Біз менсінбейтін қазақтың қолөнері өзгелердің көмегімен «Гиннесс» рекордтар кітабына енді
Қазақтың қолөнер туындылары өзге елдердің мемлекеттік қолдауы арқылы әлемді таңғалдыруда. Мысалы, өткенде Батыстың интернет-аукциондарының бірінде таза жүннен тоқылып, оюлармен өрнектелген қазақтың қалы кілемі ең қымбат бағаға сатылып, Ирандағы қазақтардың саудасын жүргізді. Кілемнің жалпы аумағы – 525 шаршы метр, салмағы – бір тонна. Бұл кілемді тоқу жұмысына 400 тоқымашы қатысқан. Кілемде 1 миллиардтан астам жіп түйіншектер өрілген.
Әрине, бұл хабарды естіп, қазақы қалы кілемнің бәсекеден озық шыққанына қуандық, бір жағы қынжылдық. Қуанғанымыз, кілемнің атағы қазақтыкі екені болды. Қынжылған тұсымыз, әлемнің қазақ кілемін Ирандағы қазақтар арқылы танығаны. Бұдан соң Қытайдағы қазақтар Еуразиялық киім көрмесіне қатысып, ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі 12, 30 метр, сондай-ақ етегіндегі желбірі 50 қатпардан тұратын сахналық қазақ көйлегін «Гиннес» рекордтар кітабына енгізіп келді. Тізе берсек, өзге елдерде қазақтың төл туындыларының шоқтығы биік. Шеттегі қазақтардың төл туындыларымызды насихаттауда белсенділігі жоғары. Ал отандық қолөнер шеберлері бұл істе мемлекеттің қолдауы әлі де жетіспейтінін ашып айтуда. Бүгін біз «Алаштың идеялар банкін» пайдалана отырып, қазақтың қиялы мен идеясынан туындайтын осы бір өнердің өз елімізде тиісінше бағалануы турасында сөз етпекпіз.
Ұлттық қолөнер шеберлері арқылы атағын әлемге жайып үлгерген Иран елі екі жылдың ішінде тек бір ғана кілем саудасынан 17 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс табады екен. Бұл – Иранның қолөнер шеберлері орталығы мамандарының ресми ақпараты. Кілемдерін америкалықтар, жапондықтар, ресейліктер белсенді түрде сатып алатынын сүйіншілете сөз еткен ирандықтар «алдағы уақытта кілем саудасынан түсетін табыс еселене бермек» деседі. Ені – 2,5, ал ұзындығы 3,5 метр кілемдерді ол елдің шеберлері жарты жылға жуық уақыт қолдан тоқиды екен. Бір қызығы, олардың бұл өнімдерінің әрқайсысының жеке-жеке паспорты бар. Сондай-ақ Иранның саудасын еселеуде ол елдегі қазақтардың қалы кілемі де соңғы орында қалып отырған жоқ. Осыны сезінгендіктен олар «алдағы бес жылдық межеде кілем саудасынан 30-40 млрд АҚШ долларын табамыз» деп алақандарын ысқылап отыр.
Жалпы, қолөнер саласын жетілдіру арқылы табысты молынан көсіп отырған елдердің бірі – іргеміздегі Қытай халық республикасы. Қытай үкіметі бүгінде әсіресе еліндегі қазақтардың төл туындыларына барынша қолдау көрсетіп отыр. Мемлекеттің арнайы қолдауын сезіну арқылы ондағы қазақтар қазақтың сахналық киімдерін, қазақтың таба нанын, қазақтың ою-өрнектерін «Гиннес» рекордтар кітабына енгізіп, бұл туындыларын экспортқа шығарып отырған да жайы бар. Мысалы, жоғарыда біз сөз еткен қазақтың сахналық би көйлегін «Гиннес» рекордтар кітабына енгізген Қытайдағы қолөнер шебері Зият Айдарханқызы қазірде мұндай көйлектерді тігуге Түркия, Қырғызстан, Малайзия елдерінен арнайы мемлекеттік тапсырыс алатын көрінеді. Тіпті өзіміздің Қазақстаннан арнайы тапсырыс беріп тіктіретін мемлекеттік мәдениет мекемелері де бар екен.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Біле білгенге, қолөнер саласы – табысты еселей түсетін сала. Осыны ескергендіктен көптеген елдер қазірде бұл салаға айрықша мән беріп отыр. Әсіресе өзіндік қолөнерінен ажырап, ұмыт қалдырған Германия, Норвегия, Израил сынды елдер бүгінде қазақтың төл туындыларына қызығушылық танытуда. Сондықтан біздің қолөнер шеберлері шетелдік нарыққа шығуға барынша күш салуы керек. Мемлекет бұл жағынан оларды қолдауы тиіс. Бұл ретте бізде қолөнермен айналысатын фабрикалар қайта құрылуы керек. Иран қазірде кілем өндіруде бес жылда 30 млрд АҚШ долларын табамыз деп болжап отыр. Кезінде бізде «Алматыкілем» фабрикасы қарқынды жұмыс істеді. Ол кездері олардың өндірген кілемдері сапалы, тіні мықты, тығыздығы жағынан түркімен кілемдерімен бәсекелес болатын. Ал қазірде жасыратыны жоқ, бұл фабриканың аты да, заты да мүлде өзгерді. Қазірде «Алматыкілемнің» шығаратын өнімі экспортқа шықпақ түгіл, тұтынушыны қанағаттандыра алмай жүр. Ал батыс елдері бойынша қазір қазақы кілемге сұраныс мықты. Сондықтан бұл іспен айналысуды тереңдеткен жөн.
Негізінде, этнографтарымыздың бағамдауынша, кезінде бір ғана Қазақстанда аты Кеңес одағына мәшһүр 200-ден астам шебер болыпты. Өкініштісі, солардың дені қазірде бұл өнерлерін жылы жауып қойған. Себебі, біріншіден, елде қолөнерге қажетті асай-мүсей техника да жоқ, қала берді, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы. Жалпы, Қазірде Иран, Франция, Үндістан, Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Ауғанстан, Түркия, Түрікменстан, Әзірбайжан елдері осы қолөнер саласына айрықша ден қойып, саладағы өнім көрсеткішін өсіруге мән беруде. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай мән берушілік жоқтың қасы. Жекелеген шеберлердің еңбегі мүлде еленбейді. Кезінде Қазақстанның оңтүстік облыстары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілемдерін тоқу, Семей өңірінде кестелеу, оюлап көрпелер тігу, түрлі ескерткіш заттарын жасау күшті дамыған. Түксіз киіз басып олардың бедеріне қошқар мүйіз, құс тұмсық, ботагөз, тұмар, тарақ тағы да басқа ою нұсқаларын салуды біздің шеберлер терең меңгерген-ді. Әттеген-айы өзге елдер қолөнер шеберлерін қолдау арқылы бұл саладан айтарлықтай табыс көріп отыр. Біз қолөнердің әлемдік экономиканың тұтас бір кешені екенін әлі сезінбей отырмыз.
Назгүл АЙТІМОВА, этнограф-ғалым:
– Біздегі қолөнер түрін сөз еткенде, шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмытпаған жөн. Шикізатты дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей, бұл өндірісте өзіндік биіктікті бағындыру қиын. Сондықтан шикізат зәрулігін жою үшін болашақта мемлекеттің қолдауымен ауыл-аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтау қажет. Бұдан соң сол шағын кластерлер арқылы көлемді фабрикалар құруымыз керек. Ал қазір санаулы ғана шеберлердің басын қосып, олардың арнайы шеберлер одағын құру арқылы мәселе шешілмейді. Егер біз бұл салада шеберлерге анық қолдау білдіргіміз келсе олар үкіметтік қолдауды сезінгені жөн. Сонда ғана қазақтың төл туындылары әлемдік деңгейде брендке ие болады. Біздің туындыларымыз қазірдің өзінде жоғары брендке ие. Ал оны әрі қарай өрбітіп, жетілдіріп, шеберлердің жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек...
Ежелгі сауда
Алғашқы сауда бірлігін қазақтың текеметі құраған
Жалпы, ежелгі саудаға үңілсек, сауданың айырбас түріне текемет ыңғайлы болған. Қолөнер саудасында Қазақ-Ресей саудасы үнемі табысты болыпты. Ол кездегі қазақтардың Ресеймен сауда жасайтын негізгі орындары шекара шебіндегі Орынбор, Троицк, Петропавл, Омбы, Семей және Өскемен бекіністері болды. Қазақтар базарға мал басымен қоса астық, жарма, кездеме маталар, шұға-мәуіті, иленген тері және металл бұйымдарын шығарып отырған.
Айналымдағы ақша қазақтарда аз болғандықтан сауда айырбасы осы заттарды қойға айырбастаумен орын алған. Сауданың эквиваленттік тепе-тең балама бағалары болмаған. Мысалы, бағасы 75 тиын тұратын 18 метр кенепті бір жылқы мен өгізге айырбас жасаған жайттар да кездескен. Сондай-ақ Ресей базарына Орта Азиядан жібек, мақта-мата және шапан, кілем, төсеніш, көрпе басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар әкелінген. Десек те, сол кездің өзінде қазақ шеберлерінің тоқыған текеметі өтімді, саудалы болған деседі. Әсіресе қазақтың кілемі мен текеметі айырбас саудасының көрігін қыздырып, алғаш рет тауар-ақша қатынастарын дамытқан. Қазақ текеметіне көзі түскен Орта Азия елдерінің шеберлері Ресей базарында ең алғаш текеметті 1875 жылы қолма-қол ақшаға сатып алыпты. Ондағы текеметтің бағасы 820 сом болған екен.
«Гиннесс» рекордтар кітабына енген қазақ көйлегі
Біз бұған дейін «қазақтың қолөнері арқылы әлемдік брендке қол жеткізуге болады» дегенге күмәнмен қарайтын едік. Ал Қытайдағы қазақтың қолөнер шеберлері мұны барынша дәлелдеп жүр.
Тікелей осы жобаның Гиннесстің рекордтар кітабына енуіне мұрындық болған Зиятқан Айдаханқызы 1992 жылы автономиялы райондық кадрлар мекемесі және мәдениет мекемесінің тапсыруымен Қазақстандағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының сахналық киімді жобалау мамандығын бітірген. Қазірде Зиятхан Айдарханқызы Шыңжаң Қазақ мәдениеті ғылыми қоғамы ұлттық киім-кешек, қолөнер, кестешілік тобының басшысы. Міне, осы топтың Еуразиялық киім көрмесіне апарған ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі – 12,30 м, 50 қатпарлы үлкен қазақ көйлегі «Гиннес» рекордтар кітабына енгізілді. Осы сәттен бастап қолөнершілердің табысы үстемеленіп, олар ТМД көлемінде арнайы тапсырыстар ала бастаған.
Қарым мен қабілет
Кафель кілем табысты еселеуде
Бүгінде Үрімжіде сол елдегі қазақтың қолөнер шеберлерінің басын түйістірген «Орда ою» орталығы ой-қиялдарын шыңдай келе құрылыстардың еденіне қажетті кафель кілемдер шығара бастады. Қазақтың текемет, сырмақтарын бедеріне басып шығаратын мұндай кафельдер қазірде ондағы шеберлердің табысын еселеп тұрған жайы бар. Қазірде өнімдер заманауи үйлерге, мешіттерге, мейрамханаларға, әртүрлі мәдени нысандарға қолданылуда. Бұл күнде аталмыш орталықтың шеберлері өнімдерін Орта Азия елдеріне шығаруды жоспарлап отыр.
Қазақы кілем Ашхабад мұражайында сақталған
Кеңес өкіметі кезінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері Ашхабад мұражайында неше жыл сақталғаны туралы да деректер бар. Мамандар Кеңес одағы тұсында Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстан мен Қазақстанның кілемдері өздерінің сән-салтанатымен көш ілгері тұрғандығын сөз етуде. Абзалында, қазақтың қалы кілемдері туралы мамандар «кеңестік кезеңде түрікмен кілемдерінің 10 пайыздық үлесі болса, одан кейін 8 пайыздық межемен Қазақстан кілемдері озық тұрған» деседі.
Компасты жайнамаз таңғалдыруда
Қазірде Қытайдағы қазақ қолөнерлерінің компасты жайнамазы әлем жұртшылығын таңғалдыруда. Арнайы қораптың ішінде компасты жайнамазбен қатар таспих, тақия салынған. Компасты жайнамаздың бір ерекшелігі – құбыланы кез келген уақытта тауып алуға қолайлы етіп жасалған. Қазірде бұл тауар Үрімжі қаласында ғана емес, әр аймақ, облыстарға таралып кетуде. Тіптен мұндай жайнамазды жасаушы қолөнер шеберлері болашақта өзге де мұсылман елдерінің нарығына жөнелтуді жоспарлап отыр.
Қытайдағы қазақтардың өндірісі өрлеп тұр
Қытайдағы қазақтардың «Алатау» маркалы патентін иеленген кілемдері қазірде Қытай, Қырғызстан, Моңғолия базарларында сатылымға шығарылып, табысты еселей түсуде. Кілемнің саудасы өтімді болғандықтан Қазақстанда осы кілемді арнайы сататын орындар ашылған. Болашақта Қытай қолөнершілері сауда аясын кеңейтіп сыйымдылығы кең Батыстың базарына өнімдерін саудалауды мақсат тұтып отыр. Бұдан өзге осы марканы иеленген қазақи дастархандар, компасты жайнамаздар да сұранысқа ие болуда.
Рекордты жаңартқан таба нан
Үстіміздегі жылы Қытайдағы шеберлер қазақтың таба нанының мәртебесін бір өсірді. Шанхайдағы қазақ шеберлері пісірген «Ең үлкен таба нан» Шыңжаң халал тағамдар мерекесінде Шанхай әлемдік «Гиннест» бас мекемесі жанынан аталмыш таба нанның «Гиннест» тізіміне енгені туралы куәлік алды. Таба нанды пісіруге 8 қап ұн, 97 литр сиыр сүті, 200 жұмыртқа, 6 келі сарымай жұмсалған. Бұл таба нанның диаметрі – 2,53 м, қалыңдығы – 14,5 см. Қазірде, осылайша, рекордты жаңартқаны үшін таба нанды жасаушылар мемлекеттік марапаттауға ие болған.
Ой салар
Киіздің бағын жіп байлап тұр
Қазірде ағылшындардың бір ғана қазақтың киіз басу өнерін зерттеуге деген құлшынысы айрықша. Бұл жайында отандық қолөнер шебері Айғаным Арынқызы «біз өз қолымыздағы құндылығымызды құнттай алмадық, енді ұмыт болып бара жатқан ата-баба мұрасын жастарға үйретіп үлгерсек екен» дейді. Оның айтуынша, аталмыш ұлттық өнер түрі үлкен дағдарысқа ұшырап отыр. «Мен Ресейден әкелінетін бір келі жүнді мың теңгеге сатып аламын. Ал осы уақытта ауылдың аулаларын қарасаңыз, қойдың жүні, терісі құр бос шіріп жатыр» дейді Айғаным Арынқызы.
Жүннен жасалған бұйымдардың қасиеті туралы қазақта талай аңыздар бар. Жүннен тоқылған бұйымдар табиғи, жеңіл әрі ыңғайлы болғандықтан алғаш қағаз ақша саудасы да осы жүннен жасалған бұйымдарды сату барысында дамыған. Таза киізден жасалған мойынорағыштар, сәнді бұйымдар мен аксессуарлар, бас киімдер қазірдің өзінде әлем саудасында өтімді. Осыдан болар еуропалықтар қазақтың қолөнеріне қызығып отыр. Қазірде Қазақ елінде қолөнерге қажетті шикізат тапшылығы анық сезілуде. Мысалы, киізді басып, оның бетіне өрнек салуға қажетті, қалы кілем тоқуға қажетті топс жібі елімізде мүлдем өндірілмейді. Топс – бұл өндірісте таралған және жұқа иірілген шұға жіп, жартылай дайындалған жүн иіру өндірісінің өнімі. «Жаңағы кілеміңізді де, киім-кешегіңізді де тоқуға арналған бұл жіп қазірде біз үшін тапшы. Ауқымды кілем түгіл, киім-кешек тоқуға топс табу қиын. Сондықтан көптеген кәсіп иелері өндіріске қажет жіпті шетелден импорттауға мәжбүр немесе сапасыз жіпті кәдеге жарата беретіндер де кездеседі. Ал сапасыз дүние өнімге деген сенімді төмендетеді. Сондықтан біздегі қолөнер түрін сөз еткенде, шикізатқа зәрулікті қозғауды да ұмытпаған жөн. Шикізатқа зәрулік, шикізатты оны дайын өнімге дейін өндіру жайы жетілмей біз кілем өндірісінде де, киім-кешек өндірісінде де өзіндік биіктікті бағындыру қиын» деседі мамандар. Сондай-ақ шикізатқа қажетті сапалы жүнді, теріні коршілес Ресей елінен тасымалдаушы шеберлер де бар. Ал енді күміс бұйымдар жасаушы шеберлердің мұңы тіптен ерекше. Олар да өздеріне қажетті металдарға өзге елдерге тапсырыс беруге мәжбүр. Міне, осы жайттарды ескерген шеберлер «егер бұл салада нақты мемлекеттік қолдау жүйеленбесе, қазақтың біраз қолөнер туындыларының патентін еуропалықтар иеленіп кетпек. Олар бұған аса қызығушылық танытып отыр» дейді. Ендеше, расымен де, бұл салаға мемлекеттік қолдаудың қажеттігі даусыз.
Бетті дайындаған Қарлығаш Зарыққанқызы