайда біз – зағип жандар мұндай мүмкіндіктен шектеуліміз, бірақ бойында қуаты бар жас ізденіссіз отыра алмайды екен. Өз басым, негізінен, компьютер тілін меңгеруге айырықша ден қойдым. Ол арадан көп нәрсе үйрендім, әлі де біле түскім келетін жайт мол. Сондықтан компьютер тілін меңгерудегі ерекше тәсілмен өзге де зағип жандармен бөліссем деймін. Бастысы, менің түсінгенім, көру қабілеті шектеулі жандар үшін аудио жазбалар керек. Мәселен, бір компьютерлік бағдарлама бар: ол жазық баспадағы мәтінді көшірмелеп, жадысында сақтауда, кейіннен оны дауыстап оқып береді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, осы тәсілмен жұмыс істейтін аударма бағдарламасы бар, онда 12 тіл қамтылған, ішінде орыс тілі де бар. Мұндайда зағип жан шет тіліндегі мәтінді аудармасы негізінде естуге мүмкіндік алады. Әрине, бұл бағытта мемлекет жұмыс істеп жатыр, бірақ өте баяу. Сондықтан мен осы іске өз үлесімді қосып, арнайы орталық ашсам ба деймін. Мақсатым – зағип жандардың әлеуметтік, мәдени және құқықтық санасын дамытуда көбірек мағлұмат алуға мүмкіндік беру.
Жалпы, «Әлеуметтік инновация» жобасы Қазақстанның әлеуметтік жаңғырту бағдарламасымен және 2011-2020 жылдарға арналған ҚР-дағы білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасымен үндесіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, инновациялық оқу курстары жастарды тұлға ретінде дамытуға бағыттауда өз-өзін жетілдірудің қарым-қабілетін игеруге, жетістікке қол жеткізудің тетіктерін түйсінуге мүмкіндік береді.
«Әлеуметтік инновация» жобасы өз мәресіне жетті
Последние статьи автора