Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ

Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ

Лас ауаны тазартудың тетігі ғылымда

Біз ауаны көзбен көріп, қолмен ұстамаймыз. Ал жұтатын ауамыздың қажетті мөлшерде лас болуы тіршілікті тұншықтырады. Бұл – кесапат...
                                                                   (Андре Мари Ампер француз физигі)

Андре Мари Ампер айтқандай, қазірде тіршілік үшін таза ауа жетіспей, тұншығу басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Мұны ғылым атаулы индустрияның дамуымен, өнеркәсіп орындарының артуымен түсіндіреді. Ал келесі бір тарап, «болшақта күннің күрт ысуы мен табиғи ластанудың (тау жыныстарының үгітілуі, шаңды дауылдардың тұруы, орман өрттері) жиі орын алуы дүниежүзін одан әрі тұншықтыра түседі» деседі. Осыған байланысты әлем ғалымдары қазірде лас ауаны тазартудың тетігін іздестіріп әлек болуда. Біз бүгін «Алаштың идеялар банкін» пайдалана отырып, осыны сөз етпекпіз...

Идея бар, өндіріс бейқам
Білерсіздер, күні кеше Алматы қаласы әлемдегі ең ауасы лас қалалардың тізі­мін­де 20-сыншы орынға табан тіреді. Ғалым­дар­дың пікірінше, бір ғана Алматыда ауаны ластаудың 20 пайызы жеке сектор­лардың салдарынан болса, 80 пайызы – авто­көліктердің еншісінде. Бұған ауаның табиғи жолмен ластану үрдісін қосып қойсақ, біз өмір сүріп отырған ортадағы ауаның тазалығы қаншалықты екенін аңғара беруге болады. Әрине, бұл мәселеге қатысты еліміздегі ғалымдардың өзіндік идеялары баршылық. Мысалы, техник ғалымдарымыз «болашақта лас ауаның зиянынан сәл де болса құтылғымыз келсе, алдымен жанар-жағармайдың сапа­сын арттыруға күш салғанымыз абзал» дейді. Ғалымдардың пайым­дауын­ша, арнайы нанотехнологияның әдісімен жанар-жағармайды тазартатын нано­құбыр­лардың қызметіне жүгіну, жанар­майдың сапасын сақтап тұратын нано­түтік­шелер ойлап табу бұл істе шаруаны оңалта түспек.
Мейіркелді ЕСБОЛОВ, техник-ғалым:
– Біз өзіміздің арнайы зерт­ха­на­мызда нақ осы жанар-жағармайдың сапасын қалпында ұстап тұратын арнайы наноматериал ойлап таптық. Бұл наноматериалды жанар-жағар­майға қосса, өнімнің сапасы бұзылмай, өз қалпын сақтап тұрады. Тіптен бұл наноматериалды жанар-жағармайдан өзге ұнның немесе тағы басқа өнім­дердің ішіне қосып салса, әлгі өнім өз қалпын біраз уақытқа дейін сақтайды. Өкінішке қарай, бұл идеямызды қол­данысқа енгізуге өндіріс бейқам. Отандық мұнай өңдейтін зауыттар мо­дер­низацияға әлі дайын емес. Қазір көп­теген ел Еуро-5 стандартына өтіп жа­тыр. Ал біздегі жанар-жағармайдың нақты сапасы Еуро-2 стандартымен сәй­кес. Осыған қарап біз үшін әлі Еуро-5 стандартының ауылы алыс екенін бағамдаймыз. Қазба байлықтың кені саналатын біздің елімізде ауаның ластануы өршімесе, бәсеңдемейтіні анық. Себебі енді бір бес жылда елімізде өндіріс орындары, тау-кен сала­сының, мұнай кеніштерінің жұмысы еселене түседі. Бұған жыл сайын­ғы күннің ысу процесін және ауа райының күрт бұзылуын, табиғи ластанудың жиілеуін қосып қойсаңыз, келешекте таза ауаға зәрулік өрши түседі. Сондықтан бұл ретте жаңа идея­лар мен ұсыныстарға ден қойған абзал.

Деректерге жүгініп көрелік...
Негізінен, ауаның ластануына қатысты ғылыми деректерге жүгінсек, бір ғана Алматыда көп тараған химиялық ластаушы – күкіртті газ (күкіртті ангидрид). Қалада осы күкіртті ангидрид мөлшерінің көбеюі бронхиалды астма мен созылмалы бронхит ауруын асқындырып отыр. Зерттеу мәліметтері бойынша, әрбір автокөлік жылына 4 тонна ауа жұтып, 800 кг көміртегі оксидін, 40 кг азот оксидін және 200 кг-дай әртүрлі көмірсутектерді атмосфераға бөледі. Ғалымдар ауаға мұндай улы заттардың бөлінуі салдарынан қанның оттегімен қанығуы нашарлап, осыдан барып қатерлі ісік, өкпе пата­ло­гиясынан өзге қатерлі дерттердің асқы­натынын баса айтуда.
Айдархан НҰРБАЕВ, физика ғылымының кандидаты:
– 1 литр бензиннің құрамында 1 гр тетраэтилқорғасын болады. Бензиннің құрамына траэтилқорғасынды антиде­тонатор ретінде қосады. Тетра­этил­қорғасынның жануы кезінде бөлінген қорғасын қосылыстары бүкіл ауаға таралады. Атмосфераға бөлінетін қорға­сынның 86 пайызы автокө­ліктерден бөлінеді. Бұл – өте қауіпті. Мысалы, Қытай елінде баланың ойын­шығында 1 грамм қорғасын артық қосылған болса, сол ойыншықты жасаған компанияға ірі көлемде айыппұл салынады. Ал бізде қауіпті қорғасын затты қойып, ауаның өзінде кеңінен таралып жатыр. Сондықтан өз басым ғалымдардың «алдымен жанар-жағармайдың сапасын арттыру керек» деген пікірін қуаттаймын. Жанар-жағармайдың сапасы артпай, таза ауа туралы сөз ету мүмкін емес. Себебі Алматының ауасының 86 пайызы нақ осы жанар-жағармай арқылы улануда. Демек, біз үшін жанар-жағармай сапасын арттыру маңызды болмақ.

Кеніштерге модернизация керек
Жалпы, ауаның ластануын сөз еткенде ғалымдар, экологтер ғана емес, отандық сарапшылардың дені кен орындарына да модернизация керектігін жиі қаузайды. Бұған қатысты кен орындарынан шығатын ілеспе газдарды пайдаға асыру (утили­зация) мәселелері көтеріліп жатыр. Үкімет теория жүзінде бұл бағыттың маңызды екенін көптен бері айтуда. Тіпті алғашқы жобалардың бірін бекітіп, мүмкіндігінше жақын арада іс жүзінде қолға алынатыны да мәлім болды. Десек те, мамандар модернизация мәселесінде әлі де кемшін тұстарымыз бар екенін ашып айтуда.
Хакім СУЕРБАЕВ, химия ғылымының докторы, профессор:
– Біздің мұнайымыздың бір ерек­шелігі, құрамында күкірт қосы­лыстары көп. Осы жағынан алғанда мұндай мұнайды өңдеп, одан өнім алу күрде­лі­рек. Бұған қоса, біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымыз­дың басым көпші­лігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініш­тісі, қазірде осы мұ­най­мен ілесіп шыға­тын ілеспе газды ұқсату жағы да бізде өте төмен. Себебі ол газды ұқсату үшін алдымен күкірт қосылыс­тарын Клаус тәсілімен арылтып, элементті күкіртке айналдыру керек. Ал алынған элементті күкіртті сатылымға шығарған­мен, қазір еш пайда жоқ. Әлемдік нарық­та бүгінде эле­мент­ті күкірттің бағасы тым төмен. Сондық­тан тек қана пайда табуды көз­дей­тін шетел­дік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұ­на­йын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр. Әрине, бұл мәселе қазір біртіндеп қол­ға алына бастады. Қазірде Құмкөл кені­шінде ілеспе газды тазарту, оны өнім ретінде пайдалану жүзеге аса бастады. Бірақ көп кеніште ілеспе газ ашық ас­пан­да еш пайдаланыл­май жанып жатыр. Газдың бұлай ашық аспанда жануы – эколо­гиялық тұрғыда өте зиянды. Мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Герма­ния, Израиль тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ, көрші Ресейді мысалға алайық, Ресейде тек қана осы мұнай-химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын арна­йы жоғары оқу орындары бар. Біз тек осы салаға қа­тыс­ты бірді-екілі факуль­теттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультет­тердің өзінде мұнай химия­сын терең­детіп оқытпай­ды. Сондықтан мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласын өркендету үшін бас­қарушы орган осындай жайт­тарға назар аударғаны жөн.

Идеяның көкесі – ауаны да саудаға салдық
Пайымдағанымыздай, біз ауаның ластануына нақты әсер ететін салаларды модернизациялауға қатысты бірқатар ұсыныстарды ортаға салдық. Қазірде көптеген мемлекетте ауаны тазартуға қатысты түрлі шаралар өткізуде. Тіпті қызды-қыздымен кәдімгі ауаны саудаға салғандардың бары да рас. Айталық, ауаны саудаға салу үрдісі жоқтан бар жасаудың шеберіне айналған көршілес Қытай елінен басталып, біздің Қазақстанға да жетті. Мысалы, қытайлық мил­лионер Чень Гуанбяо таза ауа толты­рылған қаңылтыр ыдыстар сатуды осыдан бес жыл бұрын бастап кетті. Миллионердің мәлімдеуінше, консер­віленген таза ауа Қытайдың экологиялық таза жерлерінен жинал­ған. Бір құты таза ауаның құны Қытайда 5 юаньды құрады. Мұны естіп, мына біздер «о заманда бұл заман, ауа саудасы туралы кім естіген» деп таңдай қаққанымызда өзіміздің қазақы ауа саудасын да естідік, көріп-білдік. Бұған қатысты алматылық «ауа саудагерлері» Медеу мен Шымбұлақтан, Көктө­беден алынған таза ауаларды «кон­сервілеп» оның сыртына «Таза ауа» деп жазып, оның бір консервісін 500 теңгеге бағалап, саудаға шығар­ды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегеннің кері осы шы­ғар, бәлкім. Қалай десек те, таза ауаның жанға дауа екені даусыз. Бірақ мұндай арзан әрі сайқы­мазақтау әдістерге барғаннан гөрі, бізге нақ қазір ауа тазалығын өркен­детуде қоғам болып ірі-ірі жоба­ларды қолға алғанымыз жөн екені даусыз. Жалпы, бұл ретте маман­дардың дені «лас ауаны тазартудың кілті – ғылымда. Сондықтан ғалым­да­рымыздың идеяларына, ұсыныс­та­рына мән берген жөн» деседі.


Жадыңызда жүрсін!
Өнеркәсіптік ластану деңгейі де өсіп тұр

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қазір­де елімізде өнеркәсіптік тұрғыда ауаның ластану деңгейі де өсіп тұр. Мысалы, мына айрықша жайттарды тізбелеп көрсек:
* Қара металлургия ісінде 1 тонна шойынды балқыту кезінде 4,5 кг шаң, 2,7 кг күкіртті газ, 0,5-0,1 кг марганец бөлінеді. Онымен қоса, қоршаған ортаға біраз мөлшерде мышьяк, фосфор, сурьма, қорғасын қосылыстары, сынап булары, шайырлы заттар бөлінеді.
* Түсті металлургияда 1 тонна алюминий алу үшін электролиздердің түрі мен қуатына байланысты 33-47 кг фтор жұмсалып, оның 65 пайызы қоршаған ортаға тарайды.
* Көмір өнеркәсібінде терриконниктер – жыныстарда өздігінен жануынан ұзақ уақыт бойы көмір мен пириттің жануы жүреді. Нәтижесінде күкіртті газ, көміртегі оксиді, шайырлы заттардың қосылыстары бөлінеді.
* Құрылыс материалдары өнеркәсібінде – жартылай дайын өнімдерді, шикізаттарды майдалау, температуралық өндеу кезінде зиянды заттар бөлінеді.
* Химия өнеркәсібінде (пластмасса, майлайтын материалдар, тұрмыстық химия заттары және т.б.). IV валентті көміртегі оксиді, IV валентті азот оксиді, күкіртті ангидрид, аммиак, күкіртті сутек, хлорлы, фторлы қосылыстар бөлінеді.
Міне, осы жайттарды ескерсек, «болашақта эконо­микамызды жасылдандыру бағытын ұстан­ға­нымыз жөн» деседі мамандар. Бұған қатысты өнер­кәсіп саласындағы ірі компанияларға экологиялық талапты күшейту қажет дейтіндер де баршылық. Мәселен, экономист-сарапшы Мейрам Қаб­драх­ман­ұлының айтуынша, Қытай елінде бір ғана өрттің туындауына себепші болған мемлекеттік ком­па­ния­лар­ға ірі көлемде айыппұл салынып, үшжылдық мер­зімде түскен түсімінің 40 пайызын мемлекет бюд­жетіне салық ретінде аударып отыруына тура келеді. Осыдан болар, Қытайда қазірде алпауыт компаниялар экологиялық талапты қатаң сақтайды. Ал біздің Экологиялық кодекске ірі компанияларды басқа­ру­шылар аса ден қойып, салмақпен қарай бермейтінін сарап­шыларымыз жасырмайды. Сондықтан Эко­ло­гиялық кодексті қатаңдату қажет» деседі отандық сарапшылар.


керек дерек
Өзге елдердің идеялар өзегі
АҚШ-та Миссури штатының екі өнер­тап­қышы HydroICE (Hydro Internal Clean Engine) аталған ерекше қозғалтқыш ойлап тапты. Оның басты ерекшелігі – ол бензин орнына қайнаған май және сумен жұмыс істейді. Қоз­ғалтқыш ток өндіретін генераторға жалған­ған. Жаңа мотор екітактілі, 31 текше см көлеміндегі кәдімгі қозғалтқыш типінде құрас­тырылды. Жүйе бойынша күн коллек­тор­лары майды 200-370 градусқа дейін ысытып, оны камераға құяды. Одан соң ол жер­ге судың бірнеше тамшылары құйылады. Контакт әсерінен су тамшылары дереу буға айналып, поршеньді қозғалысқа келтіреді. Одан әрі май мен су буы цилиндрден шығып, сепараторға түседі. Кейін оларды қайтадан пайдалануға жібереді. Осылайша цикл қай­таланады. Өнертапқыштар болашақта қон­дырғыны көлікке орнатып көрмек. Маман­дардың пайымдауынша, егер болашақта мұндай қондырғыларды ойлап табу көрсет­кіші артатын болса, көліктердің ауаны ластау көрсеткіші де азаймақ.
***
Ғалымдардың дәлелдегеніндей, жыл сайын жерге 2-5 млн тонна космостық шаң түсіп отырады. Бұған қоса, орта есеппен жанартаулардың атқылауы нәтижесінде жылына атмосфераға 30-150 млн/т газ және 30 - 300 млн/т ұсақ дисперсті күл таста­лып отырады. Кейбір ғалымдардың айтуын­ша, қазіргі кездегідей ауа райының ыстық болуы шамамен 55 млн жылдай бұрын да болған. Солтүстік теңізде, қазіргі Норвегия аумағында геологиялық авария болып, жанартау лавалары үлкен мұнай қабаттарының астына енген. Нәтижесінде атмосфераға 2 млн тоннаға жуық буланған мұнай өнімдері бөлін­ген. «Мұндай атмосфералық ауадағы шаңды күлдер 200 000 жылға дейін сақта­лады» деседі ғалымдар. Міне, осыған байла­нысты қазірде израильдік ғалымдар атмос­фераның табиғи жолмен ластануын азайту үшін ғарыштық бақылау жұмыстарын күшейт­ті. Ғарыштық бақылау орнату арқылы табиғи апаттардың алдын алуды жетілдіру көп жағдайда қиындықтан алып шықпақ.

Жалпы, ауаның ластануына кез келген адам өз үлесiн қосып келедi десек, бұл – даусыз. ХХ ғасырға дейiнгi кезеңде тек орга­никалық қалдықтар ғана болған. Ал бүгiнде жер бетiн мекендеген адам баласының өзi жылына 2,1 трлн тоннаға жуық қалдық «өндi­редi». Оның 40 пайызы бөтелке, пакет, қорап, қалта сияқты тұрмыстық қалдықтардан тұрады. Міне, осындай «қоқыс дағдарысына» бүгінде бірқатар елдер айрықша мән беріп отыр. Мысалы, Италияның тұрғындары бұл мәселенi шешумен айналысқанына қазiрдiң өзiнде 15 жылдай уақыт болған. Бұған қоса, газ қалдықтарын шығару мәселесі де әлемдік маңызды жайттарға айналып отыр. Негізінен, газ қалдығын шығаруда әлемде атмос­фераның ластануына ең көп үлес қосатын екi ел бар: ол – АҚШ пен Қытай. Мәселен, өткен­де АҚШ үкiметi 2020 жылға дейiн газ эмис­сиясы деңгейiн 17 пайызға қысқартуға уәде еттi. Ал Қытай болса, газ эмиссиясы деңгейiн 2020 жылға дейiн 40-45 пайызға қысқартуға сөз бердi. Міне, осылайша бірқатар мем­лекеттер экологиялық ахуалды қиындатпай, керісінше, шешімін табуға тырысып бағуда. Олай болса, бізге де бұл үдеден шығуға әрекет­тенген абзал емес пе?!


Лас ауаны тұтынып, құнарсыз аймақты мекен еткені үшін бұқараға арнайы төлем төленуі қажет пе?

Қажет...

Дәурен АРЫН, әлеуметтанушы:
– Мұндай үрдісті әлемнің біраз елдері қолданып отыр. Өркениеттілікке ұмтылған елдердің денінде бұл үрдіс кеңінен орын алған. Мысалы, Канадада орташа айлық табысы біздің теңгеге шаққанда 180 мыңды құраса, оларға қосымша тапқан табысына үстеме 40 пайыз экологиялық төлем қосылады. Жоғарыда сөз етіп отырған Үндістанда экологиялық төлем жергілікті әкімдіктен бір төленсе, федералды әкімдіктен бір төленеді және жұмыс беріп отырған жұмыс беруші әкімшіліктен бір төленеді. Сонда осы үш органды қосқанда үндістердің қосымша алатын төлемі 100 пайыздан да асып кетеді. Өкінішке қарай, бізде мұның бірі де жоқ. Сондықтан өз басым көтеріліп отырған бұл ұсынысты дұрыс деп есептеймін. Бұл – бізге қажет нәрсе.

Қажет емес...

Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы-маман:
– Меніңше, мұндай төлем түрін енгізгеннен гөрі, елімізге сол лас ауаны таратушы алпауыт компанияларға экологиялық талап-тілекті күшейткен жөн. Бір ғана жалақыға үстеме қосу ар­қылы бұл мәселені шеше алмаймыз. Сондықтан өз басым мұны қажет емес деп санаймын. Егер елдің тұрмыстық-әлеуметтік жағ­дайын жөндеудің тетігін осы арқылы табамыз десек, онда қателесеміз. Қазір біздің елде шөл және шөлейтті аймақтар 67 пайыздан асып-жығылады. Ауасы лас, топырағы құнарсыз мұн­дай аймақта тұрып жатқан ел-жұртқа төлем төлеуден бұрын, ол жерлерде тіршілікті жандандыратын ірі-ірі жобаларды қолға алу керек. Бұл ретте Өңірлік даму министрлігіне біраз міндеттер мен жүк­темелер жүктелді. Ендігі кезекте сол тиісті органдар мәселені шешуді сауатты үйлестіре білуі қажет.


Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, жеке пошта kokshe.79@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста