Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Болашақтың валютасы – Энергия

«Қандай да бір істің мәні оны өзгертуде жатыр. Бірақ ол өзгертулер қара бастың қамы үшін жасалмауы керек»
                                                                   (Француз ойшылы Эмиль Дюркгейм)

Дюркгеймнің «қара бастың қамын күйттейтін өзгертулерді» қажет етпейтін қасиетін біздің реформа жасауға бейім тұратын сала мамандарына берсе дейтіні­міз рас. Қазірде біздің қоғамда қазақтың қажеттілігін өтеуге келгенде ісін сырғақсы­тып жататын салалар аз емес. Сондай саланың бірі энергетика екені даусыз. Сала бойынша жыл сайын тариф бағамының өсімі, тұтынушыға көрсетілер қызметтің көңіл көншітпейтіні – айта-айта жауыр болған тақырып. Бүгін біз осыны арқау ете отырып, саладағы қазақы бренд жайлы сөз етпекпіз.
Сонымен, «қазақ энергетикасы қашан, қалай қазақы бренд жинайды» дегенге тоқталып көрелік. Өткенде нақ осыған қатысты еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бюджеттік ұйымдарда энергоменеджер лауазымын енгізуді ұсынды. Министрлік мамандары­ның мәлімдеуінше, энергоменеджерлер қызметіне жүгіну халықты энергияны  үнемдеуге; оны сауатты пайдалануға және энергетика мәселесіне қатысты мемлекеттік шараларды  үйлестіруге өзіндік оң ықпа­лын тигізбек. Мұндай пікірді Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі басқармасының мамандары да қуаттап отыр. Мамандардың пайымдауын­ша, бюджеттік ұйымдарда энергоменедж­мент лауазымын штаттық кестеге енгізу бұл саладағы ысырапқа, қызметті тұтынудағы қанағатсыздыққа қатысты мәселені шешудің бірінші бағыты болмақ.
Мәселені менеджерлер шеше ала ма?
Сөйтіп, болашақта біздің бұқара энер­го­менеджерлердің қызметін тұтынып қа­луы ғажап емес. Сарапшылар мұндай қызмет түрін 2013-2014 жылдар аралы­ғында қолданысқа енгізу қажеттілігін алға тартуда. Бұл ретте Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі энергия үнем­деу және энергия тиімділігі басқармасының бастығы Әлібек Қалыбай мырзаның ай­туын­ша, тұрғын үй-коммуналдық секторы мен бюджеттік сектор энергия үнемдеуде зор әлеуетке ие болуы тиіс. Әлемдік тә­жіри­бені ескерсек, бұл жүйе өңірлерде энергия үнемдеудегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың шын мәніндегі тетігі болып табылады. Энергоменеджерлер өз кезегінде энергия үнемдеумен және осыған орай арнайы ұсыныстар әзірлеумен айналысуы тиіс. «Сонда ғана жергілікті жерлерде энергия үнемдеуді дамыту проблемасын шешуге болады. Сондықтан бюджеттік ұйымдарда энергоменеджмент лауазымын штаттық кестеге енгізу керек. Мұндай менеджерлер бізді ұсыныстары мен тілектері арқылы энергиялық тапшы­лықтан, дағдарыстан, ысырапшылдықтан  алып шығатын болады», – дейді Әлібек Қалыбай мырза.
Министрлік мамандары менеджерлер жайын осылай сөз етіп жатқан тұста эконо­мист-ғалымдарымыз «мәселені тек энер­го­менеджерлер шеше алмайтынын» ашып айтты. Ғалымдарымыздың бағамдауынша, барлық мәселе – елімізде бәсекеге қабілетті бөлшек нарығының болмауында. Сондай-ақ қазақ энергетика саласының әлі де болса азып-тозған құбырларды жөндеуден әрі аса алмай жатқандығында. Бұл жөнінде мамандар «біз егер бұл салада шетелдік нарыққа шығуға ұмтылғанымызда, ірі-ірі кәсіпкерлеріміз шетелден әлеуеті мықты ГЭС құрылысын салуға мұрындық болып, осындай маңызы бар нысандар сала бас­тағанымызда әлдеқашан бәсекеге қабілетті болар едік» дейді.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
– Бұл мәселеде энергоменеджмент жүйесіне,  менеджерлер қызметіне жү­гіну проблеманы толық шеше алмайды. Енді болашақта біз энергетикалық тап­шылықты болдырмаймыз, бұл салада­ғы ысырапшылдыққа жол бермейміз, салада өзіндік бренд қалыптастырып, бәсекеге қабілетті боламыз десек, ше­тел­дік энергетика нарығына  инвести­ция салып, олардан арзан энергия көзін алуды ойластырған жөн. Немесе шетелдің энергетикалық әлеуеті мықты аймағына инвестиция салып, энергети­калық әлеуеті қарымды елдермен әріп­тестік орнатуға ниеттенген жөн.

Сыртқы нарықтан ішкі өнім артық
Әрине, шет мемлекеттермен энерге­тикалық байланыс орнату – өте орынды ұсы­ныс. Бірақ бұған қатысты қайсыбір маман­да­рымыз ішкі өнім өндіру әлеуетін арттыру анағұрлым табысты болатынын құлаққа­ғыс жасауда.
Жандос АЙТБЕКОВ, сарапшы-маман:
– Қазір елдегі энергетикалық зәрулікті жою үшін АЭС салу бастамасын көтеріп жүрміз. Бірақ бұл екі-үш жылда сақадай сай дайын болатын дүние емес. АЭС – болашақтың еншісіндегі жоба. Біз неше жыл қатарынан электр қуатының бағасын өсіріп, тұтынушы­лардың қалтасына қол сұғып келдік. Бұл әрекетті жылда қайталаудан еш нәрсе өнбейді.  Бұған қатысты айтарым, біздің уранымыз жеткілікті. Қазақстан өзге елді шикі уранмен жарылқап болды. Енді соны неге өзімізде өңдеуге талпынбасқа? Негізінде, уран өндіріп, өнім алуды одан әрі оңтайлы жалғас­тыруға Қазақстанның қауқары жетеді. Сондықтан өзге елге тәуелді болғанша, өзімізде барды ұқсатқанды жөн санай­мын. Отандық табиғи өнімді өндіру – тұтынушыларды арзан және отандық брендтегі  электр қуатымен толық қамта­масыз етудің төте жолы.

Жалпы, энергетика саласы туралы сөз еткенде, мамандардың жобалауынша, бұл салада бағымыз ашылатын кезең 2015-2025 жылдар аралығы болса керек. Оған дейін, әрине, өркениетті елдердің іс-тә­жіри­бесіне жүгініп, әрқилы жаңашылдық­тарға ден қоярымыз да  анық. Негізінде, ма­мандар «бұл салада өзіндік ұпай түген­деп алу үшін бізге мемлекеттік дамыту жо­баларын кешенді түрде жүзеге асыру қа­жет» дейді. 
Сауатты жобалар ойластырылу керек
Сөйтіп, мамандарымыздың байып­тауын­ша, энергетика саласын дамыту үшін тереңінен зерттелген арнайы инновация­лық жобалар ойластырылуы қажет. Ол жобалар инвесторлардың тартымдылығын арттырып, бұл салаға деген инвестициялық салымды күшейтуі керек.  Ал инвесторлар­дан талап етілетіні, әрине, инвестициялық қызметте ашықтық болуы қажет. Жалпы, мамандарымыз  біз келешекте осы саланы түгелдей жаңғыртпасақ, 1940 жылдардан бізге жеткен электр жылу орталықтарын күрделі жөндеуден өткізбесек, ертеңгі күні біз энергетикалық апатқа ұшырауымыз ықтимал екенін де жасырмайды.
Қайыр ЖҰБАНОВ, ҰҒА академигі:
– Есепке жүгінсек, егер біз жыл са­йын ең болмағанда 100 шақырым жылу желісін тартсақ, соның өзінде оның бәрін жаңартып шығуға 10 жылға жуық уақыт кетеді. Ал 600 шақырым жылу желісі ескіріп тұрғанын  ескерсек, мұның барлығын жаңалау үшін әлі біршама жылдың жүзі кетеді. Сонда жыл сайын коммуналдық қызмет ақы­сын өсіре беру арқылы мұндай шараны жүзеге асыра алмасымыз тағы анық. Негізінен, энер­гетика саласына қатысты дерек атаулыны тізбелесек, қазір Қа­зақстанда 72,7 млрд кВт электр қуа­ты өндіріледі.  2014 жылға дейін бұл көр­сеткішті 76 млрд кВт-қа жеткізбесек, екі жылдың ішінде энергетикалық дағда­рыс­қа ұшырауы­мыз мүмкін. Міне, осын­дайда дағдарыс атаулының алдын алып, үнемдеуге үндейтін, тығырықтан алып шығатын нақ осы сауатты жобалар болуы керек.

Түйін
Қазірде халықаралық сарапшылардың біразы «болашақтың валютасы энергия болады» деген пікірді қуаттай түсуде. Осыны ұғынған қайсыбір елдер жер астынан шығатын ыстық будан, желден, күн көзінен  қуат алып қолында бар кішігірім энергиялық ресурстарын байытуды мақсат тұтып отыр.  Мәселен, жер астынан шығатын ыстық будан электр тогын өндіретін стансы бүгінде Италияда, Исландияда, АҚШ-та тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Олардың жетілдірілген түрлері Исландияда және АҚШ-та бес атом стансысына пара –пар электр тогын береді. Сондай-ақ табиғи ыстық су және ыстық бу көздерін пайдаланатын электр стансылары Францияда, Мексикада, Филиппин аралдарында, Данияда, Қытайда көптеп кездеседі. Көрші Ресейдегі Паужет табиғи жылу стансысының Камчаткадағы тұтастай бір қаланы электр тогы, жылумен қамтамасыз етіп тұрғанына жарты ғасырға жуық уақыт болды.  Міне, осындай жайттардан кейін  «біз де нақ осы жерасты ресурстарын өңдеуге, өндіруге байланысты бәсекеге бәс тігуге неге ұмтылмасқа» деген  ой өзінен-өзі туындайды.
Негізінен, халықаралық қоғам өмірін зерттеу орталықтарының болжамына сүйенсек,  алдағы 10-15 жыл аралығында қуаттың жаңа түрлерін игеруге жаппай көшу, өндірісте аса берік, шыдамды, жеңіл, қызмет атқару мерзімі ұзақ заттарды пайдалану үрдісі арта түсуі тиіс.  Мұндағы негізгі мақсат – жер қойнауынан өндірілетін шикізатқа деген тәуелділікті  азайту, қоршаған ортадағы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіру, сөйтіп, бұқараның өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Болжамдар бойынша,  мұндай негізді ғылым жаңалықтарының өмірге енуі, мемлекетаралық саяси қарым-қатынасқа, әлемдік сауда айналымына үлкен әсер етпек.


Керек дерек
Ыстық су көзінен қуат алуға болады

Еліміздің геология-минера­логия ғылы­мын зерттеп жүрген мамандардың зерттеуінше, қазірде Іле Алатауының маңынан, Шымкент қаласынан жер асты­нан ыстық сулардың шығу көрінісі бар. Олардың жоғары қысымы 80-100, 40-45 градусты көрсетіп отыр. Павлодар облы­сын­да жер астында 20-25 градус­тық жоғары қысымда  ыстық сулардың бары белгілі болып отыр. Маңғыстаудың ма­ңын­да ыстық сулар бар. Бірақ әзірге бұл ыстық сулардың қасиеті, құрылы­мы то­лық зерттеліп болған жоқ. Осы жерде бір айта кетерлігі, біздің еліміздегі жерасты сула­рын­да сирек кездесетін металдар, химиялық элементтер көп.
Еркежан Өмірзақова, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты:
– Бір ғана мысал айтайын,  елімізде қазір энергия тапшы­лығы мықтап орын алып тұр. Ал сол энергия тапшы­лығын ыстық су және ыссы бу көзі арқылы жоюға әбден болады. Біз бұл мүмкіндікті құр жіберіп отырмыз. Жаңа­ғы жерден шы­ға­тын ыстық суға халық бекерден-бекер сеніп, емдік қасиетіне бас ұрып барып жат­қан жоқ. Денсаулыққа пай­да­сы болған соң, халық ыстық суға қарай  беттеп жатыр.  Есебін тауып зерттесе, ол су­дан да қаншама сирек кезде­сетін металдар табылатын еді. Өкініштісі, осыны зерттеу жоқ. Көптеген жекелеген мұнай өндіруші компаниялар сапалы мұнай алу үшін де, мұнай құбыр­лары­ның үстінен ыстық су жүргізіп қоятыны да мәлім. Демек, бұл – ойланатын нәрсе. Егер біз болашақта су көзі арқы­лы табысқа кенеле­міз десек, осы саланы зерттей­тін ғалымдарға қолдау көрсе­ті­луі керек.


Жерасты қызуынан қуат өндіру де тиімді

Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Жерасты қызуынан өндірілетін қуатты игеруге  ден қойсақ, бұл үлкен қадамға аяқ басқанымыз болар еді. Біздің елімізде жер қойнауы қызуының 10 мың метр тереңдікке дейінгі мөлшері, жер шарындағы мұнай-газ кен орындары – қорының қосындысынан 50 мың  есе көп. Осы орайда электр тогын өндірудің өндірістегі тізбесіне көз салсақ, көмір­сутекті мұнай, газ, көмірді өндіру, өңдеу, өртеу, уран кенін ыдыратудан шығатын ең соңғы өнім – кернеулі ыстық бу, ол жылу атом стансыларының турбинасын айнал­дырады. Сонымен, электр тогы пайда болады. Сонда ойланып қараңыз, қазақ жерінде 3500 метр тереңдікке дейінгі аралықтағы шартты отын түріндегі есеп бойынша қоры, мұнай мен газдың қосын­ды қорынан 10 есе көп. Ыстық су мен будың табиғи, пайдалануға дайын көз­дері тұрғанда, электр тогын алу үшін қоршаған  ортаны, жер қойнауын бүлді­ріп, көмірсутекті, кен орындарын қазба­лаудың қажеті қанша? Егер арнаулы геологиялық зерттеу жұмыстарын 5000 метр тереңдікке дейін жүргізсек,  ыстық су, бу көздерінің қоры еселей ұлғаяды. Бұларға қоса, өткен ғасырдың 70-жыл­дары құрастырылған жер қызуының мәліметтері жинақталған геотермиялық карта бойынша, Қазақстанның батыс, оңтүстік, орталық аймақтарында 2000-4000 метр тереңдік аралықтарында орналасқан құрғақ, қызуы 300-5000С жететін тау жыныстарының қалыңдығы жүздеген метрге жететін қатпарлы қабаттары бар. Оларды толассыз қызды­рып тұрған аса тереңдікте мәңгілік жүріп жатқан термоядролық реакциядан бөлі­ніп шығатын қызуы 1200-15000С бола­тын жердің жоғарғы қабаттарына жарық­шақтар арқылы көтерілетін ыстық магма. Бұл – елімізде әзірге қозғаусыз жатқан мәңгілік қуат көзі. Егер бұл іс мемлекет тарапынан қолдауға ие болса, оның ал­ғаш­қы үлгілерін, халық тығыз орналасқан  қазірдің өзінде қуат жетіспеушілігі сезіле бастаған, есесіне табиғи ыстық су, бу, құрғақ қызулы тау жыныстарының мол қорлары бар, оңтүстік өңірдегі Арыс-Келес, Қызылқұм-Сырдария, Шу-Іле аңғарларында нақты іске асыруға болады. Оған үлкен қаржының, көп уақыттың қажеті жоқ, жергілікті билік иелерінің ынтасы жеткілікті, – дейді.


Тақырыпқа тұздық:
Еліміздің Даму банкі мәлім еткендей, индустрияландыру картасының аясындағы энергетика саласына қарастырылып отырған салымдар барлық инвестицияның 10 пайызға жуығын ғана  құрайтыны мәлім болды.  Жалпы, болашақта елімізде іске қосылатын өнеркәсіптік өндірістер қосымша энергия қуатын талап ететіні даусыз. Сарапшыларымыздың  дені 2015 жылы елімізде 100,5 млрд кВт/сағат деңгейде электр қуаты тұтынылуы қажеттілік болатынын жиі ескертеді. Бұл үдеден шығу үшін, әрине, қазақ энергетикасы қазақы брендке ие болуы қажет.  Ол үшін  жел және күн қуатымен жұмыс істейтін электр стансылары, уран көздерін пайдалану, шағын ГЭС-тер сияқты даму әлеуеттері үлкен және жаңартылатын энергия көздерін жетілдіруді естен шығаруға болмайды. Ал мұндай үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін, әрине, бізге инвесторлардың салымы ауадай қажет. Олай етпесек, біз болашақта өркениетті елдердің алдында шаңға бөгіп қаларымыз тағы анық.


Қуатты мемлекеттік деңгейде үнемдеу «бухгалтериясы»
Отандық ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, біз қуат көзін кеңінен көсіп жұмсайтын елдердің қатарындамыз. Мысалы, энергияны шақтап, үнемдеп жұмсауда:
Беларусь елінен 1,6 есеге артта қалсақ,
Жапония бізден 12 есе артық үнем­дейді;
Германия электр үнемдеуде 19 есе жетістікке жетіп отыр;
Ескеретіні сол – соңғы жылдары әлемнің көптеген ел­дері энергетикалық ресурстарды пайдала­нуға келгенде үнемшілдікке аса ден қойған. Бұл тұрғыда энергетик-маман­дар электр энергиясын­дағы салалық мә­селелер, жаңару-жаңғыр­ту, IT-технология, энергияның балама көз­де­рін дамыту жө­нінде үлкен проблемалар орын алғанын айтады. Ал біздің елімізде бұл үрдіс қандай деңгейде деген сауалға зерттеу барысында көзіміздің жеткені: бүгінде елімізде ірілі-ұсақты 68 электр­стансылар мен жылу электр орта­лық­тары­ның (ЖЭО) көпшілігі қайта жаң­ғыртуды, инвестицияны қажет етеді. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің есебінше елдегі электроэнергетика сала­сына қажетті инвести­цияның жалпы сомасының мөлшері, 2012 жылдан 2030 жылға дейін 9,5 трлн теңге көлеміне жетеді. Кеңестік кезеңнен қалған электр өндіру орталықтарының кейбіріндегі жаб­дықтардың тозуы 70 пайызға дейін жеткен. Үкімет 2013 жылы еліміздегі ірі кәсіп­орындардың бәріне энергетикалық аудит өткізуді жоспарлап отыр. «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі туралы» Заң­ның негізінде жүргізілетін аудиттің негізгі мақсаты да ел экономикасында қуат көзін тиімді жұмсауға бағытталған. Егер энергия үнемдеу шараларын мемлекеттік тізімге енген барлық кәсіпорындар орындап отырса, онда келешекте жыл са­йын 12 млрд кВт-сағат энергия үнемдеуге болады екен. Бұл – жылына 200 млрд теңге қаржының жұмсалуын тоқтатады деген сөз.


Қуатты тұрмыстық деңгейде үнемдеу «бухгалтериясы»
Сондай-ақ  сіз мына кеңестерді пайдалана отырып, тұрмыстық жағдайларда электр энергиясын біраз үнемдей аласыз.
• Электр энергиясын үнемдеудің ең қарапайым және тиімді тәсілі – өзіңізден кейін әрқашан жарықты сөндіруді ұмыт­паңыз.
• Үйіңізден ұзақ уақытқа шығар алдында (немесе ұйықтар алдында) жарықты ғана сөндіріп қоймай, standby (күту режимі) режиміндегі теледидар, музыкалық орталық, DVD құралы сияқты электр приборларын сөндіруді ұмытпаңыз. Бұл шара сондай-ақ сіздің үйіңіздің өрт қауіпсіздігін арттырады.
• Қарапайым лампалардың орнына энергия үнемдеуші лампаларды қолда­ныңыз. Энергия үнемдеуші лампалар қарапайым лампаларға қарағанда электр қуатын 5-6 есеге аз тұтынып, бірдей жарық береді. Сонымен қатар энергия үнемдеуші лампалардың пайдалану мерзімі қарапа­йым лампалармен салыстырғанда сегіз есеге артық.
• Теледидарды жарық тең түсетін жерге қойыңыз, бұл теледидар көрсететін бейнелерді реттеу режимін біршама төмен деңгейге орнатуға мүмкіндік береді. Бұл компьютердің мониторына да қатысты. Бұл шара электр қуатын 5 пайызға  дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
• Қазіргі таңда шығарылып жатқан компьютерлердің барлығында энергия үнемдеуші режимдер қарастырылған. Бұл режимді дұрыстап баптасаңыз, электр энергиясын 50 пайызға  дейін үнемдеуге болады.
• Ұялы телефон, фотоаппарат, плеер, ноутбук және т.с.с. арналған зарядтаушы құрылғыны розеткаға қосыл­ған күйінде бос қалдырмаңыз. Мұнда зарядтаушы құрылғы электр энергиясын тұтынады, бірақ электр энергиясы заряд­тауға емес, аппараттың қызып тұруына жұмсалады.

Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста